Президент Үкімет басшысына энергетикалық активтерді мемлекетке қайтаруды тапсырды

Президент Үкімет басшысына энергетикалық активтерді мемлекетке  қайтаруды тапсырды

Президент Үкімет басшысына энергетикалық активтерді мемлекетке қайтаруды тапсырды, деп хабарлайы ҚазАқпарат ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы Руслан Желдібайға сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысы Премьер-Министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды. Себебі аталмыш активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансалары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр. Екібастұзда орталық жылу берудің тоқтап қалуынан хабардар болған Президент қала тұрғындарының жағдайына алаңдаушылық білдірді. Тұрғындарға тиісті көмек беріледі. Мемлекет басшысының пікірінше, азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне қиындық тудыруға және олардың құқын аяқасты етуге жол беруге болмайды. Мемлекет басшысы Үкіметке және облыс әкімдігіне таяу күндері Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіру, қаладағы ауыр ахуалға жол берген адамдарды жауапқа тарту жөнінде тапсырма берді», - деп жазды Баспасөз хатшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Осыған дейін Екібастұз ЖЭО-сында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалғанын жазған едік.

Кейінірек жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Екібастұз қаласының оқушылары онлайн оқитыны хабарланды.