Жетісу облысында қоқыстан басы мен денесі бөлек табылған баланың анасы сұмдық жайттарды айтты

Жетісу облысында қоқыстан басы мен денесі бөлек табылған баланың анасы сұмдық жайттарды айтты

Жетісу облысының Сарқан ауданында қоқыстан басы мен денесі бөлек табылған 5 жастағы қыздың анасы мен нағашы ағасы сот алдында жауап берді. Олар бүлдіршінді өлтірмегендерін, бала сырқаттанып қайтыс болғанын мәлімдеді. Ал жасамаған қылмыстарын полицейлердің қысымынан кейін мойындағанын айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Бес жастағы Аружанды "өлтірді" деген күдікпен оның 20 жастағы анасы Ақниет пен туған нағашы ағасы Ақтілек ұсталған. Екеуіне "адам өлтіру" бабы бойынша айып тағылған. Сот-медициналық сараптамада баланың қылқындырған соң өлгені көрсетілген. Бірақ анасы мұны мойындамады. Айтуынша, Аружанды өзінің нағашы ағасынан босанғандықтан, бала аурушаң болған. Әрі сол сырқатынан көз жұмған.

“Нағашы ағам зорлаған, сондықтан 14 жасымда ДЦП бала тудым. Бастапқыда баланың шетінегенін, барлығын айтқанбыз. Бірақ екінші показание түнде бізден адвокатсыз ұрып-соғып алынған. Солай айттық, "иә, баланы өлтірдік" деп қысыммен”, – деді анасы Ақниет.

Ақтілектің сөзінше, “қорыққандықтан”, баланы арулап жер қойнына тапсырмай, мәйітін қоқысқа лақтырған.

Істі болған анасы мен ағасы баланың өлімі жайлы не полицияға, не баланың мүгедектігіне зейнетақы төлеп отырған мекемеге де хабарламаған. Ал марқұм Аружан 3 жасына дейін бөбектер үйінде, кейін анасының туысы болып келетін Бақытгүл Өскенбаеваның қолында болыпты. Оның айтуынша, Аружан ауырмаған, бұл жағдай баланы анасы алып кеткен соң болған. 

“1 жастан 3 жасқа дейін бөбектердің, мүгедектерге арналған үйде тәрбиеленді. Содан кейін төрт жасынан бастап 9 ай мен қарадым. Сол күні алып кеткен келінім мен ұлым келіп. Сол күні кешке жақын Талдықорғаннан бауырын шақырып, апарып өлтіріп тастаған”, – деп мәлімдеді Сарқан ауданының тұрғыны Бақытгүл Өскенбаева. 

Жантүршігерлік қылмыс осыдан бес ай бұрын Сарқанда болған. Бес жастағы қыз баланың денесі бір бөлек, басы бір бөлек қаладағы қоқыстан табылды. Сараптама нәтижесінде мәйіттің қоқыста үш ай жатқаны анықталды. Ал осы қылмысқа қатысты сотталып жатқан анасының қазір үшінші баласына баяғы ауыр. Егер сотталушылардың кінәсі дәлелденсе 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.