Астананың атауын қайтаруға еш негіз көріп тұрған жоқпын - Тоғжанов

Астананың атауын қайтаруға еш негіз көріп тұрған жоқпын - Тоғжанов

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елорда күні мен қаланың бұрынғы атауын қайтару мәселелері жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үкімет кулуарында Премьер-Министр орынбасарына «Астана күні мерекелерін бөлу мәселесі көтерілді ме?» деген сұрақ қойылды.

«Еш мәселе көтеріліп отырған жоқ. Жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласының туған күнін қалай тойладық, солай өтеді. Өздеріңіз білесіздер, бізде көптеген шаралар жоспарланған. Олар іс жүзінде 1 шілдеден бастап жоспарлы түрде өтіп келеді. Мысалы Домбыра күні, Қазақ барысы елорда күніне арналған еді. 1-8 шілде аралығындағы шаралардың бәрі Астана күні аясында өтеді», - деді Е. Тоғжанов тілшілерге берген сұхбатында.

Сонымен бірге Е. Тоғжановқа Тұңғыш Президенттің туған күні туралы да сұрақ қойылды.

«Біз бір адамның туған күнін емес, Астана күнін тойлаймыз», - деп жауап берді Ералы Тоғжанов.

Одан бөлек, «Елорданың ескі атауын қайтару үшін не істеу керек?» деген сұраққа спикер «Әзірге бұған еш негіз көріп тұрған жоқпын» деп жауап берді.

Айта кетейік, биыл Нұр-Сұлтанда астана күніне отшашу болмайды.