Египеттегі курортта акуланың шабуылынан екінші әйел мерт болды

Египеттегі курортта акуланың шабуылынан екінші әйел мерт болды

Египеттің Хургада қаласына жақын орналасқан курортында румыниялық турист акуланың шабуылынан қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі AlArabiya-ға сілтеме жасап.

Румыния сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 3 шілдеде туристік компания өкілі Каирдегі Румыния елшілігіне Хургадада демалып жүрген әйелдің өлімі туралы хабарлаған.

«Египеттің құзырлы билігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, тергеу Румыния азаматының акула шабуылынан қаза тапқанын анықтады», - делінген министрлік хабарламасында.

Қазір қаза тапқан туристің жеке-басы анықталып, отбасына хабар беріліп жатыр.

Дәл осындай жағдай румыниялық туристің мәйіті табылғанға дейін бірнеше сағат бұрын болған еді. 68 жастағы австриялық Элизабет Сквайр акула шабуылынан кейін көз жұмды. Екі оқиға да Сахль-Хашиш бұғазында, бір-бірінен 600 метр қашықтықта болды. Куәгерлердің айтуынша, австриялық турист жағалауға жақын жерде жүзіп жүрген.

Осы оқиғадан кейін Египет билігі Қызыл теңіздегі жағалау учаскесін жауып тастады. Судағы спорт түрлеріне тыйым салынды. Балық аулайтын қайықтарға да Хургада жағалауында жүзуге рұқсат етілмейді.

Министрлік қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, құзырлы комитеттің қазіргі таңда курорт маңында акуланың жүру себебін тергеп жатқанын мәлім етті.

Жалпы, соңғы жылдары Қызыл теңізде акуланың адамдарға шабуылдауы сирек болған. 2020 жылы акула шабуылынан украиндық бала қолынан, египеттік гид аяғынан айырылған. Ал, 2018 жылы жыртқыш Қызыл теңіз жағажайында чех турисін мерт қылды. Осындай оқиға салдарынан 2015 жылы неміс турисі қаза тапқан болатын.