Ираннан Нұр-Сұлтанға 53 қандас келді

Ираннан Нұр-Сұлтанға 53 қандас келді

Иран Ислам Республикасынан 53 қандасымыз Нұр-Сұлтан қаласына жетті, деп хабарлайды zakon.kz.

Атажұртқа оралған қандастарымызды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы мен "Отандастар қоры" КЕАҚ өкілдері күтіп алды.

Қандастарымыз үшін күтіп алу іс-шарасы ұйымдастырылып, Нұр-Сұлтан қаласының көрікті жерлеріне экскурсия өткізіліп, арнайы ас берілді.

Енді Ираннан келген қандастар мемлекет ұсынатын өңірлік квота аясында Солтүстік Қазақстан облысына қоныстанады.

Еске сала кетейік, бұған дейін 14 қыркүйекте Қазақстанға қоныс аударушылардың алғашқы легі келген еді. Барлық 13 адамды (3 отбасы) «Отандастар қоры» КЕАҚ өкілдері күтіп алып, Солтүстік Қазақстан облысына шығарып салды.

Аталмыш көш ҚР Сыртқы істер министрлігі, Еліміздің Ирандағы Елшілігі және Горган қаласындағы Бас консулдығы мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар Қоры» КЕАҚ ұйымдастыруымен, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің қолдауымен жүзеге асырылуда.