Лондонда Шыңжаңдағы қысым бойынша тыңдау басталды
2021 ж. 13 қыркүйек
1602
0
10 қыркүйекте Лондонда Қытайдың Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге түркі тілді халықтардың қуғындалу мәселесіне арналған екінші тыңдау басталды. Алғашқысы маусым айында өткен.
Халықаралық баспасөзда "Ұйғыр трибуналы" деп аталып кеткен сот тыңдауында Қытайдың түркі тілді мұсылмандарды қудалауына қатысты дәлел-айғақтар сарапталып, Геноцид туралы конвенция аясында Пекиннің әрекетіне баға беріледі, - деп хабарлайды centralasian.org.
Британдық адвокат Джеффри Найс төрағалық еткен комиссия үш күн аралығында Шыңжаңдағы саяси лагерьлерде болған куәгерлер, мәселені зерттеп жүрген ғалымдар мен түрлі мамандарды тыңдайды.
Бұған дейін онда Қытайда лагерьде болған бірнеше қазақтың да жауап беретіні жайлы ақпарат тараған. Қытай лагерінде болған Орынбек Көксебек 10 қыркүйекте Азаттық тілшісіне тыңдауға келесі аптада қатысатынын айтты.
Британдық ақпарат құралдарының жазуынша, тыңдаудың заңнамалық күші жоқ, бірақ оны ұйымдастырушылар бұл процесс Қытайдың түркі тілді мұсылмандарға қатысты қуғындау саясатын айқындай түседі деп үміттенеді.
Комиссия төрағасы Джеффри Найс британдық Sky News агенттігіне берген сұхбатында "Біз жәй ғана фактілерді сараптаймыз, заң тұрғысынан қарап, ненің дәлелденгенін айқындаймыз" деген. Оның айтуынша, тыңдауға бірнеше рет қытай шенеуніктері шақырылған, бірақ жауап болмаған.
Қытай үкіметі бұған дейін тыңдауды қатаң сынаған. Sky news сайтының хабарлауынша, екінші тыңдау алдында Пекиндегі баспасөз жиынында Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Чжэн Цзегуан процесті Қытайды қаралауды көздейтін "саяси манипуляция" деп атаған.
Халықаралық ұйымдар мен зерттеушілер Қытай билігі Шыңжаңдағы мұсылмандарды лагерьге я түрмеге қамап; күштеп жер аударып; еркінен тыс жұмысқа жегіп; балаларынан айырып; әйелдерге аборт жасатып; лагерьде зорлық-зомбылық көрсетті дейді.
АҚШ, Канада, Ұлыбритания Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін геноцид деп атаған.
Ресми Пекин бұл айыптаулардың бәрін жоққа шығарып, Шыңжаңдағы әрекетін "ішкі саясатымыз" дейді. Қытай Шыңжаңдағы саясатын "экстремизммен күрес" деп атайды, ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" дейді.
Пекин мемлекеттік басылымдары арқылы Шыңжаңдағы жұрт "бақытты өмір сүріп жатқанын", "діни еркіндік берілгенін" жиі көрсетіп, насихаттауға тырысады.