Сапарбаев құлаған елтаңбаны неге көтермегенін айтты
2021 ж. 23 шілде
2428
1
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев халыққа есеп беру кездесуі кезінде мінбердегі елтаңбаның құлауына қатысты мән-жайды айтты, - деп хабарлайды "Қазақ үні".
- Елтаңбаға байланысты, үстіме бәрін қойып қойды (петличка-еск.). Есебім ғой, мен арғы жерде есеп беріп тұрмын. Біреу сұрақ қойды. Бір уақытта бір нәрсе салдыр-гүлдір ете қалды. Сосын мен жігіттерге "Мынаны алсаңдаршы" дедім. Мен оны елтаңба екенін білген жоқпын, алдымда (мінбердің алдында-еск.) тұр ғой, мен бергі жағында тұрмын. Мен оған бару үшін мынаның бәрін шешуім керек. Сөйтіп баруым керек. Оны көтерді, қарасам елтаңба. Оған мән берген жоқпын, ары қарай жалғасып кетті", - деді Сапарбаев журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында.
Еске салайық, Жамбыл облысы басшысы 19 ақпанда онлайн форматта халық алдында есеп беру кездесуін өткізген болатын. Тікелей эфирде аймақ тұрғындары әкімге сұрақтарын қойды. Бір сағаттан аса уақыт өткен соң облыс тұрғыны тағы бір сұрақ қойды. Алайда Сапарбаев жауап беруді бастаған сәтте әкім мінберіндегі елтаңба құлап қалды.