Павлодар облысында прокуратура ғимаратында полицей өзіне оқ атты
2021 ж. 25 мамыр
1696
0
Павлодар облысында полиция қызметкері аудандық прокуратура дәлізінде өзіне оқ атты. Жәбірленуші ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды. Қазір полицейлер әріптесінің бұл әрекетіне не себеп болғанын анықтап жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Полиция мәліметі бойынша, 24 мамырда мессенджерлерде Железин ауданының аға тергеушісі табельдік қарудан өзін-өзі атып өлтіргені туралы хабарлама пайда болған.
Павлодар облысының Полиция департаменті полицейдің қаза болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
"Железинка ауылында 23 мамырда сағат 18.10-да аудан прокуратура ғимаратының дәлізінде Железин ауданының аға тергеушісі табельдік қарудан оң иығына оқ атты. Полиция қызметкері ауруханаға жатқызылып, ота жасалды", - деді аймақтық полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.
Оның айтуынша, қызметкердің денсаулығына қауіп төндіп тұрған жоқ, өмірлік маңызды органдары мен сүйегі зақымданбаған.
"Бұл дерек бойынша Павлодар облысы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасы ҚР ҚК-ның 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр", - деді Өтеуов.
Тергеу жүргізіліп жатқан "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабының санкциялары 3 жылдан 5 жылға дейін шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.