Университет мұғалімдерінің жалақысы өте төмен - Аймағамбетов
2021 ж. 15 наурыз
2307
0
Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында министр Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды baq.kz.
Жоғары және жоғары оқудан кейінгі білімде кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі жыл сайын өсіп келеді. Бұған дейін мемлекеттік гранттың құны 340-440 мың теңге болған. Алдыңғы жылы Мемлекет басшының қолдауымен мемлекеттік гранттың көлемін 1 млн теңгеге дейін ұлғайттық. Бұл өз кезегінде университеттерге материалдық-техникалық базасын жақсартуға, оқытушылардың жалақысын көтеруге мүмкіндік берді, - деп түсіндірді министр.
Ведомство басшысы баяндағандай, 2019 жылы қыркүйекте министрлікке қарасты университеттер педагогтердің жалақысын 20%-ға көтерсе, 2020 жылы қыркүйекте тағы 20%-ға өсірді.
Бұл жұмысты әлі жалғастыру қажет. Өйткені бүгінгі күні ЖОО-лардың педагогтерінің жалақысы өте төмен. Мектептермен, колледждермен салыстырған күннің өзінде бұл бәсекеге қабілетті емес. Сол себепті бұл жұмысты жалғастыру барлық ректордың алдында тұрған негізгі міндет, - деп айтты БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов.
Еске сала кетейік, биыл 1 қаңтардан бастап мектеп мұғалімдерінің жалақысы 25%-ға артты. Онымен қоса, атқарған жұмыстарына қарай қосымша үстемақылар көлемі де көтерілді.