Өскемен тұрғыны 13 атыраулықтың ақшасын алдап алған

Өскемен қаласы тұрғынының интернеттің көмегімен 13 атыраулық азаматтың қаражатын жымқырғаны анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Anti-fraud” жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Шығыс Қазақстан облысының 26 жастағы тұрғыны ұсталды.

Ол Атырау қаласының тұрғындарына “Яндекс такси” қосымшасы арқылы азық-түлік жеткіземін деген уәде беріп, алаяқтық жолмен олардың ақшаларын иемденген. Қазіргі уақытта күдіктінің интернет-алаяқтықтың 13 эпизодына қатысы бар екендігі дәлелденді.

ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.