Ресейде тағы митинг өтті: 2 мыңнан астам адам ұсталды

31 қаңтар күні Ресейдің түкпір-түкпірінде Кремль сыншысы Алексей Навальныйдың босатылуын талап еткен наразылық акциясы өтті. Митинг өтеді деген жерлерді полиция қаптап, ел бойынша 2 мыңнан астам адамды ұстап әкетті, деп хабарлайды centralasian.org.

Полиция тарапынан сүйреп әкету, ұрып-соғу фактілері осы жолы да тіркелді. Навальныйды қолдайтын бүкілхалықтық қарсылық акциясы осымен екінші рет өтіп отыр. Бірінші наразылық 23 қаңтарда болған.

Наразылық акциялары әдеттегідей Қиыр Шығыс пен Сібірден басталды. Ауа температурасы 0 градустан төмен бұл өңірдегі қарсылық акцияларында полиция жасағының саны көбірек болып, наразыларды ұстап әкетіп жатты. Полиция Владивостокта кемі 120 адамды, Красноярскіде кемі 190 адамды ұстап әкеткен. Басқа қалаларда да осындай жағдай болған. Полиция алып кеткен адамдар қатарында бірқатар журналист бар.

"ОВД-Инфо" басылымының хабарлауынша, ел бойынша 2834 (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 19:17-дегі ақпарат, бұл сайын тұрақты түрде жаңарып жатыр) адам ұсталған. Басылым сондай-ақ бірнеше қалада полиция белсенділерге наразылық басталмай тұрып келгенін хабарлады.

Владивостокта жүздеген шеруші қала орталығына кіре алмай, Амур шығанағындағы су бетіндегі мұздың үстінде "Путин ұры", "Ресей түрмеде" деп ұрандатып, шеңбермен айналып жүрді. Бұл акция екі сағатқа созылды.

"Настоящее время" телеарнасының тікелей эфирі Пермь қаласында полицей санының әдеттегіден әлдеқайда көп болғанын көрсетті. Иркутскіде полиция жасағы митингіні күшпен таратып, 24 адамды ұстап әкетті.

Навальныйды босатуды талап еткендер қатарына Еуроодақ пен АҚШ та бар. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 27 қаңтар күні АҚШ-тың Навальныйдың жағдайына "алаңдап отырғанын", оның әскери умен улануы мен қамауға алынуына жауап ретінде шара қарастырып отырғанын айтты.

Еуроодақ Навальный босатылмаса қосымша санкция салуға бекініп отыр.