Сыртқы істер министрлігінің пара алған басты күдіктілері түрмеден құтылып кетті

[caption id="attachment_151683" align="aligncenter" width="569"] Анарбек Қарашев, Ерік Өтембаев[/caption]

Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты xатшысына қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Анарбек Қарашев (бұған дейін сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы қызметін атқарған) елшілік ғимаратының құрылысы үшін және қосылған құн салығына бөлінген ақшалай қаражатты жымқырғаны үшін айыпталды. Сондай-ақ, ол кәсіпкерлерден пара алғандығы, ақшалай қаражатты заңдастырғаны үшін айыпталды. Прокурор сот талқылауы барысында Қарашевтің пара алу мен қаражатты заңдастырудағы айыптан бас тартып, айыптың жаңа тұжырымдамасын ұсынды. Прокурордың мұндай шешімі сот үшін міндетті болып табылады. Сот Қарашевтің іс-әрекетін лауазымдық өкілеттілікті теріс пайдалану деп саралады», - делінген сот хабарламасында.

Бұған қоса, Ерік Өтембаев (Өзбекстандағы бұрынғы елші) Қарашевқа қылмыстық құқық бұзушылыққа көмектескені үшін айыпталып отыр. Сакенова (СІМ басқармасы шаруашылығының бұрынғы директоры) кәсіпкерлерден пара алғандығы үшін айыпталуда. Нұрекенов, Жумасановаға (Басқарманың бұрынғы қызметкерлері) мынадай айып тағылды: біріншісі - өкілеттілікті теріс пайдалануға және пара алуға көмектескен, екіншісі – пара алуға жәрдемдескен. ЖШС-нің басшысы Кутдусовқа пара берген деген айып тағылды.

"Барлық сотталушыларға айыптау үкімі жарияланды. Сот Қарашев, Өтембаев және Нұрекеновтің алғашқы рет жауаптылыққа тартылып отырғандығын, кәмелетке толмаған балаларының бар болуын есепке алды. Сакенова, Жумасанова және Кутдусов жасаған іс-әрекеттеріне өкінді, айыбын мойындап келген, жан-жақты мойындау түсініктерін берген, Сакенованың баласы бар. Қарашев – 55 жаста, Утембаев – 54 жаста. Қарашев және Өтембаевқа 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасы (бап санкциясы 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыруды қарастырады) тағайындалды. Нурекеновке - 5 жыл, Сакенова, Жумасановаға 2 жыл бостандығынан айыру жазасы, ал Кутдусовқа айыппұл түріндегі жаза тағайындалды», - деп қосты Нұр-Сұлтандағы Байқоңыр ауданының №2 сотының өкілдері.

Айта кетейік, барлық сотталушылар мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне енбеген.