ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ҚАЗАҚ ТІЛІН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕГЕ ШЫҒАРАДЫ
2013 ж. 01 ақпан
91792
101
Шәкір ЫБЫРАЕВ, ҚР Білім және ғылым министрлігі Түркі академиясының президенті:
ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕГЕ
ШЫҒУЫНА ЖОЛ АШАДЫ
Латынға көшу арқылы қазақ тілінің табиғи,
таза қалпын сақтай аламыз
– Елбасымыз 2025 жылдан бастап, латын әліпбиін қолданысқа енгізу керектігін айтты. Ал, сіз елімізге белгілі зерттеуші ғалым ретінде «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне дейін көшкенімізді мақұлдап отырсыз. Бұл тым асығыс шешім емес пе?
– Бүгінгі таңда қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді басқалары бұл істе асығыстық жасамайық деп сақтандырады. Мұндай пікірлердің орын алуы өте заңды. Соның арқасында көпшілік осы бір күрделі мәселеге орай өзінің көзқарасын қалыптастырады. Алайда анық болатын бір мәселе бар. Ол – қазақ тілі бүгін бе, ертең бе міндетті түрде латын әліпбиіне көшеді. Оны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Жолдауында анық айтты. Яғни бір сұрақтың басы айқындалды. Президенттің «Қазақстан-2050» стратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы Тәуелсіздік күні қарсаңында 14 желтоқсанда болды. Оны бәріміз тыңдадық. Жолдауда Қазақ елінің болашақ даму стратегиясы айқындалды, соның ішінде қазақ тілінің латын әліпбиіне көшетіні туралы қорытынды пікір айтылды. Мен ғалым ретінде, ел азаматы ретінде қоғамдағы кез келген мәселеге байланысты өз пікірімді білдіре аламын. Латын әліпбиіне қазақ тілі «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне дейін көшкеніміз дұрыс болар еді деген пікірді мен Президент Жолдауынан жарты ай бұрын 28 қарашада Астана қаласында өткен «Халықаралық кеңістіктегі қазақ графикасы» деген ғылыми-практикалық конференцияда білдірдім. Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінің 100 жылдығына орай өткен ол конференцияны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті ұйымдастырды. Айтайын дегенім – Елбасының Жолдауынан кейін журналистер қауымының ертеректе өткен шараларда айтылған пікірлерді қазбалай бермегені жөн шығар. Президент өз жолдауында Қазақ елінің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, ғылыми-ағартушылық дамуын, халықаралық кеңістіктегі орнын жан-жақты бағамдап, ішкі және сыртқы жағдайды толық ескеріп, әліпбиді қашан, қандай жолдармен ауыстыру керек, осыларға байланысты дұрыс шешім шығарды. Мен Президенттің сөзіне толық келісемін. Себебі қазір ойланып қарасақ, әліпбиді ауыстыруға ұзақ мерзім, көп қаражат, интеллектуалдық күш қажет. Көрші өзбек ағайындарымыз әліпбиін латынға баяғыда ауыстырып қойған. - Әліпбиді латынмен алмастырғанда ұтатын және ұтылатын тұстарымыз қайсы? – Алдымен бүгінгі компьютер заманында интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз керек. Бәріміздің электрондық поштамыз бар. Ол поштамыз кирил, араб, немесе басқа емес, латынмен жазылған. Астымыздағы көлігіміздің нөміріндегі әріптер латынмен берілген. Куәлігіміз бен паспортымызда латын әліпбиі тұр. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Яғни латын әліпбиі бізге таңсық емес. Ол біздің қоғамға еніп кеткен. Оны еліміздегі кез келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал латынның бізге берері дегенде толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз төмендегідей: Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Ол да табиғи іс екендігін айтқым келеді. – Латын әліпбиін қолданысқа енгізуде қандай кедергілер бар? – Айтарлықтай үлкен кедергілер жоқ. Негізінен, осы мәселеге байланысты халықтың көзқарасы, ниеті бір болса, қиындықтарды жеңіл шешуге болады. Жастар жағы, орта буын өкілдері компьютерді толық меңгергендіктен латынды дереу үйреніп алады деп санаймын. Ал аға буынға сәл күрделі болуы мүмкін. Осы жағдайда психологиялық фактор дегенді де ескеруіміз керек. Үкіметтің қаражаты белгіленіп, нақты бағдарламасы бекітілген соң, Қазақстан халқы латынды көп қиындықсыз меңгеріп кететіндігіне сенім білдіремін. – Кейбір өзбек ғалымдары: «Қазақтар өз тілдерін әлі үйреніп болған жоқ. Латын әліпбиіне көшсе тілдерін өшіреді», – деген пікір айтыпты. Осы мәселеге байланысты сіздің ойыңыз қандай? – Латынға көшу секілді маңызы жоғары мемлекеттік мәселеде ғалымдардың, әсіресе осы істе тәжірибесі бар түркі ағайындарының пікірлеріне құлақ артқанымыз орынды. Ол біздің мәдениетімізді көрсетеді. Иә, рас Қазақстандағы қазақтың барлығы қазақ тілінде сөйлейді, жазады, іс-қағаздарын жүргізеді деп айта алмаймыз. Ол біздің шындығымыз, керек десеңіз – тағдырымыз. Оның себебін қазатын болсақ, тереңге кетіп қаламыз. Қазақтың барлығы қазақ тілінде сөйлемеген жағдайда латынға асығыс көшудің қиындықтары болатыны белгілі. Сондықтан Президентіміз «Қазақстан-2050» стратегиясында Қазақстандағы қазақтар ғана емес, тұтас халықтың 95 пайызы 2025 жылы мемлекеттік тілді игереді деп болжады. Яғни осы мерзімде тұтас халық тілді жаппай игеріп алған кезде, біз де латынға жеңіл көше аламыз. Бұл жағын ескергенде Елбасының үлкен көрегендігін тағы да мойындауымыз керек. Өзбекстан елінде таяу арада сапарда болдым. Ол жақта мемлекет латынды оқыту үшін мектептерге, оқу орындарына қаржы бөлген де, қоғамның өзге азаматтарына көп көңіл аудармаған. Сондықтан оларда қоғам әлі уақытқа дейін екі әліпбиді қолданатын көрінеді. Жастар жағы латынға көшіп алса, орта буыннан жоғары ел азаматтары баяғыдай кирил әліпбиін пайдаланады екен. Біз қазір осы секілді өзекті мәселелерді өз елімізде ескеруіміз керек.Қазақтың екіге бөлінуі мен ұлт ретінде
жойылу қаупі -
латынға көшуде емес, басқада...
– «Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқын екіге бөледі» деп алаңдаған ұлт қайраткері Мұхтар Шаханов осы бір әліпби алмастыру қазақты екіге бөліп, ұлт ретінде жойылуына әкеліп соғады деп дабыл қағуда. Сіз латын әліпбиіне көшуге бастамашылдық танытып келе жатқан жан ретінде бұл тұрғыда қазақ ұлтына төніп тұрған қандай қауіпті көріп тұрсыз... – Бұл сұрақтың жауабын жоғарыда айттым. Мұхтар ағамыздың ұлт тағдырына жанашыр ретінде алаңдаушылық пікірін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен қазаққа ұлт ретінде жойылып кетудің қаупін латынға көшуден емес, басқадан іздегеніміз орынды деп санаймын. Тағы қайталағым келеді. Қазақтың барлығы қазақ тілінде сөйлеп, монотілді ұлтқа айналған кезде қазақ тілін латынға көшіру жолдары жеңілдейді. Біз оны көрші әзірбайжан бауырларымыздан айқын байқай аламыз. Олардың жағдайы, өздерінің ана тілін жақсы білу мәселесі қазаққа қарағанда тәуір болғандығы кешегі кеңес кезінен белгілі еді. Өкінішке орай, біздің тарихымыз бен тағдырымыз өзгеше қалыптасты. – Ашылғанына аз уақыт болғанына қарамастан, түркілік тұтастық, түркілік ортақтық арқылы рухани бірлігімізді дамытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан өзіңіздің басшылығыңыздағы Түркі академиясының атқарған ауқымды істері мен алдағы жоспарлары туралы айта отырсаңыз... – Түркі академиясын құру туралы идеяны Қазақстан Президенті 2009 жылдың қазан айында айтты. Әзірбайжан елінің Нахчыван қаласында өткен Түркі тілдес мемлекет басшыларының тоғызыншы саммитінде сөйлеген сөзінде Қазақ елінің басшысы түркілердің ортақ тарихын зерттейтін халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтың қажеттігін білдірді. 2010 жылдың 25 мамырында Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Түркі академиясының ресми тұсауы кесілді. Түркі академиясы ғылыми ізденістерінде түркілердің тарихындағы ортақ құндылықтарды көрсетіп, сол арқылы олардың адамзаттың дамуына қосқан үлкен үлесін айқындайды. Және ең маңыздысы – ғылыми жұмыстар түркілердің бүгінгі мүддесі тұрғысынан жасалады. Осы уақытқа дейін істелген нақты жұмыстардың ішінде мыналарды атауға болады. 2010-2012 жылғы ғылыми зерттеу жұмыстарымыз 33 том болып жарық көрді. Кітаптар «Қазіргі түркология», «Түркі сөздіктері», «Түркі оқулықтары» серияларымен шықты. Олардың авторлары – түркі дүниесінің, сондай-ақ әлемнің көрнекті түркітанушылары. Еңбектер бірнеше тілде сапалы безендіріліп жарияланды. Оның сыртында Түркі академиясы жылына бір рет «Түркі дүниесі» халықаралық альманах пен «Түркі антологиясын» дайындайды. Олардың алғашқы сандарының тұсауы былтыр Алматыда өткен Түркі кеңесінің ІІ Саммитіне кесілді. Көлемі 724 бет болған «Түркі дүниесі» альманахы қазақ, әзірбайжан, түрік, қырғыз, орыс, ағылшын тілдерінде басылып шықты. «Асыл мұра» деп аталған антологияда түркі ғұламаларының көнеден бүгінге дейінгі асыл ойлары жинақталды. Және бір ерекшелігі – қазіргі түркі тілінде берілген мәтіннің латынша транскрипциясы қоса ұсынылды. Альманах пен Антологияны шығару идеясын да Қазақ елінің Президенті айтақандығын ескергіміз келеді. Түркі академиясының тоқсанына бір рет шығаратын халықаралық «Алтаистика және түркология» атты ғылыми басылымы бар. Журнал Парижде халықаралық тіркеуден өтті. Онда қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде қазіргі алтаистика және түркология ғылымының тыныс-тіршілігінен мағлұмат беретін мақалалар жарияланып тұрады. Академия түркология ғылымы аясында бірнеше халықаралық дөңгелек үстелдер, семинарлар, конференциялар ұйымдастырды. Мамандарымыз Түркі академиясының таныстырылымдарын алыс және жақын шетелдерде жүргізді. Арнайы ғылыми экспедицияларды ұйымдастырып, түркология ғылымының өзекті мәселелерін жан-жақты зерттеуге мүмкіндік туғызып отырмыз. Түркі академиясының ресми сайты жұмыс істейді. Мұның сыртында дүниежүзі бойынша түрколог ғалымдардың библиографиясын, түркологиялық орталықтардың тізімін әзірлеп жатырмыз. Олармен келісім-шарттар жасасып, бірлесіп жұмыстар жүргізілуде. Осының барлығы, біріншіден, түркология ғылымының жандануына, қайта тыныстануына тамаша жағдай туғызса, екіншіден, әлемдік кеңістікте Қазақстан Республикасының мәртебесін биіктетеді. Өйткені ғылым тілі арқылы диалог жүргізу – ең мәдениетті, ең бейбіт жол болып есептеледі. Әлмисақтан бері ғалымның сөзіне патша да, қарапайым бұқара да тоқтаған. Сол себепті түркілердің тарихын зерттеу – түркілердің болашағы үшін зәру дүние екендігін ұғынып алуымыз керек.
ҚАЗАҚТЫҢ ТАМЫРЫ – ЕР ТҮРІК
– Жаһандану үрдісінде қазақ ұлт ретінде жойылып кетпеу үшін қандай қадамдар жасалуы тиіс? – Қазаққа ұлт ретінде жойылып кетпеу үшін алдымен өзінің тамырын жақсы түсіну керек. Ал қазақтың тамыры – ер түрік. Одан кейін ұлт білімді болу керек. Білімді мыңды жығады деген атамыз қазақта дана сөз бар. Білім мен ғылым заманында оқыған ұлттың тасы өрге домалайды. – Ғылыми іс-сапарлармен түрлі елдерде боласыз. Жалпы түркітілдес ағайынның түркілік рухани бірлік идеясына деген ниеті қандай? – Түркілік рухани бірлік идеясын түркітектес халықтардың бәрі қолдайды. Рухани бірлік халықтарды бір ұлтқа айналдырмайды, мемлекеттерді бір ел қылмайды. Туысқан ағайындардың бір-біріне жақын тартуы – табиғи іс. Біз де түркілік рухани бірігу деген кезде осыны ескеруіміз керек. Бізді біріктіретін кешегі ортақ тарихи тұлғаларымыз, салт-дәстүрлеріміз, мейрамдарымыз, ойындарымыз, музыкалық аспаптарымыз, тағамдарымыз, қала берді дүниетанымымыз бен өзгеде жоқ тәлім-тәрбиеміз бар. Осының бәрі тұрған кезде біз неге бір-бірімізден алшақтауымыз керек? Рухани тұтасудан неге қорқуымыз керек? Меніңше, бәз-біреулердің рухани бірлесуден өзге мақсат көріп, қауіптеніп жатқандары – бос әуре, теріс көзқарас. – Түркология ғылымын кешенді түрде дамыту үшін кезек күттірмейтін қандай шараларды қолға алғанымыз дұрыс? Түркология – бір күнде, тіпті бір ғасырда қалыптасқан ғылым емес. Оның бай тарихы бар. Түркологияның қайнар бастауы – Еуропа, дамып қанат жайған отаны – Ресей. Кезінде Шығыстану ғылымының бір саласы ретінде түркілер табиғатын, болмысын зерттеген бұл ғылымның тұтқасын да Ресей ұстап келді. Ғылымның дамуына Еуропа ғалымдары, орыс түркітанушылары зор үлес қосты. Дегенмен түркілердің тарихы Ресейдің, Еуропаның көзқары бойынша, солардың мүддесі тұрғысынан зерттелді. Сондықтан түркология ғылымының аясы лингвистика ғылымының шеңберінен шығарылмады. Тілдік аспектіде ғана зерттеулер жүргізіліп, түркілердің ортақ тарихы, мәдениеті, әдебиеті, фольклоры, этнографиясы, сәулет, музыка т.б. өнер салалары бойынша жан-жақты кешенді зерттеулерге жол берілмеді. Мұның бәрін ескеретін заман енді келіп отыр. Біз қазір жаңағы көрсеткен қадау-қадау мәселелерді қолға алып, солар бойынша іргелі зерттеулер жүргізуіміз керек. Зерттеу нәтижелері оқулықтарға, оқу құралдарына айналып, мектепке, жоғарғы оқу орындарына жетуі тиіс. Мүмкіндігімізше түркі халықтарына ортақ ғылыми терминдерді бір жүйеге келтіруіміз қажет. – Ұлтшыл ұрпақ – ұлтымыздың ертеңгі тірегі. Сіз қалай ойлайсыз бүгінде ұлтшыл ұрпақ тәрбиеленіп келе ме? – Қазақ елі тәуелсіздік алғанына жиырма бір жыл толды. Бүгінгі жастар еліміздің өркендегенін, жылдан-жылға дамып келе жатқандығын көріп отыр. Олар азат рухта тәрбиеленіп, өздерінің бай тариыхына мақтана алатындай сезімде бой түзеуде. Сондықтан, менің пікірімше, отаршылдық санада емес, тәуелсіздік рухтағы қазіргі қазақ жастары ұлтын сүйетін патриоттық сезімде қалыптасып келеді. – Әңгімеңізге рахмет!Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚОВА
www.qazaquni.kz