Трамп Шыңжаңға байланысты Қытайға санкция салу туралы заңға қол қойды
2020 ж. 18 маусым
2409
0
АҚШ президенті Дональд Трамп Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және өзге де мұсылмандарды қудалауға атсалысқан Қытайдың жоғары лауазымды шенеуніктеріне санкция салуға мүмкіндік беретін заңға қол қойды. Бұған дейін бұл заңды конгресс мақұлдаған болатын.
Бұл туралы azattyq.org хабарлайды.
Құжат "Ұйғырларға қатысты адам құқығы саласындағы саясат туралы заң" деп аталады. Ақ үй хабарламасында құжат "Шыңжаңдағы жекелеген мұсылман топтардың құқықтарын өрескел бұзуды айыптайды және нақты тұлғаларға санкция салу өкілетін береді" деп жазылған.
Трамп мәлімдемесінде мұндай адам құқығын бұзу фактілері ретінде бірінші кезекте ұйғырларды арнайы лагерьлерге қамау, Қытайдағы ұйғыр және өзге де аз топтардың даралығы мен діни сенімін жою мақсатында оларға идеологиялық үгіт-насихат жүргізу, мәжбүрлеп жұмыс істету сияқты заңбұзушылықтар атап өтілген.
Заңға сәйкес, американың арнайы қызметі мен мемлекеттік департаменті конгреске Қытайдағы ұйғырлардың жағдайы туралы тұрақты түрде хабар беріп отыруы тиіс, ал президент 120 күн ішінде ұйғырларды қудалауға атсалысқан қытай шенеуніктерінің тізімін жасауы керек. Әлемдік Магнитский заңына сәйкес, оларға санкция салынады. Заңда Шыңжаңдағы Қытай коммунистік партиясының жетекшісі Чен Квангуоның аты-жөні де аталады.
Заң жобасы былтыр әзірленген, алайда оның қабылдануы коронавирус індеті кезінде АҚШ пен Қытай арасындағы жағдайдың ушығуымен тұспа-тұс келді.