Бас прокуратура шерулерге қатысты түсініктеме берді

ҚР Бас прокуратурасы шерулерге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бас прокуратура елімізде заңсыз жария акцияларға жол берілмейтіндігі туралы бірнеше рет ескерткен болатын. Алайда, жекелеген адамдар заңды талаптарға бағынбай, полиция қызметкерлерін арандатып, оларға шабуыл жасады. Жүргіншілердің, әйелдер мен балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді», делінген хабарламада.

Бас прокуратураның мәлімдеуінше, осыған байланысты, құқық қорғау органдары қоғамдық тыныштықты сақтауға және азаматтарды қорғауға бағытталған шаралар қабылдаған. Бұл ретте арнайы құралдар қолданылмаған. Құқық бұзушылар полицияға жеткізіліп, сот тәртібінде әкімшілік жауаптылыққа тартылған.

«Заңсыз акцияларға және тыйым салынған ұйымдардың қызметіне қатысу Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабына, Қылмыстық кодексінің 400 және 405-баптарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғатынын түсіндіреміз.  Құқық қорғау органдары бұдан әрі де осындай бұзушылықтарға жол бермейтін және оларды болдырмау үшін заңмен көзделген шараларды қабылдайтын болады», делінген хабарламада.