Жетісайлық өгей ана балаларды қалай қорлағанын дәптерге жазып жүрген
2019 ж. 18 сәуір
4620
1
Өгей шешелерінен қорлық көрген жетісайлық үш апалы-сіңлілердің жағдайына бүкіл қоғам алаңдаулы. Қазіргі уақытта үш жасөспірім ауруханада. Қатты психологиялық қысымға ұшыраған қыздар үрей құшағында. Көрген қорлықтарын ашып айтуға да қорқады, - деп хабарлайды otyrar.kz.
Өгей шешелері қыздарды құл сияқты ұстаған. Оларды жәбірлеуге қысқыш, оқтау, ине қолданған. Ал шәйлеріне ыдыс жуатын гель қосып береді екен. Аяқтарын ыстық суға малған. «Әкелерің келгенде күліп тұрыңдар» деген қатаң тапсырмасы да болыпты.
Айтып өтерлігі, қатыгез өгей шеше балаларды қалай қорлағанын арнайы дәптерге жазып отырған екен.Мұндай азапқа қыздар «әкеміз тағы да ауырып қалмаса екен» деген ниетпен төзіп жүріпті. Әкелері қыздардың анасымен ажырасқанда инсульт алып, қатты ауырған екен. Әкелерінің қиналғанын көрген қыздар тағы да осы жағдайдың қайталанбауы үшін төзіп баққан. Адамға тән емес айуани әрекетке барған өгей шеше қыздарды «түрмеге түссем де, қайтып келген соң естеріңнен кетпейтіндей етіп, кек аламын» деп қорқытады екен.
Өгей ананың не үшін мұндай қорлық көрсеткені жұмбақ күйінде қалып тұр. Қамауға алынған оның 1 жас 7 айлық ұлы бар. Одан бөлек, 7 айлық шарана күтіп отыр екен. Тағы әйелдің бұл үйді мекен еткеніне 3 жыл болыпты. Өзі ана бола тұра өгей қыздарына күн көрсетпеген оның бұл қылығын туыстары да түсіне алмай әлек. Әбден ашынған қыздардың туыстары «өгей шеше қатаң жазасын алсын» деп отыр.