Қазақ қоғамын басқаратын басшылар қазақ тілін білуі керек - Жарқын Өтешова

8-желтоқсан күні, Омбы қаласында Бүкілресейлік қазақтардың Кіші Құрылтайы өтті. Бұл аты Кіші Құрылтай болғанымен арқалаған жүгі үлкен отырыс еді.

Осындай жиынды дер кезінде, жоғары дәрежеде өткізе білген, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков мырзаға, Ресей қазақтары атынан айтар алғысымыз зор!

Бұл отырыста Ресей қазақтары өздерінің кім екенін танып, қай бағытта, қалай жұмыс жасау керек екенін түсінді деп ойлаймын.

Ең бірінші, отырыс қазақ тілінде өтті. Бұл үлкен жетістік. Бірақ, ресейлік қазақ қоғам басшылары өз баяндамаларын орыс тілінде жасады. Қай елде болсын, қай жерде болсын қазақ қоғамын басқаратын басшылар қазақ тілін білгені дұрыс. Біз сол тіл үшін, сол тілді жалғастыру үшін жиналып отырған жоқпыз ба?

Екіншіден, баяндама қай тілде болса да, өткізіліп отырған жиынның мақсатына сай болуы керек. Өкінішке қарай, бұл сәйкестіктің иісі де шыққан жоқ. Тек, Мәскеуден келген «Мұрагер» қоғамының басшысы Нұриев Ерназардың баяндамасы ғана бұл жиынның бағытын көрсете білді. Қалған басшыларымыз Ресей қалалары мен Қазақстан арасындағы темір жол кестесі мен ұшақ кестелерінің өзгеруі жайлы, көпірлер мен жолдардың салынуы жайлы, баяғы өткен жиындарын баяндап, жылда өтетін «Наурыз» мерекесі төңірегінен ғана айтты.

Ана тілімізді сақтап қалу, салт-дәстүрімізбен әдебімізді өркендету жолында қандай шаралар жасалып жатыр, жасауға болады деген нақты әңгіме айтылмады. Әрине, Ресей қалалары мен Қазақстан арасындағы темір жол кестесі мен ұшақ кестелерінің өзгеруі, жақсаруы, көпірлер мен жолдардың салынуы өте игілікті іс. Бірақ, ол сол бағытта жұмыс жасайтын белгілі мамандар мен басшылардың, сол жұмысы үшін айлық алып отырған адамдардың жұмысы. Біз сол жұмыстарға қолдау көрсетіп, қоғам ортасында сол ізгі істерді таратушы ғанамыз. Біз қоғам басшылары айлық алмаймыз, ешкімнен бұйрық алмаймыз. Біз рухымыздың күшімен, ана тіліміз бен қазақ мәдениетін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізушіміз. Сол үшін, Ресей Федерациясындағы Федералдық ұлттық-мәдени автономиясының басында отырған басшы Тоқтарбай Дүсембаев мырза, әр қоғамның мүшелерімен тіл табысып, әр отырыстың мақсатын ашып, Ресейдегі бар қоғамның кемі бір-екі мүшесінің осындай отырысқа қатысып, өз пікірін, ұсынысын айтуға мүмкіндік беруі керек еді. Бірақ олай болмады.

Үшіншіден, шақыру қағазы, Құрылтай болғандықтан (ондағы мәселе қазақ тілі мен мәдениеті жайлы болғандықтан) қазақ тілінде жазылуға тиісті. Дүсембаев мырза сіздің шақыру қағазы орыс тілінде жазылсын деген ұсынысыңыз бойынша шақыру қағазы орыс тілінде келді. Сондықтан мен шақыру қағазын алған жоқпын деп есептеймін. Бұл жайлы отырыс барысында айтылды. Отырысқа дейін де, отырыста да біздің алдымызда жиналыстың күн тәртібі болмады. Жиналыс барысында ойға келген пікірлерді түртіп отыратын не қалам, не қағаз жоқ. «Театр киім ілгіштен басталады» деген сөз бар. Күн тәртібі жазылған қағаздар Дүсембаев мырзаның сөзін сөйлейтіндер алдында ғана жатты. Мұндай жиында үлкен-кіші зат жоқ. Бұл жиында бәрі маңызды. Столға қойылған судың өзі екі түрлі болды. Жоғарыдағыларға шыны ыдыстағы, төмендегілерге пластмасса ыдыстағы су қойылды. Бұл екі қайықтың басын ұстағандықты көрсетеді. Қазақтар: «Екі қайықтың басын ұстаған суға кетеді» деген. Қазақша білмегенге, өз жұмысын білмегенге бәрібір сияқты.

Төртіншіден, ұшақтан түскенде күтіп алушы болмады. Мәскеуден бірге келген Нұриев мырзаның мырзалығы арқасында «Аврора» қонақ үйіне жеттік. Таңғы бесте үйімізден шығып, Омбыға (Омбымен Мәскеу уақыты үш сағат айырма) кешкі бес жарымда жеткен бізді, «тізімде жоқсыздар!», деген сөз, маңдайымыздан бір-ақ соққандай болды. Бұл қай мырзаның, басшылығы арқасында жасалған іс екенін түсіндік. Не керек, шулап жүріп орналастық. Кешірім сұраған жан болған жоқ. Бұл жігіттерде қазақи рухтың жоқтығы болар.

Сонымен тоқ адам ренжімейтін, аш адам қуанбайтын кешкі асымызды ішіп, тамаша әншілер: Сәулежан мен Меруерттің әндерін тыңдап бөлмемізге тарастық.

Тәңертеңгі тамаша асымызды ішіп, жиналысқа кірістік. Зауытбек Тұрысбеков мырза, жиналысты ашып, қоғамдық жұмыстар бағытын жіктеп, шебер шешендікпен ұққанға жетерлік сөздер айта отырып, Қауымдастық шеттегі бауырларға қаржылай көмек көрсете алмайтынын жәнеде заңы басқа елдің ішкі істеріне араласа алмайтынын басып айтты. Барлық баяндамашылар өз кезегінде сөйлеп шықты. Өкінішке қарай, жоғарыда айтқандай, жиналыс қазақ тілінде болса да, баяндамашылар орыс тілінде сөйледі. Баяндамашылар сөзінен кейін, пікір айту басталды. Челябинскіден келген Қанат Сейтіков қазақша сөз сөйлеп, ФНК-ның басшысы Дүсембаев оны шақырмағанын, сондада келгенін, ана тілімізбен мәдениетімізді көтеруде ФНК мүшесі болмасаң ешқандай көмек көрсетілмейтінін ашып айтты. Бұндай пікірлер бірнеше рет қайталанды.

Жалпы, бәріміз Ресейде тұратын, Ресей азаматтығы бар қазақ болсақ та сол ФНК-ға мүше емеспіз, кірмейміз. Үй ішінен үй тіккен осындай ағайынбыз.

ФНК-ның құрамында бар болғаны төрт автономия ғана, автономия деген сөздің өзі бүгінде ресейліктердің жүйкесіне тиетін сөз. Біз сонда да жабысып айырылмаймыз.

Сөз кезегі келгендегі мен: Бірншіден, Ресей жерінде өтіп жатқан Құрылтайға, Ресей аймақтарындағы 40-қа жуық қоғамдық орындардан бір өкілден шақырылу керек және ол автономия ма, фонд па, қоғамдық ұйым ба оған қарамау керек екенін айттым. Екіншіден, ана тілімізбен ұлттық мәдениетіміздің болашағы туралы өтіп жатқан Құрылтайға шақыру қағазы қазақ тілінде жазылуы керек екенін талап еттім. Әрі бүгінгі күнге дейін тілімізді үйретуде, қандай істер жасалды, алдағы уақытта жасалатыны туралы неге айтылмағанын сұрадым. Қазақстанда жыл сайын, Елбасы Назарбаевтың жарлығы бойынша 2004 жылдан бері, Дарын орталығының ұйымдастыруымен, «Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім» атты Халықаралық қазақ тілі мен әдебиеті бойынша өтетін олимпиадаға соңғы жылдары неге шақырылмаймыз, неліктен сырт қалғанымызды білгім келді. Үшіншіден, неліктен Ресей қазақтарының басы бірге қосылмайды, оны бірге қосуды, бүгін осында білек сыбанып келіп отырған жігіттердің қайсысы қолға алады екен, деп сұрақ қойдым. Сұрақты үш қайтара қайталадым. Бәрі үнсіз. Олай болса, бүгінгі күнде осы жиынға өз қаражатымен келіп отырған Орынбор қаласындағы, «Байтерек» қорының төрайымы Сәуле Совхозовнаға осы жұмысты тапсыру керек екенін ұсындым. Себебі, бүгінгі күнде Ресейдегі қазіргі заманға сай жұмыстарды өз дәрежесінде жүргізіп, әрі жұртқа алақан жаймай қаржыландырып отырған осы ұйым. Олар тек Ресей, Қазақстан көлемінде ғана емес, Еуропа мен Азия аренасына шығып, шаралар өткізуде. Бұл қордың Құрылтайшысы, «Бизнес партнер» Холдинговый компанияның Бас директоры Жаңабай Айтқалиұлы Балабаев мырза. Олай болса неден қорқамыз? ФНК басшысы Дүсембаев мырза, сеніп тапсырылған жұмысты өз дәрежесінде өткізе алмаса, астындағы тағына жабысып қалған жоқ шығар? Ресейдегі 40-қа тарта қоғамды қырық пышақ ету оңай, біріктіру қиын, соны ойланайық, ағайын. Жүз адамның басы қосылған бүгінгі жиында: не шақыру қағазы жоқ, не дұрыс тізімі жоқ, не жазар қалам-қағаз жоқ, не күн тәртібі, не баянды жұмысы жоқ, не қазақша тілі жоқ адам қайдан адасып жүр? Жүз адамдық отырысты ұйымдастыра алмаған адамға, бір жарым миллион ресейлік қазақтар тағдырын қалайша сеніп тапсырамыз?

Төртіншіден, мен басқарып отырған Мәскеудегі «Астана» қорының жасаған жұмысын бірде-бір қоғам жасаған жоқ десем, мақтанғаным емес. Елбасы жарлығымен, 2004 жылдан бері, Дарын орталығының ұйымдастыруымен, «Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім» атты Халықаралық қазақ тілі мен әдебиеті бойынша өтетін олимпиадаға он жыл қатар өз қаражатыммен, тегін оқытып қазақ балаларын қатыстырдым. Түркістан, Шымкент, Тараз, Ақтөбе, Ақтау қалаларындағы тарихи орындарға демеушілер тауып, Мәскеудегі қазақ балалары мен қарияларын бірнеше рет апардық. Қазақ поэзиясынын, қазақ прозасын Мәскеу жұртшылығына таныстыру мақсатында, «Татарлар орталығында», «Мәскеу Ұлттар үйінде» кештер өткіздік, Т.Айбергеновтің 80 жылдығын, Байтұрсыновтың «Орынбор жолы» кітабының тұсаукесерін өткіздік. Осы жұмыстарда ФНК-дан қолдау таппадық. Орынбордағы «Байтерек» қорының төрайымы Сәуле Совхозованың қолдауымен Мәскеуде, Орынборда қазақ поэзиясы кештерін өткіздік. Осындай аймақ аралық жұмыстарға ұйтқы болар басшыға, барлық Ресей аймақтары зәру екенін білемін. Неге қаражаты бар, жұмысты ұйымдастыра білетін қоғам төңірегіне шоғырланбаймыз?

Сонымен қатар, қанша жыл, қанша Құрылтай өтеді баяғы сол бір апайлар мен ағайлар барады делегат болып. ФНК басшысына жақпайтындар, жергілікті аймақтар ұсынғанмен, әуелі Қазақстанның бір облысы ұсынғанмен тізімнен сызылып тасталынады. Оған мысал: Өткен Құрылтайда, мені Мәскеу аймағы мен Бүкіл Маңғыстау облысы, онда да сол облыстағы қариялар мен жастар қоғамдары ұсынса да, Дүсембаевтың тікелей өзіне ұнамайтындығымнан тізімнен сызылып тасталдым. Сол сияқты басқа аймақтар ұсыныстары аяқ асты болғанын білеміз. Әуелі осы жолы да, бір сызылып, бір жазылып аман қалдым. Алдағы уақытта, Құрылтайға әр аймақтан делегаттар сол жергілікті ұйымның ұсынысымен сайлануды талап етеміз!

Құрылтайға Ресей қазақтары есебінен Қазақстан азаматтарының барғаны белгілі. Сонда қалай, Дүсембаев мырза, қай жерден жең, қай жерден жаға шығатынын білетін шебер ме?

Делегат болумен қатар, Қазақстандық марапаттар да, Ресей азаматтары есебінен қазақстандықтарға берілген.

Бүгінгі Құрылтайда, Мәскеудегі қазақ қоғамдары есебінен марапатталған, «Тіл жанашыры» иегерлері қайда? Неге олар осы жиынға келіп, Мәскеудегі қазақтар қоғамы ортасында қандай жұмыстар жүргізгенін, жүргізетінін айтпайды? Мәскеудегі Елшілік қасындағы жалғыз «Қазақ тілі» бөлмесі бар еді, ол қайда, неге жабылды, сол туралы неге сұрақ көтермейміз? Ресей басшылық орындарына баратын бір жол бар, ол жолды білетін әрі құқығы бар, Дүсембаев мырза. Ол неге бізге, Мәскеу қазақтарына осы кабинетімізді қайтарып бермейді? Ана тіліміз бен мәдениетімізге деген сатқындықтың шегі бола ма?

Осы жоғарыда айтылған сындардан, Ресей қазақтары қорытынды шығарады деп ойлаймын.

Мен қатысқан Құрылтай осы. Осы жайларды айтады деп, мені Құрылтайға қатыстырмай келген. Осы жолы тіл жанашырларының қолдауымен қатыстым. Келесі Құрылтайға дейін, аман-сау болыңыздар!

Жарқын Өтешова,

Мәскеудегі «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдау «Астана» қорының президенті