Төреғали Төрәлінің ұшақтағы дауына қатысты министр жауап берді

ҚР Даму және инвестициялар министрі Жеңіс Қасымбек әнші Төреғали Төрәлінің ұшақтағы дауына қатысты пікір білдірді.

Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.

Айта кетелік, биыл қыркүйек айында Төреғали Төрәлі ұшаққа билетсіз кіріп, салдарынан Алматы-Гонконг әуе рейсі мерзімінен кеш ұшқан. Әнші әйелі мен балаларын шығарып салу үшін ұшаққа кіргенін айтты. Алайда бұл жайт әуежай қауіпсіздігіне қайшы келіп, сол мезетте қызметте болғандар жауапкершілікке тартылған болатын.

Бұл жайтқа байланысты Төреғалидың әкесінен пікір алмақ болғанда журналистер одан: «Министрден сұраңдар, мен қайдан білем, ол кезде қастарында болмағам„ деп жауап алынады. Сондықтан осы сауалды журналистер бүгін министрге қойды.

«Бұған не деп жауап беруге болады. Әрине, қиын. Бірнеше әуежай қызметкері жауапқа тартылды. Маған белгілісі осы. Шекара қызметі мен әуежай қызметкерлері жазаға тартылғанын білемін. Әрине, дұрыс емес. Заң бәріне бірдей. Менің бар айтарым осы», — деп қысқа қайырды министр.

Көліктегі ішкі істер департаменті сотқа дейінгі тергеу ісі басталып кеткенін растады. Оған сәйкес,  заң бұзушыға мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе ол бір жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.