Мақсат Жақау: Жұмыссыз жүргендердің 90 пайызы - жастар
2018 ж. 01 тамыз
3843
0
Биыл Елбасының «Әлеуметтік бес бастамасының» арқасында жас түлектерге арнайы қосымша 20 мың грант бөлінді. Бұл әлбетте өз кезегінде жаңа мамандардың жиырма мыңға төрт жылда толығады деген сөз. Бұл керемет жаңалыққа бөріктерін аспанға лақтырған ата-ана, талапкер қалмаған шығар. Хош, бұл бастаманың нәтижесін таяу күндері 20 мыңдық грант иелерінің тізімі анықталғанда бір қуанармыз. Десе де, әңгіме басқа да...
Жалпы жастардың қатары жұмыссыз жүргендердің ішінде 90 пайызды құрайды. Оның ішінде кеше ғана магистратура, бакалавриатты тәмамдағандарынан диплом алғандары қаншама. Жалпы көбісінен болашақ жұмыс істейтін орындарынан анықтама қағазын сұратып, біздің ЖОО-нан «пәленшесі жұмыспен қамтылды» деген жалған мәліметпен қарулануға әкелетін осы көзжаулық әдет қалмай келеді. Бұл тұтас жастардың жұмыспен қамтылған статистиканы көрсетпейді. Сәйкесінше, осы әрекет арқылы жалпы әлеуметтік һәм мемлекеттік болжау, тәуекелділіктерді анықтау саясатында теріс ықпалын тигізетінін бірі түсінсе, түсінбейді. Сондықтан, бүгінгі таңдағы жұмыссыз жүрген жастардың саны әлі толық нақтыланбаған деген тұжырыммен тоқталайық.
Ендігі мәселе, әлгі қосымша жиырма мыңдық болашақ мамандарды төрт жылдан кейін қайтпекпіз?
Төрт жылда инфрақұрылым, жұмыс беруші мектеп, өндірістік ошақтар, мекемелер дайын бола ма? Бұл мәселе енді тұтас үкіметтік министрліктердің басы ауыратын дүниелері. Осы жерде мәселені тек білім саласына итере салу ақымақтық. Жұмыспен қамту, спорт, мәдениет, ұлттық экономика, қорғаныс, азаматтық қоғамды дамыту министрліктері осы тұрғы да нақты жұмыс топтарын құрып, жастарымызға қандай тиімді жолмен жұмыспен қамти аламыз деген күнделікті күн тәртібінде қарай беретін негізгі мәселе болуы шарт. Өйтпеген жағдайда, мынадай қымбатшылығы асқынған нарықтық заманда, жұмыс орындарының ашылуы емес жабылуы көбейіп келе жатқан шақта, ертеңгі маргиналданған, жұмыссыз, қылмысқа баруға бейім, әлеуметтік теке-тіреске жақын жастардың армиясына душар боламыз. Немесе, бес жылдың көрсеткіші әрең отыз мыңға толған шет ел асқан жастардың биылғы жарты жылдықтың өзінде ғана - отыз мыңнан асып түскен көрсеткіштердің зорына тап болатын жағдай тууы әбден мүмкін.
Сол себепті, нақты жастардың, жас мамандардың, педагогтардың, ғалымдардың - біріңғай жұмыспен қамту орталығы жасақталуы керек. Қай ауданда, қай қалада, қай облыста мынадай мамандақтың орны бар, оған онлайн жүйесінде құжаттарын тапсырып, бірден жемқорлықсыз үкіметтік тізіммен барып жұмысқа орналасып кететіндей жүйесі орнауы тиіс. Бұл ұсыныс.
Екінші мәселе, ЖОО.-ң әрбір өз мекемелерінде жұмыспен қамту департаменттері немесе орталықтары ашылулары тиіс. Ол орталықтар нақты өз мамандықтарына сәйкес жұмыс берушілерге шығып, мәміле немесе мемарандумдарға отырып, жыл сайын жаңа кадрлармен қамтамасыз ететін механизмдерді орнықтыруы қажет. Сол кезде ғана, жалған анықтама сұратпай, ЖОО-р нақты өз студенттеріне жұмыспен қамти алатын жауапкершіліктерді мойындарына алатын болады. Статистикада белгілі бір жүйеге түседі.
Үшіншіден, жақында ғана Францияда бүкіл ел бойынша мектептерінде ұялы телфондарын қолдануға тыйым салды. Бұл мамандар мен ғалымдардың, физиолог-педагоктардың қатысуымен келген шешім осылай бекітілді. Меніңше, бұл керемет бастама. Бізде барлық мектеп тұрмақ, барлық ЖОО.-нда әлеуметтік желіге кіруді шектейтін ортақ жүйесін енгізу керек. Мектептерде ұялы телефондардың қолдануға мүлдем тыйым салу керек деп есептеймін. Ұялы телефондардың ұрпақ тәрбиесі мен білім алу процесіне кері әсер ететінін бәсенеден белгілі жағдай болғандықтан, не үшін тыю керек екендігін дәделдеп жатпайық.
Төртіншіден, Елбасының өзі былтырғы бастамаларынан бастап, педагогикалық мамандықтарды күшейтуге, жалпы балаға білімді беретін мұғалімдердің сапасын арттырып, мәртебесін көтеруге біраз сөзге тиек етіп келеді. Осы мәселеге ұсына кетерім, мұғалімдікке баратын талапкерлердің стипендиясын жиырма пайызға жоғарылатып, оқу ақысын отыз пайызға төмендетіп, жатақханасын елу пайызға арзандату қажет. Және, соңына әрбір ЖОО-н өзінен түлеп ұшатын жас мұғалімді жұмыспен қамтуға септігін тигізіп, Түркиядағы тәжірибесі көрсеткендей, жас ұстаздың еңбекақысын профессордан да жоғары алатындай деңгейге көтермелеу керек деп есептеймін.
Сана-сезімді тән басқарады. Рухани білімді беретін маманның қарны тоймай, көңілі көншімей өз кәсібіне толық берілмей, рухани маманданған ішкі әлеміне селқос қарайды. Дана Абай ондай адамдарды «жарты адам» деген. Ендеше, ондай мұғалімнен қандай шәкірт озып шығады? Мұғілімнің мәртебесін көтерін сәттер туды.
Бұл бағытта мемлекеттік бастамалар жоқ емес. Ендеше осыны тек жүйелі әрекеттерге сала білу ғана қалып тұр. Еліміздің жастарының біліммен, жұмыспен қамтитын, ғылымға бойлайтын, өнідірістер мен кәсіптерін құрай алатын реформалар керек. Бірақ аймақтар болып, министрліктер, ЖОО-р, мектептер болып бірігіп атсалысатын кешенді қарекеттер болмаса, бәрі бос сөз, жалған статистика болып қала береді.
Жастар үшін, ел үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын кез жетті.
Мақсат Жақау, аймақтану магистрі
Қазақ үні