"Рухани жаңғыру" алматылық ардагерлерді де серпілтуде.

Біздің ата-бабаларымыз жүріп өткен қиын-қыстау кезеңдер туралы жазылған тарихи, әдеби және шындыққа негізделген шығармалар баршылық. Оны жазып та, айтып та тауысу мүмкін емес. Ғасырлардан ғасырларға жалғасқан ата-баба ерлігі, озық ұлттық салт-дәстүрлері, саналы тәлім-тәрбиесі мен одан да басқа соңында қалдырған мол мұрасы келер ұрпақтың баға жетпес басты байлығы болып есептеледі. Бүгінгідей Елбасымыздың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламасы қабылданған кезенде оның маңызы өте зор. Атадан балаға ұласқан сол даңқты жолды бүгінгі ардагерлеріміз де абыроймен жалғастырып, өз ісімен, өз үлгісімен келер ұрпаққа аманат етіп тапсыруды мұрат тұтқан жандар ортамызда жүр. Солардың бірі - Алматы қаласы Алатау ауданы ардагерлер ұйымы. – Елбасымыздың "Рухани жаңғыруы" алматылық ардагерлерді де серпілтуде. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата бабадан келе жатқан бұлжымас салтымыз. Халқымызда “Қариясы бар елдің қазынасы бар”, “Көп жасаған қария, ақылы теңіз дария” – деген киелі сөздер бар. Қазақ халқының дәстүрінде үлкенді сыйлап, ақылын тыңдап алдынан кесе өтпеген. Аға буынның мол тәжірибесі, сарқылмас даналығы және орасан қажыр қайраты мен күш қуаты әрбір жанұяға ғана емес, бүкіл қоғамға пайдалы да маңызды фактор болып табылады. Олар қоғамның дамуына белсене араласып, Қазақстанның іргетасын қалауға әрдайым өздерінің өлшеусіз үлестерін қосты, әлі де қосып келеді, – дейді Алатау ауданы ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы Құдайберген Назарұлы Қабдолдин. Тәжірибесі мол, білікті маман, өзінің белсенділігімен аудандағы, қаладағы барлық қоғамдық шаралардың басы-қасында жүретін, халық алдында беделі қашан да жоғары қарияның осы бір бастап берген әңгімесін біз одан әрмен жалғастыруды жөн көрдік. Ардагердің осы бір айна-қатесіз айтқан аталы сөзіне құлақ түрмеске болмайды. Бүгінгі өскелең ұрпақ үшін дәп осындай аталы сөз ауадай қажет. Дуалы ауыздан шыққан даналыққа толы ғибрат қашан да керек. Ол біздің болашағымыз жастардың бағдаршамындай, адаспайтын сара жолды сілтеп тұрады. Қарияның ақылын құлағына құйып өскен бала ертең өз ұрпағын да тап солай тәрбиелейді. Ғұмырлық жалғастық деген осы емес пе!.. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі жетістіктері, болашаққа бейбіт, еркін және қауіпсіз өмір сыйлаған ардагерлердің ерлігі, еңбегі мен қажырлы жігерінің арқасы екені анық. Бұл тарихи шындықты толықтай мойындағанымыз жөн. Елін сыртқы жаулардан қорғап, ерен еңбегімен ел ырысын еселеген ардагерлеріміз саптан шығып көрген емес. Жылдар жүгі белін қайыстырса да әлі де қайсарлықтың, адалдықтың, еңбексүйгіштіктің үлгісін жастарға көрсетіп келеді. Сол үшін де оларға алғыс айтып, алдарында бас иіп тағзым етуге міндеттіміз. Осыдан 27 жыл бұрын 1990 жылы желтоқсан айының он төртінші жұлдызында БҰҰ Бас Ассамблеясы 1-қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын. Содан бері еліміз бойынша барлық аймақтарда жыл сайын «Қарттар күні» дәстүрлі түрде тұрақты аталып келеді. Қазақстанда ел ардагерле­рінің басын біріктіретін Республикалық ардагерлер ұйымы бар. Бұл ұйымның құрылғанына биыл 30 жыл толды. Бүгінде отыз жылдық тарихы бар ұйым құрамында 1,8 милионнан астам ардагерлер топталған. Қаншама экономикалық қиындықтарға тап болсақ та елімізде қарттарға лайықты құрмет пен қамқорлық көрсетіліп келеді. Оны жоққа шығаруға болмайды. Зейнетақы мен жәрдемақы тағайындалып, бағаның қымбаттау кезеңдерін ескеріп оның мөлшерін әлсін-әлсін көбейтіп отыр. Дегенмен, елімізде әлі де болса әлеуметтік көмекке мұқтаж егде адамдар бар. Жасы ұлғайған шағында әрбір қария өзіне бөлінер көңілге, мейрімділік пен көмекке зәру. Сондықтан да мемлекет тарапынан ғана емес, түрлі қоғамдық ұйымдар, қорлар мен бизнес өкілдері де қолдан келген көмектерін көрсетіп жатыр. Еңбекпен шыңдалып, Отанымыздың гүлденуіне ерекше үлес қосқан ардагерлер бүгін де қол қусырып қарап отырған жоқ. Жер-жерлерде Ардагерлер ұйымын құрып, қоғамдық істерге белсене араласып жүр. Бұрынғыдай тау қопарып, тас жармаса да жастарды тәрбиелеуде, болашақ ұрпаққа бағыт-бағдар беруде олардың тәжірибесі кеңінен пайдаланып келеді. Жастарының ұлғайып, қуатының азайғанына қа­рамастан көптеген әлеу­меттік-тұрмыстық мәселе­лерді шешуге ықпал етуде. Қарттар күні бір күндік мереке, бір күндік сый-сияпат көрсету емес. Алматы қаласы, оның ішінде Алатау ауданында да бұл мерекені бір айға созу туралы шешім қабылданып, түрлі шаралар өткізіліп келеді. Өйткені бір күн салтанатты жиналысқа қатысып, гүл құшақтап қайту бір жылдық мәселені шешпейді. Ол үшін жыл он екі ай жұмыс істеу керек. Ардагерлер ұйымы зейнет жасындағы адамдардың тұрмыстық жағдайын үнемі бақылап, керек кезінде қол ұшын созуға қашан да әзір. Аудандық әкімдік, жергілікті өзін-өзі басқару комитеттерімен бірігіп, тұрмыс деңгейі төмен адамдарға материалдық көмек көрсету мәселелерін ұйымдастырады. Біреулерге жәрдемақы, біреулерге шұғыл емделу қажет. Зейнеткерлерді санаторийларға жолдама беру мәселесі де аудандық дәрігерлер мен тікелей ардагерлер ұйымының ұсынысымен атқарылады. Алатау жаңадан ашылған аудандардың бірі. Оның құрамында облыстан қосылған жиырмаға жуық ауылдар бар. Ауылдың жағдайын қаламен салыстыруға келмейді, инфроқұрылымдары кейін қалған елді мекендер енді жаңару жолына түсті. Соңғы бірнеше жылда осы ықшамаудандарға тұрмыстық жағдайлар қарқынды түрде жасалып жатыр. Қала бюджетінен қомақты қаржы жыл сайын бөлініп, газ, су, жол жүргізіліп, адамдардың тұрмысы бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда түзеліп қалды. Дегенмен кем-кетік жерлер әлі де бар. Қордаланып қалған көп мәселені бір-екі жылды шеше салу мүмкін емес. Жер, су, жол мәселесі бойынша тұрғындардан арыздар түсіп тұрады. Бұл жерде де ардагерлер араласып мәселенің оң шешілуін әкімдіктегілерден сұрап, ықпал ететін де сол қарттарымыз. Алатау аудандық ардагерлер ұйымның бір жылдық жұмысын жіпке тізбей-ақ, осы қарттар айлығында атқарылған шараларды атасақ та жеткілікті. Алдын ала айтайық, биылғы қарттарға арналған айлық нәтижелі өтті. Бір айға жоспар­лан­ған іс-шаралар толықтай атқарылып, аудан ардагерлері барынша қамтылды. Алдымен «Ұлжан», «Дархан», «Әйгерім», «Шаңырақ» сияқты барлық ондаған ықшамаудандарда жергілікті қарттарды құттықтап, дастархан жайып, шағын көнцерттік бағдарламалар қойылды. Аудан зейнеткерлері осы шара аясында бірқатар түрлі спорттық жарыстарға қатысып, мәдениет сарайларында өз өнерлерін ортаға салып, көпшіліктің қошаметіне бөленді. 4-қазан күні осы мерекеге орай жеңіл атлетика бойынша 70 жасқа дейінгі, 70 жастан жоғарылар үшін 200 метрге жүгіруден аудан ардагерлері арасында жарыс өтті. Әйелдер арасында 100 метрге жүгіру өткізілді. Орнында тұрып секіру, доп лақтыру, бильярд, шахмат, дойбы секілді спорттың бірнеше түрі ұйымдастырылды. Бір айтарлығы қариялардың белсенділігі қайран қалдырды. Мұндай жинақылықты жастардан да көре қою қиын. Спорт сайысына барлығы екі жүзге тарта ардагерлер қатысты. Аталған жарыстың бір-екі түрлері бойынша жеңімпаздарды атай кеткен артық болмас. Жүгіруден жеңімпаздар жас ерекшеліктеріне қарай ерлер, әйелдер арасынан екі топтан анықталды. Ерлерлар арасында 200 метрге жүгіруден С.Желдібаев, Т.Нүсіпов, Б.Тұрсынтай, Б.Баймолдаев, А.Жұмабаев, А.Масимовтар алда болды. Әйелдер арасынан Қ.Таңатарова, У.Аукеева, З.Әділбекова, Ж.Наушабекова, А.Карімқұлова, Р.Әбілдаевалар жүлделі орындарды өзара бөлісті. Сол сияқты шахмат пен дойбыдан да жарыстар қызықты өтті. Шахматтан – О. Федотов, А.Ақтаев, К.Баратов, Т.Қараева, Б. Дүйсенбекова, Д.Машанова, дойбыдан – Т.Тоқтасынова, А.Әбілтаева, Д.Досымова, С.Досанов, Б. Көбжанов, М.Жақыповтар тамаша ойын көрсетті. Бұл жарыстарда жеңілген ешкім болмады десек қателеспейміз. Барлығы дипломдармен,ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ең бастысы өздерінің әлі де спорттық бабында екенін көрсетіп, жастарға салауатты өмір сүрудің шынайы үлгісін паш етті. Тағы бір айта кетерлік жетістік, 18-қазан күні Алматы қаласы бойынша аудан аралық спорттық алты түрінен жарыс өтті. Спортакияда қортындысы бойынша бірінші орынды Алатау ауданының ардагерлер ұйымы жеңіп алды. Ауданның спорт сүйер ардрагерлері мақтау грамотасымен, сыйлықтармен марапатталды. 7-Қазан күні ауданда «Ару Алматыға – 1001 түп жасыл желек» атты акция өтті. Бұл сенбілікке белсене қатысқан ардагерлер «Алғабас» ықшамауданында жүздеген түп ағаш отырғызды. 12-қазан күні «Алатау дәстүрлі өнер театрында» аудан зейнеткерлеріне концерт көрсетілді. Ал, 30-қазан күні аудандағы 18 елдімекендегі бастауыш ардагерлер ұйымдарының көркем өнерпаздарының байқауы өтті. Байқау ардагерлердің өнердің қайтүрінен болсын шебер екенін көрсетті. Бірінші орынды «Әйгерім» ықшамауданы жеңіп алды. «Құрылысшы» ықшам ауданы екінші, үшінші орынды «Парасат» бастауыш ұйымы алды Бастауыш ардагерлер ұйымдарының басты міндеті ықшам аудандырдағы өзін-өзі басқару комитеттерімен бірлесе отырып қарт адамдардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларын жақсартуға ықпал ету, оларға көрсетілетін медициналық қызмет деңгейін көтеру, зейнеткерлер мен ардагерлердің демалысын ұйымдастыру болып табылады. Сонымен бірге "Рухани жаңғыру" бағдарламасы міндеттеген жастарды отансүйгіштік – патриоттық рухта тәрбиелеуді де бастауыш ардагерлер ұйымдары өздерінің басты міндеттерінің бірі деп біледі. Несі бар, ардагерлер алға үлкен мақсат қойған. Талай-талай қиындықтарды жеңе білген біздің қарияларымыз үшін алынбайтын қамал жоқ, олар үнемі алғы шепте болып үйреніп қалған. Сол екпіндеріңіз бәсеңдемесін, біздің ардақты ардагерлеріміз! Зейнолла АБАЖАН qazaaquni.kz