ЖОО-ға түсу үшін екінші рет тест тапсыруға өтініш қабылдау басталды

Похожее изображение

Қазақстанда бүгін мектеп түлектері жоғары оқу орнына түсу үшін тапсыратын Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) пен мектепті бұрын бітіргендер тапсыратын кешенді тесттен өте алмағандарға екінші рет тест тапсыруға өтініш қабылдау басталды. Өтініш қабылдау 8 тамызда аяқталады, - деп хабарлайды Аzattyq.org.

Бүгін Астанада үкімет жиынында сөйлеген білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Қазақстанда биыл жоғары оқу орнына түсуге қажетті кешенді тест (КТ) тапсырған 50416 талапкердің 21076-сы (42 пайыз) ғана 50-ден жоғары балл жинағанын айтты. Оның сөзінше, кешенді тестілеуді тапсыруға әуел баста 54649 адам өтініш білдірген.

Министр сонымен қатар ҰБТ-ның қорытындысы туралы да баяндады. Оның сөзінше, биыл ҰБТ-ны өтініш білдірген 92827 түлектің 88595-сі (95,5 пайыз) тапсырып, оның 74517-сі оқуға тапсыруға жететін 50 балды жинаған.

Тест тапсырған түлектердің 15,8 пайызы - 14066 адам 50-ден төмен балл алған.

Биылдан бастап енгізілген жаңа ереже бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеуден 50-ден төмен балл алған талапкерлер тамыздың 19-24 аралығында екінші рет тест тапсырады. Бұдан да өте алмаған талапкерлер жоғары оқу орнында ақылы түрде бір семестр оқып, тағы да тест тапсыра алады.