Қоянбаевтың бағдарламасы «өзі айтып, өзі ғана күлетін», анекдоттағы чукча дәрежесінде - белгілі ақын

Похожее изображение

Қазақтың белгілі ақыны Мейірхан Ақдәулетұлы бұқаралық ақпарат құралдарын сынға алды. Соның ішінде елді күлдіреміз деп, бүлдіретін шоумендердің телеарналарда қаптап кеткеніне назар аударып, олардың сапасыз бағдарламалары қатты төмендеп кеткенін тілге тиек етті. 

Бұл туралы ақын "Әдебиет порталына" берген сұхбатында мәлімдеген.

"Біздің БАҚ деңгейі өте төмендеп кетті. Сын мүлде жоқ. Сын түгілі, төрт аяғын тең басқан, сауатты аналитика жоқ БАҚ-та. Қазақ теледидары өте жеңілтектеніп, «әйда, шаптан» өзгені білмейтін атқосшысының деңгейіне түсті. Сосын, көшірменің. Жұмекен айтады ғой «Кей жұрттардың Құдайы да — көшірме» деп, солай боп тұр. Теледидар Ресейдің нашар жобаларының «а ля қазақ» түріне айналып болды, тіпті, Қоянбаевтың бағдарламасы «өзі айтып, өзі ғана күлетін», анекдоттағы чукча дәрежесіне түсті, ал филмдердің дарынсыздығы, қазақтарының қазақшаға ұқсамайтын тілі мен қылығы айтарға ұяларлық деңгейге жетті. Тек «Балапанға» ғана «шүкір» деп отыра береміз. Осындай жағдайда біз қалай рухани түлемекпіз? БАҚ ең алдымен қазақ тілін бұзып сөйлеп, надан тобырды сол мүгедек тілге үйретіп отырса, қазақы сериалдың өзі өте жасанды, ақымақ қана иланарлық дәрежедегі «оңай» деңгейге көшсе? Мұны түсінуге де болады — теледидар оңай ақша жасауға көшті: жобаны тез игеру керек!.. Мұны көрген қазақы көрермен не күйде отыр? Дәл осы деңгей қазаққа лайық па? Әлде, телебосстардың кәсіби, интеллектуалдық, біліктілік деңгейінің жеткен жері осы ма?.. бәрін «чукчаға жарайды осы...» деңгейіне неге түсірдік? Мына көрермен (қазақ!) сол теледидардағылардан төмен деңгейде ме? Мұны жаңа басшылар да ойламайды-ау деймін" деді М. Ақдәулетұлы.