КОНСТИТУЦИЯДАН 7-баптың 2-тармағын АЛЫП ТАСТАП, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК! Ашық хат
2018 ж. 04 қыркүйек
1024319
1057
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ –ЕЛДЕГІ ЕҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕ!
Бұл – Ашық хатқа қол қойған, артында миллиондаған адам тұрған 130 мыңнан астам халық талабы!
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевқа
Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғау – еліміздегі ең басты мәселеге айналып келеді. Осы мақсатта «Қазақ үні» ұлттық порталында осыған дейін ҚР Конституциясындағы 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастау туралы сансыз мақала жарияланды. Солардың ішінде ең келелі әрі өзектісі осыдан үш жыл бұрын, 2017 жылы 26 ақпанда жарияланған «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНСІН!» атты Қазақстан Президентіне жазылған Ашық хат. Конституциялық реформа кезінде еліміздің әлемге әйгілі тарландары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Асанәлі Әшімов, Қабдеш Жұмәділов, Өмірзақ Айтбаев, Мекемтас Мырзахметов, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Төлен Әбдік, Амангелді Айталы, Смағұл Елубай, Сәбит Досанов, Ғаббас Қабышев, Темірхан Медетбек, Бексұлтан Нұржекеев, Исраил Сапарбай, Ұлықбек Есдәулет және т.б. бастаған 125 ұлт зиялысы қол қойды. Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен бұл Ашық хатқа бүгінде 130 123 адам қол қойып, қолдап, бұрынғы межелерден 1000 еседей көп тарихи рекордтық деңгейге жетіп отыр. Ұлт мүддесі үшін бұрын мұншалықты қалың қол жиналған емес. Бұлар тек интернетке қолы жеткендер ғана. Бұл екі айда ғана 130 мыңға жеткен Ел патриоттары артында смартфон пайдалана алмайтын миллиондаған халық тұрғаны айқын. Бұл қалың қол ішінде тек қазақтар ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдері де (50-ге жуық) жеткілікті. Белгілі журналист, қоғам қайраткері Максим Рожин бастаған көптеген орыс ұлты өкілдері де Мемлекеттік тілді талап еткен Ашық хатты қолдап, қол қойып, нағыз отаншыл патриоттықтарын көрсетті.
Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау күн тәртібіндегі күннен-күнге күшейіп келе жатқан ең өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан да «Қазақ үні» порталында 1 миллионнан астам адам оқып, 1 мыңнан аса пікір жазылып, қолдау білдіруде. Әлеуметтік желілердегі 10 мыңға жуық пікір жазылған, қаптаған қолдаушылардың санын есептеу мүлде мүмкін емес.
Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің 2019 жылғы 6 қыркүйекте өткен бірінші отырысында ақын Қазыбек Иса көтеріп, қоғамда қатты қолдау тапқаны белгілі. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бұл ұсынысты өндіріске алып, толыққанды, бүгінгі заман мен қоғам талабына сай Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы тұжырымдамасын жасап, Үкіметке жіберді. Енді қоғам Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы Үкіметтен шықпай қалмаса, немесе Президент Әкімшілігінен аспай қалмаса деп алаңдап отыр. (Бұндай қауіпке негіз барлығы тіл жайлы мақалаларда айтылуда).
Ел үміті ел тізгінін қолға ала салысымен ұлттық мүдделерімізді қорғауға баса назар аударып, «Ең бастысы – Қазақ тілі», «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп мәлімдеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта!
Ел басшысы Ел тілегін орындап, Ұлт аманатын орындайды деп сенеміз!
Қазыбек ИСА,
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі
26 тамыз 2020 жыл
І. МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевқа
Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қазақстан Президенті болып сайланғанда «Ең бастысы – Қазақ тілі» деп мәлімдеген Сіздің Қазақстан Халқына жасаған алғашқы жолдауыңызда «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп, атап көрсеткеніңіз, отыз жылдай өзінің заңды мемлекеттік тілінің мәртебесін ала алмай келе жатқан ел үмітін оятты. Иә,Тәуелсіздік алғалы бері қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданылу аясы біртіндеп кеңіп келе жатыр. Бірақ қазақ халқының демографиялық өсімі мен қоғам талабына сай емес. Қазір халқымыз 19 миллионға, оның ішінде қазақ ұлты 78%-ға жетіп қалды. Қостанай және Солтүстік Қазақстаннан басқа өңірлердің тұрғындарының басым бөлігі қазақтар (бірнеше аймақта 90% құрайды!). Елдің ұлттық құрамының өзгеруі және тіл саласындағы мемлекеттік саясаттың нәтижесі балабақшаларда, мектептерде балалардың дені мемлекеттік тілде оқуына, білім гранттарының қазақ топтарына көптеп бөлінуіне алып келіп жатыр. Енді, өзіңіз атап өткендей қазақ тілін шынайы ұлтаралық қатынас тіліне айналдыратын келесі нақты шараларды қабылдау қажет.
1.Конституцияның 7-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік тіл – қазақ тілі болса да осы баптың 2-тармағында «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп көрсетілген. Конституция қабылданған 1995 жылы бұл норманы енгізуге мәжбүр болғанымыз белгілі және ол кеңестік дәуірде тұралап қалған қазақ тілінің ұлтаралық келісімді сақтай отырып қалпына келуіне әсер етті. Атап айтсақ, сол кезде елімізде 16,6 млн адам тұрса, оның 46% (7,6 млн) қазақ, тағы 46%орысша сөйлейтін ұлттар – орыс, неміс, украин, беларус, татар және т.б. болған.
Ал енді Атазаңымыз қабылданғалы бері 25 жыл - ширек ғасырда жағдай мүлдем өзгерді. Қазақтардың саны 2020 жылы 78%-ға жуықтаса , славян ұлттарының үлесі 15 %-ға жуық кеміп кетті. Бұған қоса бұлардан өзге елімізде тұратын 6,5 % түркі халықтарының тілі түбі бір түркі тілдеріне жататындықтан, қазақ тіліне жақын, сондықтан түсінісу ешқандай қиындық туғызбайды.
2009 жылғы санақ нәтижелері бойынша орыстардың 25,3 пайызы (959 822 адам), украиндардың 21,5 пайызы (71601 адам), поляктардың 20,9 пайызы (7117 адам), беларусьтердің 19 пайызы (12630 адам), немістердің 24,7 пайызы (14094 адам) қазақ тілін білеміз деп жауап берген, яғни, бүгінде еліміздегі еуропалық ұлттардың 1065264 өкілі қазақ тілін еркін түсінеді деген сөз. Бұл Қазақстан халқының 6,7 пайызын құрайды.
Бұған қоса, еліміздегі өзбектердің 95,5 пайызы (436432 адам), ұйғырлардың 93,7 пайызы (210556 адам), қырғыздардың 92,7 пайызы (21574 адам) қазақ тілін түсінеді екен.
Ал қазақ мектептеріне баратындар соңғы 2018 жылы 92 пайызға жетті!
Сонымен, ресми дерек, анық көрсеткіштер Заңдық негіз құрайды:
Қазақ халқының 2020 жылғы жоспарлы саны -78% ;
Түркі халықтары 6,5%, олардың қазақша түсінетіндерінің саны 63%, бұл Қазақстан халқының -4,0% ;
Еуропалық халықтардың қазақша түсінетіндер саны 1065264 , бұл Қазақстан халқының - 6,7%;
Славян халықтарының саны -15%-ға жуық, (орыс халқының қазақша түсінетіндері -25,3%).
Қорытындысы: қазақ халқы мен қазақша түсінетіндердің жалпы саны -88,7 пайыз болып тұр.
Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды халық саны да артығымен толық қамтамасыз етіп, күнде қажеттілік тудыруда.
Жалпы бұл Конституциядан орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін бұдан 9 жыл бұрын да, 2011 жылы, үш жыл бұрын да, 2017 жылы ұлт зиялылары көтеріп, Президентке ашық хат жазды. Яғни, «ер кезегі үшке дейін» дегендей, бұл үшінші рет Президентке жазылған Ашық хатты бүкіл халық болып қолдап, 130 мыңнан астам қол қойылып, жолдап отыр. Өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді қолдау – ел бірлігін қолдау екенін ұғынып, өздерінің оң пікірлерін білдірді. Ашық хатта Конституциялық Кеңес «орыс тілі ресми тіл» дегенді білдірмейтінін және орыс тілі екінші мемлекеттік тіл бола алмайтынын қосымша қаулысымен дәлелдеп берсе де, осы норма жұртты әбден шатастырып, орыс тілі бейресми мемлекеттік тіл рөлін атқарып келе жатқандығы атап өтілген. Турасын айтқанда, Конституцияның 7-бабының 2-тармағы елімізде соңғы кезде ұлтаралық шиеленістердің орын алуына себеп болып отыр десе де болады. Өйткені «ресми қолданылатын тіл бар кезде, мемлекеттік тілді үйренудің қажеті қанша?»-деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан, біз, ұлт зиялылары:Конституцияның 7-бабының 2-тармағын алып тастауды және Мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды ұсынамыз.
- Халыққа қызмет көрсететін мамандардың мемлекеттік тілді білмеуі тұрғындардың сапалы қызмет алу құқығына нұқсан келтіріп отыр. Елімізге қоныс аударған қандастарымыз және ауылда тұратын қаракөздеріміз қанша жылдан бері жапа шегумен келеді..
Халықпен етене араласып жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлердің, әсіресе жоғары шенділердің мемлекеттік тілге немқұрайлы қарауы халықтың наразылығын тудырып, билікке деген ашу-ызасын, сенімсіздігін арттыруда. Қазір мемлекеттік тілді еркін меңгеру туралы талап тек Президентке үміткерлерге ғана қойылған. Сонда 13 миллионға жуық (78%) мемлекет негізін құраушы қазақ ұлты 100 мыңдайғана (0,5%) мемлекеттік қызметшіге (оның 90% астамы өз ұлтының өкілі!) қызметті не ақпаратты мемлекеттік тілде беруін талап ете алмауы парадокс емес пе? Яғни, бұл жерде 13 миллионға жуық халық тілдік дискриминацияға ұшырап отыр. 0,5 пайыз мемлекеттік қызметші 78 пайыз қазақ ұлтына 30 жылға жуық заңсыз үстемдік жүргізумен келеді.
Биыл құрылғанына 100 жыл толатын Қазақ Республикасы 1920-1925 жылдар аралығында Ресей құрамында болса да, автономиямыздың орталығы Орынборда болса да, барлық елді мекендерде кеңсе тілін қазақ тілінде жүргізуді енгізген. Тіпті орыстар көп шоғырланған солтүстік өңірлерде де кеңсе тілін қазақ тілінде жүргізуге қаулы қабылдаған. Дұрыс жолға қойылып келе жатқан бұл ұлттық һәм мемлекеттік мүддені қорғаудан туындаған қасиеті іс мемлекет басына қанішер Голощекин келіп толастап қалды. Сонда біз, әлемдегі 30 елдің қатарына ұмтылған Тәуелсіз Қазақстан 30 жылда осыдан 100 жыл бұрынғы Ресей құрамындағы, астанасы Орынбор болған Қазақ автономиялы республикасының ашаршылықта, атыс-шабыс, қиын-қыстауда өткізген алғашқы 5 жылында жеткен жетістігіне жете алмау нағыз масқара қорлық емес пе? Тәуелсізбіз деп қалай айта аламыз? Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінің дамуы Ресейдің құрамындағы Татарстан Автономиясындағы татар тілінің дамуымен бірдей деңгейде деген нақты дәлелдемені оқығанда бойында намыстан өліп кете жаздап едік...
Бұдан бір ғасыр бұрын Қазақ автономиясында дамып келе жатқан қазақ тіліне өзі қазақша білмейтін жауыз Голощекин қарсы болған екен. Ал Тәуелсіз Қазақ Республикасында Мемлекеттік тілдің дамуына 30 жыл бойы кім қарсы болып келеді?!. Әрине, қазақша білмейтін қазақтар басқарған билік!
Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білмейтін бұл масқаралықтың шешімін таппай жатқан бірнеше себептері бар. Бірінші, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ҮМІТКЕРЛЕРГЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУ ТАЛАБЫ ЖОҚ!Екінші, «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңның 23-бабында: «мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi ҚР заңдарымен белгіленедi» – деп көрсетілген. Ал 30 жылда бірде бір тізім қабылданған жоқ және қабылданбайды да. Үшінші, мемлекеттік органдарда барлық құжаттар орысша дайындалып, кейіннен қазақшаға аударылады. Мемлекеттік тіліміз мемлекеттік органдарда ешкімге қажеті жоқ бейшара халде. Бұған қоса екі тілде құжат жүргізудің қанша тауқыметі бар: екі есе көп уақыт пен қағаз жұмсау, аудармашылар штатын, арнайы лингвистикалық орталық құру. Ал оның барлығы қосымша қаржы және халықтан жиналған салықтың босқа құмға сіңген судай болуы.
Яғни, 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Қазақстан Республикасының заңы Қазақстандағы тіл саясатын реттеушілік маңызға ие бола алмаған формальды құжат қана.
Себебі, Заңда белгіленген қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі жөніндегі қағида шын мәнінде қоғамда орындалмады. Мемлекеттік тілдің еліміздегі қандай тілден болса да ерекшелігі, басымдығы іс жүзінде орындалмаған, орыс тілінің алдындағы дәрменсіздігі күнде дау тудырып жатқан мұндай заң қоғамда қауқарсыздық танытып келеді. Әсіресе, оның 4, 23 баптарының мүлдем орындалмауы бұл құжатқа деген қоғамның сенімсіздігін әбден қалыптастырып, өзекті мәселеге айналып келе жатқанына талай жыл болды. Яғни, Қазақстандағы тіл кеңістігін реттейтін заңның әлсіздігі мен пәрменсіздігі еліміздегі тіл саясатын да дәрменсіз етті.
Мемлекеттік тілді меңгеруге негіз қалану үшін еліміздегі балабақшалар мемлекеттік тілде болуы тиіс! Мектеп бітіргенде, жоғары оқу орнына түсу ҰБТ-да Қазақ тілінен емтихан тапсыру міндетті болуы тиіс. Жоғары оқу орындары мемлекеттік тілде болуы керек. Сондықтан Конституцияның аталмыш нормасын өзгертумен қатар келесі шараларды да қабылдауды талап етеміз:
1) «ҚР мемлекеттік қызметі туралы», «ҚР Білім туралы заңға», «ҚР Ғылым туралы заңға», «Құқық қорғау қызметі туралы», «ҚР сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» және басқа да заңдарға мемлекеттік және құқық қорғау органдарына, сотқа үміткерлер мемлекеттік тілді білуі тиіс деген норма енгізілсін;
2) «Құқықтық актілер туралы» Заңда және басқа да тиісті заңнамаларда мемлекеттік органдардағы құжаттар және құқықтық актілер мемлекеттік тілде дайындалған жағдайда оның орыс тіліндегі мәтіні қажет емес деп нақты көрсетілсін. Бұл ұсынысты жүзеге асыру мемлекет қаржысын үнемдейді. Әділет министрлігі жанынан құрылған, барлық аумақта филиалы бар,құжаттардың қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндеріне лингвистикалық сараптама жүргізетін мекеменің жұмысы оңтайланады. Жоғарыдағы ұсыныстар қыруар қаржысыз мемлекеттік тілді тез дамытуға, оған деген қажеттілік пен сұранысты арттырып, мәртебесін көтеруге септігін тигізері сөзсіз. Бұл хат басқа тілдерді төмендетейік деген пиғылда әзірленген жоқ. Әрі Конституциядағы еліміз Қазақстан халқының тілдерін үйрену үшін жағдай туғызады деген нормаларына қарсы емеспіз. Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіздің өзіңіз елімізде жаңаруды бастап жатқанда, демократиялық талап бойынша (азшылық көпшілікке бағынады) мемлекеттік тілге Конституцияда жекедара мәртебе беріп, бекітіп алу қазіргі қоғамдағы күн тәртібіндегі ең басты мәселе болып тұр. Мемлекет басшысы Ұлт аманатын орындауды өзіне парыз деп санағанда, ел де өзін елміз деп санайды! Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен Ашық хатқа қол қою мүмкіндігі болмаған миллиондаған халықтың үнін білдіріп, заңды қол қойған 130 123 адамның атынан жолдап отырмыз!
Ашық хатқа қол қойған 130 123 адамның тізімі «Қазақ үні» сайтында тұр. Қол қою жалғасуда.
ІІ. МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУДЫҢ НАҚТЫ СЕБЕПТЕРІ
Суға түспей жүзуді үйрену мүмкін емес
Кешегі кеңестік кезеңнен бері отыз жылға жуық теперіш көріп келе жатқан Мемлекеттік тіл мәртебесін ойынға айналдыра бермей, Атазаңда ақиқат, анық, өзінің заң жүзіндегі орнына ие болуы керек. Себебі, орнағанына 30 жылдай болған Тәуелсіздігімізде Конституцияға демократиялық даму аясында мемлекеттік тіл мәртебесін нақтылау мақсатында өзгеріс енгізу – біздің ұрпақтың бабалар аманаты алдындағы қасиетті парызы. Біз, Қазақстанның зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік тілдің мәртебесін анықтайтын Конституцияның 7-бабынан 2-тармағын алып тастауды ұсынамыз. Себебі Тілдер туралы алғашқы заң қабылдаған 1989 жылы Қазақстан Кеңес Одағы құрамынан әлі шықпаған кезі, «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» еді. Заңның аты да «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Тіл туралы» Заңы делінген... Әрі осы заңдағы «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі болып табылады» деген бапты қабылдау кезінде халықтың пайыздық салмағы қатарлас еді. Яғни қазақтар 1989 жылы 39,7 пайыз, орыстар 37,8 пайыз болатын. Сондықтан ол кезде бұл заңдылық болып қабылданды. Кейін 1995 жылы Конституция қабылдарда Қазақстан Республикасы осы «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Тіл туралы» Заңына сүйеніп, осы кеңестік кезең талаптары шеңберінен шыға алмай, «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады»– деген 7-баптың 2-тармағын қабылдап, орыс тілін тіпті, шектен тыс күшейтіп жіберді деуге болады… Кейін де, 1997 жылғы «ҚР Тіл туралы заңымыз» да осы ескі сүрлеумен, Кеңес империясы кезіндегі талаппен кетті.. Ал қазір Тәуелсіздігімізге 30 жыл толу қарсаңында, Қазақстан халқының саны 19 миллионға, қазақтардың саны кемінде 78 пайыз болып жатқанда, бұл бұрынғы орыс тілі туралы талап демографиялық және демократиялық заңдылықтармен өз күшін жойып отыр...Мемлекеттік тіл туралы заң Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отырған кезеңде қабылданып жатса, бұл Азаттығымыздың да айқындығы деп білеміз. Конституцияның 7-бабында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп бадырайып жазылып тұрса да, екінші тармағындағы «орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деген сөз – «ресми тіл» дегенді білдірмейтінін және орыс тілі екінші мемлекеттік тіл бола алмайтынын Конституциялық Кеңес дәлелдеп берсе де, сол бір 7-баптың екінші тармағы жұртты әлі шатастырып, орыс тілі заңсыз мемлекеттік тіл рөлін атқарып келе жатыр. Сондықтан Конституцияның 7-бабының екінші тармағын алып тастау керек. «15 жылдан бері мемлекеттік тілді аю да үйреніп алатын уақыт болды» – деп, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің ащы шындықты жайып салғанынан кейін де тағы он бес жыл өтті?!. Дәл қазір Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев демократиялық жаңару кезеңін бастағанда, зиялы қауымның үнсіз қалуы – болашақтың алдында кешірілмейтін қылмыс деуге болады. Медициналық тілмен айтқанда, ауруды емдеу үшін диагнозды дәл қоюымыз керек. Біз жүрегі ауыратын адамға тұмаудың диагнозын қойып, солай емдеп келеміз. Физикалық тілмен айтқанда, біз газды басқанмен, тежегішті жібермей келеміз. Сол тежегіш – Конституцияның 7- бабынан орыс тілі туралы 2-ші тармағын алып тастауды ұсынамыз. СУҒА ТҮСПЕЙ ЖҮЗУДІ ҮЙРЕНУ ЕШҚАШАН МҮМКІН ЕМЕС БОЛСА – АТА ЗАҢНАН 7 БАПТЫҢ 2-ТАРМАҒЫН АЛЫП ТАСТАМАЙ, ТІЛДІ ҮЙРЕНУ ДЕ ДӘЛ СОЛАЙ МҮМКІН ЕМЕС!
Мемлекеттік тілге қажеттілік тудыру қажеттігін өзге ұлт өкілдері де түсінуде
2011 жылы Конституциядан 7 баптың 2-ші тармағын алып тастауды көтерген 138-дің хатын – заңды талапты орыстілді өзге ұлттар да қолдады. Сын сағаттарда парасатты кәріс қызы Клара Хан, Украин Мәдениет орталығының төрағасы Валентин Лымаренко және Николай Щербинин, Алла Платонова секілді орыс ұлтының озық ойлы өкілдері мемлекеттік тілді қолдап шықты. «Қазақ тіліне қарсылық – қазақ халқына қарсылық» деді Клара Хан ханым. «Қазақстанда қазақ тілі үстем болуы тиіс! Кез-келген мемлекет мемлекеттік тілсіз өмір сүре алмайды. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің өмірі, мемлекеттің бейнесі. Бізде ол –Қазақ тілі. Бұл – Қазақстан Республикасы! Сондықтан мемлекеттік тілді бәрі білуі керек!» деп мәлімдеді Валентин Лымаренко. «20 жыл тіл үйренуге аз уақыт емес, орыстар ренжімеуі керек! Мемлекеттік тілді білмегендер, елді қалай басқарады?» деді орыс Николай Щербинин. Ал орыс қызы Алла Платонова 2011 жылы Көкшетауда өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайында: «Қай мемлекетте тұрып өмір сүрсең, сол мемлекеттің тілін білуге, құрметтеуге міндеттісің! Қазақша сөйлемеу, үйренуге құлшынбау мемлекеттік тілді, яғни мемлекетті сыйламау. Қазақтың нанын жеп, ауасын жұтып, бірақ тілін менсінбеушілер елдеріне кетсін!» деді. Бұны орыстың ойлы қызы Алла Платонова айтты… Ал өскемендік белгілі ақын, «Золотое перо России» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Ресей Жазушылар одағының мүшесі Борис Петрович Аникин : «Я член союза писателей России. Автор нескольких поэтических сборников. Я упорно изучаю казахский язык. Считаю, что каждый человек, который проживает в Казахстане, должен знать государственный язык, чтить культуру и обычаи этой великой нации. Сам Лев Толстой и Достоевский, приклонялись перед тюрками. Анна Ахматова потомок последнего хана Золотой Орды Ахмата. Казахи великий и воинственный народ. Призываю всех изучать казахский язык!!!»-деп жазады. https://qazaquni.kz/?p=27285 Яғни, өзге ұлт өкілдері де Мемлекеттік тілді қолдау – ел бірлігін қолдау екенін сезініп, ынтымақтастық көрсетіп отыр. Мемлекеттік тілге қажеттілік тудыру қажеттігін өзге ұлт өкілдері де түсінуде. Сондықтан, бұл жерде ұлтаралық қатынасқа сызат түседі деп босқа сезіктену негізсіз деп білеміз. Конституциядан 7-баптың 2-ші тармағын алу – тек қазақ халқы үшін ғана жасалып отырған әрекет деуге болмайды. Бұл арқылы мемлекеттік тілді үйренген өзге ұлт өкілдеріне болашақта жарқын жол ашылады. «Тіл бірлігі – ел бірлігі» деп айтып жүрген Елбасының ұлағатты сөзі сонда ғана нақты іске асады. Егер бұл орыс тілі туралы тармақ алынбаса, 30 жыл үйренбеген өзге ұлт өкілдері, өзіміздің орыстілді қазақтар енді ешқашанда үйренбейді. Бұл- 30 жыл уақыт анықтап берген аксиома!
Мемлекеттік тіл мәртебесін халық саны да қамтамасыз етеді
2013 жылы өткізілген халық санағының қорытындысы бойынша халықтың этноқұрамы келесідей: қазақтар – 65,2%, орыстар – 21,8 пайыз болған еді... Ал биыл, 2020 жылыМемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың жақында жаңадан ашылған ABAI TV арнасындағы сұхбатында мәлім болғандай, Қазақстан халқы 19 миллионға, қазақтар 78 пайызға жетеді деп отыр...Сонымен қоса, қазақстандық орыс диаспорасы өкілдерінің 25,3 пайызы қазақ тілін түсінетіні ресми мәліметте анықталған. Ендеше, 15 пайыздай ғана ұлт диаспорасына өзге ұлт өкілдерінен сансыз артықшылық-астамшылық беріп, отыз жылға жуық әлі құлдық ұра беру – негізгі ұлт – қазақтарды елдік және тілдік кемсітушілік болып саналады. Қазір Қазақстандағы орыс тілін білмейтін, шала білетін түпкілікті миллиондағанқазақтарға (көбінесе ауыл халқы) ресми саны ғана миллионнан аса қосылған оралман ағайындарымыздың басым бөлігін қоссаңыз, орыстілділердің санын он орап алады. Сонда Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-тармағы орыстардан 5 еседей көп халықтың – негізгі мемлекетқұраушы ұлттың намысына тиіп, ширек ғасырдан астам тілдік кемсітушілікке, яғни Мемлекеттік тілдік кемсітушіліке ұрындырып келеді.
Мемлекеттік қызметкерлеріміз мемлекеттік тілде сөйлеуі керек
Ал мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігі мемлекеттік тілде ең болмаса, демалыс сұрап, арыз жазуға сауаттары жетпейтіні 2011 жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінен белгілі болған еді… Сонда мемлекеттік тілде нан сұрай алмайтындар мемлекет тағдырын шешетін мемлекеттік қызметтерде мемлекеттік тілге – мемлекеттік мүддеге қарсы қызмет етіп отыр… Қорқынышты емес пе, бұл бізге… Мысалы, әкімдіктегі, министрліктегі, парламенттегі, ұлттық компаниядағы, т.б. мемлекеттік мекемедегі өзге ұлт өкілдерін айтпағанда, өз ана тілі мен мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлер (парадокс емес пе), тіл басқармасы қызметкерлері қазақ тілінде қағаз апарса, түсінбейді де, „орыс тіліне аударып әкел” дейді. Оған „бұл мемлекеттік тіл” ғой десең, „бізде бәрі екі тілде ғой” деп, заңымыздың бейшаралығын алдыңа тартады. „Онда өзің аударып ал!”-десең, „мен мемлекеттік тілді білмеймін?”- деп, топастығына ұялмай, қайта мақтанғандай түр көрсетеді… Оған табанының бүрі бар санаулы қызметкер ғана: „ Сенің өз ана тіліңді, қазақ тілін –мемлекеттік тілді білмеуге, өкінішке орай, құқың болса, менің де айдаладағы шетел тілін, Ресейдің тілін білмеуге құқым бар. Ал менің мемлекеттік тілді білгенім үшін ғана маған неге артық азап, артық жұмыс – тегін аудармашылық жұмыс жүктелуі керек? Керек болса, ақша төлеп, өзің аудартып ал” деп айта алады… Ал 99 пайызы бір күрсініп алып, негізгі жұмысын жиып қойып, жыл бойы „аудармашылықпен” айналысады. Ал барлық мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында алдымен орыс тілінде дайындап, содан соң оны мемлекеттік тілге аудару үшін қаншама тонна қағаз, қаншама аудармашы үшін осындай дағдарысты кезеңде қандай алапат қаржы шығындалатынымыз, ең бастысы қаншама уақыт кететінін – бұның бәрі жұмыс сапасына кері әсерін тигізетінін айту тағы бір өзекті мәселенің жүгі болады. Президент әкімшілігінен бастап, Үкімет, Парламент төрағаларынан бастап, министрлер, әкімдерден, барлық басшылардан бастап, мемлекеттік қызметкерлер тек мемлекеттік тілде сөйлеу үшін бізге ешқандай тіл үшін жұмсалып жатқан миллиардттардың керегі жоқ! Тек қана Конституцияның 7-бабы 2-тармағын алып тастау керек! Біріншіден, қыруар қаржы жұмсалса да, маңдымай жатқан (себебі қажеттілік жоқ) мемлекеттік тіл дамиды. Екіншіден, мемлекеттік тілді білетін қаншама қазақстандыққа жұмыс табылады. „Орысшаға аударып әкел” деп, омалып отыратындар орын босатады… Сонда Ресей тілінде сөйлеу, яғни Қазақ тілінде сөйлемеу деген сөз – қазақ тіліне, сол арқылы өз елінде қазаққа жұмыс бермеу деген сөз! Яғни, бұл ұлтқа жаулық емес пе? Сонда ұлтқа, яғни мемлекетке ең алдымен мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктер, министрлер, әкімдер, депутаттар, ұлттық компания жетекшілері, барлық басшылар жау деген сөз емес пе бұл! Көрнекті орыс жазушысы К.Паустовский: «Ана тілін білмеу – ұлтқа жасалған опасыздық» деп жазды кезінде. Мемлекеттік тіліміз – Қазақ тілі Тәуелсіздігін енді алатын кезі жетті! Өйткені, 30 жыл бойы Қазақ тілі –мемлекеттік тіл деген аты болса да, Конституцияның орыс тілі туралы 7-бабының 2-тармағына Тәуелді болып келді. Осы уақытқа дейін мемлекеттік тілді білуге мәжбүрлемеген билікке өзге ұлт өкілдері алғысын айтып, енді қазақ тілінің Мемлекеттік тіл мәртебесін жеке дара иеленуіне өздері де қолдау жасауы тиіс! Бұл жолда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Парламентіміз, қоғамдық-саяси күштер, зиялылар қауымы қайрат көрсетуі керек! 2015 жылы тұңғыш президент тарихта тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымында қазақша сөйлеп, бүкіл әлем президенттері алдында қазақ тілінде баяндама жасап, Қазақ хандығының 550 жылдығына керемет тарту жасаған еді. Қазақ тілі Мәңгілік дауға айналмай, Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі болуы үшін, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт алдындағы қасиетті парызы мен міндетін орындауы керек! Ел отыз жылдай уақыт осыны күтіп келеді! Өйткені, Кеңес Одағының құрамынан шықпаған Бодан кезімізде, қазақтардың саны республика халқының 39,7 пайызын құраған 1989 жылы қабылданған Тілдер туралы заң талабынан 31 жылдан соң, Бостан кезіміздің 30 жылында, 78 пайыз кезімізде шыға алмасақ, ешуақытта да шыға алмаймыз?!! ХХ ғасырдың басындағы Алаш көсемдері «Оян, Қазақ!»-деп жар салғаннан бері бір ғасыр өтті. Биыл Алаштың арыстары құрған Қазақ Республикасының 100 жылдығы! Тәуелсіздігімізге 30 жыл толғалы тұр! Енді Қашан Оянамыз? Жоғарыда көтерілген көптеген мәселелерді саралап, түйіндей келе біз, Қазақстанның қоғамдық ұйымдары, зиялы қауым өкілдері осы Ашық хатымыз арқылы өз талабымызды мәлімдейміз.