Ұлттық табиғи парктен 13 гектар жер алған араб шейхы кім?!.
2016 ж. 15 қыркүйек
3597
2
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Төлеби ауданына қарасты Қасқасу ауылының жоғары жағында, таудың дәл етегінде «Сайрам – Өгем» ұлттық табиғи паркі орналасқан. Ол жердің табиғаты тамаша, қарасаң көз тартарлық, - деп хабарлайды Замана басылымы.
Сарқырап аққан бұлағы, саф ауасы, жайқалған жасыл желегін көріп, таңдай қақпайтын адам жоқ шығар. Бұл өлкені Қазақстанның Швейцариясы десе де жарасады. Міне, дәл осы ерекше қорғалатын аймақтың біраз бөлігіне, нақтырақ айтсақ, 13,5 гектар жерге осыдан бірнеше жыл бұрын Біріккен Араб Әмірліктерінің атақты шейхына арналған демалыс аймағы салыныпты деген сөз тараған. Таяуда аталмыш өлкедегі «Сайрам – Өгем» ұлттық табиғи паркінің ішінен арабтарға арнап салынған демалыс аймағы тұрған жерге газет тілшілері барып қайтты. "Екі таудың қақ ортасында, «Сайрам» шыңына шығар жердің жолын жауып алған демалыс аймағы ит тұмсығын сұға алмайтындай етіп қоршауға алынған.
«Кіру үшін «East weast company LTD» деген мекемеден арнайы рұқсат алу керек», – деді есік алдында тұрған күзетшілер. Дегенмен біз онда дәл қазіргі уақытта кімдер демалып жатқанын, жалпы, демалыс аймағының қандай екенін сол өңірде тұратын, ішінде не боп жатқанын бес саусақтай білетін бір азаматтан сұрап алдық", - деп жазады басылым тілшісі.
«Бұл жерде бүгінде төрт үнді азаматы жатыр. Олар – шейхтің қызметшілері. Яғни олардың міндеті – осы демалыс аймағын айнадай етіп таза ұстау. Сол үшін оларға ай сайын 1 мың доллар көлемінде жалақы төленеді. Ал кіре берісіндегі қақпада өзіміздің қазақ жігіттері жұмыс істейді. Вахталық әдіспен кезек ауысатын күзетшілерге айына 35 мың теңгеден жалақы төленеді. Ал енді демалыс аймағының іші туралы айтар болсам, онда 7-8 коттедж бар. Ең үлкені, екі қабаттысы шейхтікі. Қалғандары қызметшілерге арнап салынған. Сондай-ақ жаттығу залы, асхана мен көлік тұрағына арнап салынған ғимарат та бар. Оның ішінде су жаңа 4 «Лэнд Крузер» джипі және тау басына шығуға арналған кішігірім көліктер тұр. Әлгі көліктерді жарытып ешкім мінбейді де, дегенмен жылына бір рет Шымкенттен бір көлік жөндеуші келіп, әлгілердің бәрін тексеріп, майын ауыстырып кетеді», – деді ол.
Араб шейхы бұл демалыс аймағына соңғы рет Шымкенттің «Бекжан» базарының жанынан салынған орталық мешіттің ашылу салтанатына келгенде бас сұққан екен. Дегенмен жылына бір рет, күзге қарай шейхтің туыстары ма, әлде қызметшілері ме, әйтеуір топырлаған араб келіп, демалып кетеді екен. Мұны бізге сол маңдағы Кеңесарық ауылының тұрғыны Темірхан Әсенов айтып берді.
«Бұл жер негізінде орман шаруашылығына қарайтын жер еді, – дейді Әсенов. – Жеті-сегіз жылдың көлемі болып қалды, арабтарға арналған демалыс аймағы салынып, тұрғындардың тауды емін-еркін аралауына кедергі келтіріп жатыр. Яғни таудың ең биік жері – «Сайрам» шыңына шығу үшін осы жерді арабтарға жалға берген фирмадан рұқсат алу керек екен. Меніңше, арабтар бұл аймаққа бекерден-бекерге қызығып отырған жоқ. Күздігүні, құстар қайтқан тұста ителгі ұстайтын сияқты. Әйтпесе мұнда оларға басқа не керек? Бұл жер арабтар қоршап алғанға дейін «Алтекс» деген спорттық сауықтыру лагері еді. Сол замандарда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жолдамасымен елімізге танымал спортшылар келіп, осында демалатын. Қазір ол дәурен келмеске кетті».
Қысқасы, табиғаты тамаша, көркі көз тартатын Қасқасудың ең шырайлы да шұрайлы жері бүгінде арабтарға арналған демалыс аймағына айналып кетіпті. Ол жерге сырттан барған демалушылар түгілі, сол өңірде туып-өскен жандардың өзінің кіруіне атымен рұқсат жоқ. Жергілікті халықтың іштей наразылығын туғызып отырған бұл қоршаулы аймақ келешекте қасқасулықтарға қайтарыла ма, жоқ әлде түбінде арабтардың меншігіне өтіп кете ме, бұл туралы әзірге ешкім ештеңе айта алмайды.