Қаралы күнгі аза және ЖЫЛТ ЕТКЕН ҮМІТ
2016 ж. 09 маусым
3129
14
Төрт күннен бері тілшілер Ақтөбеде орын алған "қанды жексенбіге" байланысты пікір сұрап, телефонымда бір тыным болмады. Қазіргі қызметім (ДМҒЗТО, исламды зерттеу бөлімінің басшысы) өткір пікір айтып қалуды емес, салиқалы сарап пен жан-жақты талданған тұжырым жасауды қажет ететіндікткен, "қанды жексенбіге" қатысты мәліметтерге толық қанықбайынша тізгінді тарттым. Әсілі, еститін құлақ болса, салафияның (уаххабия) бүлікке ілік болатын ілім екенін жағымыз жар, тіліміз кез болып талайдан бері айтып келеміз. Кеше Амангелді Айталы ағамыз "2011 жылғы қанди оқиғадан сабақ алмадық" деп күрсініпті. "Ағатай-ау, уаххабилік қозғалыстың адамзаттың тынышын алып, бүлік салғанына үш ғасырдан асты ғой. Осман мемлекетінің шаңырағын шайқалтқанын былай қойғанда, 90-шы жылдардағы көрші Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Кавказдағы Дағыстан, Шешенстан және т.б. елдердің бейбіт өміріне сына қаққаныны бізге сабақ емес пе еді? Оны былай қойып, 2000-шы жылдардың басында елімізде Хизбут-Тахрир ұйымы лаң сала бастағанда-ақ, асқын діни көзқарастағы ұйымдарға қатаң тиым салғанымызда, бүгінгі қанды қасаптар орын алмас еді ғой. Енді не...? "Әттең, әттең..." дегеннен басқа ләжіміз жоқ". БАҚ "Лаңкестер Ақтөбеде бір уақытта бірнеше жерде бүлік бастады" деп айран-асыр. Шынтуайтына келер болсақ, уаххабилердің бір қаланың бірнеше жерінен емес, Қазақстанның бірнеше қаласынан бір уақытта бүлік салуға шамасы жетеді. Әлеуметтік желілерде жұрт "Ақтөбедегі сойқанды алдын ала 20-30 содыр ұйымдасып жасапты. Бұл не сұмдық?" деп аң-таң болуда. Ақиқатын айтар болсақ, уаххабилер 20-30 адам болып емес, сапында жүздеген мүшесі бар үлкен қосын (армия) шығаруға әлеуеті жетеді. Оған өткен жылы Сәтбаев және Жезқазған қалаларында жыл бойы жасаған зерттеулерімде көз жеткізгем. Мысалы, Сәтбаев қаласында уаххабилердің ірі ошағы орналасқан. Қаладағы жастардың басым көпшілігі уаххабилік ағымға дендеп еніп кеткен. Тіпті, көше жастарының жүйесі де уаххабилердің заңдылықтарына бейімделген. Қалада уаххабилік тенденцияның белең алғаны соншалықты, жастар арасында "ислам құндылықтарын ұстанудың уахаббиліктен басқа баламасы жоқ" деген түсінік қалыптасқан. Теріс діни ілім тамырын тереңге жіберген бұл қалада уаххабилікпен дабыл қағып күресуіміз керек еді. Керісінше жыл соңында Сәтбаевтағы "Діни мәселелерді зерттеу орталығын" жауып тындық. Абсурд! Уаххабилер тамыр жайған Атыраудың, Ақтөбенің, Ақтаудың, Оралдың, Сәтбаевтың, Жезқазғанның, Екібастұздың, Алматының, Астананың мұңын айтып көз жасымызды көл қылайық, жан далбасалап алдын алған болайық, одан түк пайда жоқ. Яғни, себебін жоймай, құр салдарымен күрескеннен ештеңе өнбейді. Оны Мұхан Исахан пақыр емес, көзі қарақты талай дінтанушы айтып жүр. Ал, уаххабилікті тұп-тұқиянымен тұздай құрту үшін мемлекеттің пәрменді қарары керек. Ол не СОТ ШЕШІМІ не АРНАЙЫ ЗАҢ БОЛУЫ керек. Екі жыл бұрын "Ат-тәкфир уәл хижра" ұйымын экстремистік деп танып, уаххабилікті тыйған секілді болып, өз-өзімізді алдадық. Нағында, біздІң еліміздегі тәкфирші-сурурилердің "Ихуан Муслим" партиясынан бөлініп шыққан "Ат-тәкфир уәл хижраға" ешбір қатысы жоқ. Соны біле-тұра құр аспанға оқ атып, өз-өзімізді алдаусыратқан сот шешімін шығардық. Құқық қорғау органдары "тәкфиршілердің" соңына шырақ алып түсіп еді, олар "ойбай біз "САЛАФИМІЗ" деп түлкі бұлаңға салып, жауаптан жалтарып шыға келді. Енді маған мынадай ой келуде: "Ертең сот "салафияға" қатысты шешім шығарса, лаңкестер "біз салафи емеспіз, "УАХХАБИМІЗ" деп тағы жалтарып кетіп жүрмей ме екен...? "Қанды жексенбі" қара жамылдырғанмен, кешегі күн мен үшін өте маңызды күн болды... Бұйырса, діннің атын жамылған дөкірлердің өкіретін күні алыс емес. Сөлекет сөнбек, ібіліс-ілімнің күні қараң болмақ! Осымен тағы тізгінді тарта тұрсақ... Қадірлі ағайын қасиетті Рамазанда Алаштың амандығы мен бақ-берекесі үшін дұға етіп қояйық. Иншалла, елімізде тек жақсылық болғай!
Мұхан Исахан
qazaquni.kz