Астана базарларында денсаулыққа зиянды қалдық көкөністер сатылып жатыр
2016 ж. 16 наурыз
3290
0
Астанада былтырдан қалған қауіпті көкөністер сатылып жатыр. Осылай деп дабыл қаққан СЭС оның тізімін де жариялап жіберді деп хабарлайды КТК арнасы.
«Қара тізімді» қауын, қарбыз бен баклажан бастап тұр. Өйткені, ерте көктемде бұл көкөністердің құрамында химиялық заттың мөлшері жоғары болады. Сондықтан санитар дәрігерлер елордадағы ең үлкен базарға жылжымалы зертхана қойып, сөредегі азық-түлік сапасын дереу тексеруде.
Базардың ортасында тура зертханадағыдай ақ халат пен қолғаптарын киіп жұмысқа кіріскелі тұрған мамандар жұрт сатып алған бар тауардың құрамын тез тексеріп беруге дайын. Санитар-дәрігерлер алдына келген тұтынушыны ұзақ ұстамайды. Қолдарындағы осы құрылғы арқылы азық-түлік пен көкөністегі химиялық заттың мөлшерін сол мезетте анықтауда.
"Сәбіз, қияр, алма, мандарин сияқты басқа да жеміс, көкөністерді зерттеп жатырмыз", - дейді олар.
Ерте көктемде былтырдан қалған қарбыз, қауын, баклажан мен шалғамды сатып аларда сақ болу керек дейді СЭС мамандары. Өйткені, бұл көкөністердің құрамында химиялық зат көп болғандықтан, тұрақты тұтынған адам уланып қалуы да ғажап емес.
"Шет елдерден келеді. Дұрыс па, дұрыс емес пе соның бәрін тексеру керек", - дейді Астана қаласының тұрғыны Сәния Назымханова.
Астанадағы сауда сөрелерінде самсап тұрған импорттық көкөністерді біз де тексертіп көруді ұйғардық. Мәселен, көктем кезінде әсіресе, қызанақ пен қиярға сұраныс жоғары екен.
Жылжымалы зертханаға жұрт ет, салат, қептірілген жеміс-жидек және өзге де өнімдерді алып келуде. Тіпті пакеттегі сүттің құрамын анықтап беруді сұраған тұтынушылар да болды.
Жалпы, елордалықтар көбіне базардағы бағаға шағымдануда. Жұрт азық-түліктің бірден қымбаттап кеткенін айтады.
"Сүйегін де 1300 теңгеден сатады. Нақты бағасын қоймайды. Қазыны шексіз сатады. 1 метр шекті мың теңгеден сатады. Жылқының қарнын майын алып тастап тек қарнын сатады", - дейді Астана қаласының тұрғыны Дидарбек Қажығалиев.
Мына үстелде отырған мамандар тұртынушылардың құқығын қорғау туралы кеңес беруде. Яғни, инспекторлар сапасыз тауар сатып алған немесе кәсіпкермен дауласып қалғандардың мәселесін бірден шешіп жатыр.
"Егер тұтынушылар өзінің құқықын жақсы біліп тұрса, сатып алатын жерден соның бәрін талап ететін болса, сөрелерде жағымсыз тағамдар болмайды", - дейді Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті директорының орынбасары Мейрам Молдашев.
Ал, санитарлық дәрігерлер сауда сөрелерінен адам денсаулығына қауіпті азық-түлік, көкөніс пен жеміс-жидекті анықтаса, комиссия кәсіпкердің қоймасына тексеру барады. Сөйтіп, тауарды түгел жоймақ.
Дерек көзі: КТК арнасы