АСТАНА ҚҰРЫЛЫСЫН АЛАЯҚТАР ЖЕКЕШЕЛЕНДІРІП АЛҒАН БА?

4f3504a1cd819 Елордада адамдардың ақшасын жинап қашып кеткен астаналық тағы бір құрылыс компаниясының басшысына іздеу жарияланды. Медет Бектеміров есімді кәсіпкер «Квартиры НС», «Компания МС-7», «Шаңырақ» деп аталатын құрылыс компанияларын құрып, 3 тұрғын үй кешенін салуға уәде еткен. Тіпті аңғал адамдардың сеніміне кіріп, миллиондап ақшасын жинап алған. Алайда, жарнамасы жарасқан хан сарайындай сәнді болуға тиісті баспананың іргетасы да қаланбаған боп шықты. Астана құрылысында алаяқтар алшаң басып, айласын асыруда. Ақшасынан айырылып, амалы таусылғанмен, әзілін жоғалтпаған тұрғындар оларға «Астана-Алаяқ» құрылыс компаниясы» деп айдар тағып қойыпты. Онысын қисынсыз деп те айта алмайсыз, қаладағы құрылыста күмәнді компаниялар көбейіп кеткені өтірік емес. Естеріңізге сала кетсек, қазір жұрттың 30 миллиард теңгесін қалтасына басып қарасын батырған «Азбука жильяның» құрылтайшысы, экс-депутат Ерқанат Тайжанов Австрияда жасырынып жүрген көрінеді. Ал пәтер салып береміз деп халықты тақырға отырғызған тағы да ондаған бизнесмен қамауда отыр. Осы кезге дейін Астанада 48 тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылған.

Зейнолла АБАЖАНОВ

"Қазақ үні" газеті