Негізгі мақса­ты­мыз – «Қазақ үні» деген атымызға сай бо­лу!

kazybek 1

Қазыбек ИСА, «Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары, «Қазақ үні» газетінің президенті, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығы лауреаты, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықтың – «Алтын күз» орденінің иегері:

02.07.2015 – «Қазақ үні» ұлттық порталы қазақ­тілді, орыстілді сайттар арасында рейтинг бойынша алдыңғы орынға шығыпты. Бұл қандай жүйе бойынша анықталған? – Қазір интернет сайттарының рей­тингін анықтайтын каталогтардың бір­неше түрі бар. Kaz.kz, Zero.kz, Goto.kz, liveinternet.ru рейтинг анықтайтын каталог сайттардың қатарына таяуда қа­зақтілді сайттардың рейтингін анық­тайтын Sanaq.kz сайты қосылды. Журналистер күні мерекесі қарса­ңында қазақтың үні бола біліп, ұлттың мұңы мен жырын жырлап, ұлттық мүддені қайсарлықпен қорғап келе жатқан «Қазақ үні» ұлттық порталы қазақтілді сайттар ішінде маңдайы жарқырап, бәрінен оқ бойы озып шықты. Ғаламтор әлеміне жаңадан шыққан Sanaq.kz сайттар рейтингі бойынша да, тіпті 5549 сайт тіркелген Goto.kz рейтингі бойынша тек қазақтілді емес, орыстілділерді қосқанда да, жалпы БАҚ аталымы бойынша бірінші орынға көтерілдік. Бұрыннан келе жатқан kaz.kz, zero.kz, liveinternet.ru рейтингтері бойынша да қазақ сайт­тарының алдыңғы қатарында келеміз. Әрине, бұл көрсет­кіштер қатып қалған анықтама емес, сайттардағы оқылымды материалдардың аз-көптігіне байланысты өзгеріп отырады. Халықтың ойын айтып, сөзін сөйлеген сайтты халық та қолдап, іздеп, оқып жа­тыр. Арман-мұңын жазып жатыр. Бүгінгі күннің саңлақ сайты болып отырған Qazaquni.kz ұлттық порталына бұдан артық тарту жоқ! Таяуда ғана ең соңғы үлгіге көшкен сайтымыздың дизайндық жа­ңаруын – сәнді сәулетін де халық жақсы қа­былдады. Ал жалпы, Қазақ контенті туралы сөз қозғар болсақ, қазір ерекше қарқын алып келе жатқанын айтуға тиіспіз. Әрине, орыстілді сайттармен салыс­тырғанда, саны өте аз әзірше. Бірақ қазақ контентіне кірушілердің саны мен олардағы пікір­таластардың көлемі тез қарқынмен өсуі көңілге үміт ұялатады. Алдыңғы қатар­дағы abai kz, alashainasy kz, baq kz портал­дарын, қарқыны күн сайын күшейіп келе жатқан, қазір қамшы салдырмай тұрған qamshy.kz сайтын, тіпті енді қимылдай бас­таған gu-gu.kz сайтына қарасақ та, бұған анық көзіміз жетеді. Қоғамдық пі­кір тудыруда қазір қазақ сайттары алдың­ғы қатарға шықты. Бір-екі ғана мысал, өткен жылы Өскеменде бір түнде қойыл­ған Абай мен Михаэлистің ергежейлі ес­керткішінің бір күн ғана тұрып, алынып тасталуы «Қазақ үні» бастаған қазақ сайт­тарының көтерген шуының арқасында болды. Сондай-ақ Сыртқы істер ми­нистрі Е.Ыдырысовтың шетелде «Қазақ елі» атауына бай­ланысты үстірт айтылған сөзіне Пар­ламент қабырғасында түсінік беріп, ақталуы да осыны аңғартады… Сонымен бірге қазақ контентінің әралуан тақырыптарды қамтып жатқаны да көңілге қуаныш ұялатады. Тек мұнда да қаржылық қолбайлаулар кедергі келтіріп жатқанын айтуымыз керек. – Порталға өзгеріс енгізгелі көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен қандай ма­қалалар көп оқылады?  – Qazaquni.kz сайты 2009 жылдың екінші жартысында «Қазақ үні» газетінің электрондық нұсқасы ретінде ашылды. Ал былтырдан бері өз алдына ұлттық ақпараттық портал ретінде оқыр­мандарды күнделікті 24 сағат бойы ақпараттармен қамтамасыз етіп келеді. Өз алдына БАҚ ретінде тіркеу куәлігі бар. Бас редакторы – «Дарын» мем­лекеттік жастар сыйлы­ғының лауреаты, дарынды ақын Азамат Тасқараұлы. Порталда мақалалар ұлттық мүддені қорғайтын, әділдік туын көтерген тақы­рыптар, діни мақалалар көп оқылады. Сонымен бірге жеңіл шулы-шоулы ма­қалалардың да оқырмандары көп бо­латыны белгілі. Сайтымыз алғашқы­лардың бірі болып латын әліпбиін қосқан еді. Сондықтан Батыс Еуропа, Түркия қазақтары оқиды, олардан хаттар да келіп жатады. Былтыр төте жазу әліпбиін де енгіздік. – Сайт мақалаларының оқылуын өзіңіз тікелей қадағалап отыратын сияқтысыз...  – Әрине, күнделікті қадағалауға тыры­самын. Онсыз болмайды. Қандай мақалалардың көп оқылатынына, қалай пікір жазылатынына шолу жасап оты­рамын. – Рейтинг жинау үшін бірқатар сайттар ойдан құрастырылған материалдар жазуға тырысады. Сіздер оқырмандарыңызды шы­найы ақпараттарыңызбен сендіре аласыздар ма? – Бізде ойдан құрастырылған мақала жазылып көрген емес. Біз болған оқиғаны ғана жазамыз. Сонымен бірге, пошта­мызға үзбей мақалалар келіп жатады. Соларды жариялап отырамыз. Белгілі ақпарттық агенттіктер материалдарын да пайдаланамыз. «Қазақ үні» газетінің ма­қалалары да жүйелі түрде түгел жария­ланып отырады. – Жалпы, «Екінші әйел болғым келеді», «Жездеме ғашықпын», «Жеңгемді ұнатып қалдым» деген сияқты әңгімелерді елге ұсыну қаншалықты қажет деп ойлайсыз?  – Сіз айтып отырған тақырыптар қазақ оқырмандарына жат тақырып деп ойлаймын. Бұлардың ішінде «Тоқал бол­ғым келеді» деген тақырып қана қазіргі ең көп талқыланатын мәселе бол­ған­дықтан (тіпті Парламент қабырғасында да ауық-ауық көтеріліп қояды), біздің сайтымызда жарияланды. Талқылануы мен оқыр­ман­дар кіруі өте жоғары болды. Жалпы, сайт болсын, басылымдар болсын, кез келген тақырыпқа ең ал­дымен ұлттық мүдде тұрғысынан қарау керек деп білемін. Біздің өз оқырмандарымыз қалып­тас­қаны сонша, кейде жеңіл тақы­рыптарды жариялай қалсақ, «Қазақ үні» неге мұндай жеңілтек тақырыптарға барады?» деп шу ете қалады. Сондықтан негізгі мақса­ты­мыз – «Қазақ үні» деген атымызға сай бо­луға, салмақты дүниелер жариялауға ұмтылу. – «Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлт­тық порталының оқырмандары ара­сында айырмашылық бар ма?  – Айтарлықтай айырмашылық жоқ деп ойлаймын. Дегенмен біз сайтта күн­делікті жарияланып отыратын хабар­лар­дың бәрін газет бетіне бере бермейміз. Сонымен қатар сайт интернет құралы болғандықтан, оқырмандарының көбісі қалалықтар болатыны да заңды. Ал газет оқырмандарының басым бөлігі ауыл тұрғындары екені анық. – Бастапқыда «Жас қазақ үні» деген атпен оқырманға жол тартқан «Қазақ үні» газетінің жарық көргеніне 11 тамызда 15 жыл толады. Қалай атап өтпек жоспар­ларыңыз бар? – Сіздің сұрағыңызды пайдаланып, «Қазақ үні» газеті туралы біраз ақпар бере кетейін. Тәуелсіздік жылдары көптеген басылымдар шықты. Содан іріктеліп, бүгінге санаулысы ғана жетті. Небір ал­пауыт кәсіпорындардың, ірі саяси пар­тиялар, қалталы олигархтар құрылтай­шылық еткен басылымдар да шығуын тоқтатты. «Қазақ үні» газеті «Жас қазақ үні» деген атпен 2000 жылы ашылды. Біз­дің басылымның өркендеп келе жатқаны «достарымның» пайдасы. Олар газет ал­ғаш шыққан кезде «Ертең-ақ жабылып қалады. Қазыбек журналист емес, суретші, ақын ғой» дегенін естіп, намысқа бастым. Заманбек Нұрқаділов ағамыздың Алматыны басқарып тұрған кезінде баспанасыз қазақ жастарымен бірге иесіз жерлерді басып алып жүріп, зорға қолым жеткен «Таугүлдегі» он сотық жер телімін сатып, ол кезде 3 мың доллар ғана болды, бұл жоғары баға еді, осы газетті ашуға бел будым. Ойлап көріңіз, Алматыда баспа­насы жоқ адамның зорға қолы жеткен жерін сату қандай қиын болғанын... «Жас қазақ үні» болып ашылған газетімізде ең алдымен жастар жұмыс істеді. Жаңа ашылған редакцияда істеп немесе автор ретінде мақалалар жазып, қолғабыс еткен жастар қазір әрқайсысы елге белгілі аты бар қаламгерлерге айналды. Олар Әмірхан Балқыбек, Болатбек Төлеп­берген, Ақеділ Тойшан, Гүлбиғаш Омар, Әлібек Шегебай, Жанарбек Әшімжан, Қонақбай Саттаров, Берік Бейсенұлы, Төреғали Тәшенов, Шә­ріпбек Әмір­бек­ұлы, Шыңғыс Асқарұлы, Бекжан Әшір­бек, Алмат Исаділ, Гүлжанат Шонабай, Құтмағанбет Қонысбай, Ләйла Сұлтан­қызы және т.б. Әрине, «Қазақ үні» газетінің қарыш­ты қанат жайып келе жатқанына көп­теген елім деген ерлердің, руханиятқа қамқор Иманғали Тасмағамбетов, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Ислам Әбішев, Азат Перуашев сынды атпал аза­маттардың да еңбегі зор. «Қазақ үні» газетінің Қазақтың үні, мұңы болып, Қазақтың жоғын жоқтау­да өзіндік ұстанымынан айнымай келе жатқаны елге белгілі. Себебі қазақтілді баспасөз бір ғасыр бұрынғы ала­ш­ор­далықтардың «Қазақ» газетінен бастасақ та, қазір де тәрбиелік рөл ат­қарып келеді және атқара береді. Себебі сол жүз жыл бұрынғы ұлттық мүд­делер бүгін де, Тәуелсіз Қа­зақ­стан­ның ширек ғасы­рында да күн тәртібінен түспей келеді. 1915 жылғы «Қазақ «газетінде де, 2015 жылғы «Қазақ үні» газетінде де ел мен жер жағ­­дайы, көрші елдермен қарым-қаты­нас­тағы ұстана­тын экономикалық-саяси бағыт, мем­лекеттік тіл, ағарту, білім-ғылым мен мәдениет мәселелері, ұлттық мүдделер көтерілуі және ол үгіт-насихат түрінде жазылуы сондықтан. Яғни бұл – қазақ журналистикасындағы ұлттық һәм мемлекеттік қажеттілік!. 2014 жылғы есеппен елімізде 2532 газет-журнал болса, соның 500-дейі ғана қазақ тілінде шығады. Бұл – өте аз. Бұған ең алдымен қазақтардың, әсіресе, қалалық қазақтардың басым бөлігі орыстілді екендігі, қазақ тіліне шынайы сұраныстың аздығы әсер етуде. Құдай қаласа, биыл ең басты мереке­міз Қазақ хандығының 550 жылдығын бүкіл ел болып атап өткесін, «Ақ жол» партиясы жариялаған республикалық «Ел мен Ер» атты мүшәйраны өткіз­бек­піз. Содан соң газетіміздің 15 жылдығын атап өтуді де жоспарлап отырмыз. Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ,    "Айқын" газеті http://www.aikyn.kz/ru/articles/show/9745-biz_bol_an_o_i_any_ana_zhazamyz