"Аффект" қылмыскерді жазадан арашалап қала алмады...

сот

«Әділет әрқашан салтанат құрады, тек кешігіп жетеді» Б.Момышұлы

Тергеуші Алтынбаев «шұрық-тесік» істі қалай тапсырды?

Бір жылдан бері Түркістандағы елдің аузында жүрген бұл істің үлкен толқын туғызуының басты себебі бір адамның екіншісін талтүсте тапаншамен атып тастағандығы емес еді. Қазір кімді кім атпай жатыр, ең ақыры, мектеп оқушыларының атысатыны біздің бүгінгі қоғам үшін таңсық болмай қалғалы қашан! Мәселе байқамай қалып, иә өзін қорғап емес, қасақана оқ атқан адам ...1 жылға бас бостандығынан айырылсын деген үкімде болып тұр. Өткен жылы, 12-мамыр күні Шоқан Құдасқа танысы Ж.Мендібаев телефон шалып, кездесуге шақырады. Алдымен А.Тағаев деген азаматтың, кейін З.Ибрагимованың дүкенінде Е.Оразбеков үшеуі ішімдік ішеді. Ж.Мендібаев пен Ш.Құдас арасында ерегіс туып, төбелеске ұласады. Таэквандошы Ш.Құдастан таяқ жеген Ж.Мендібаев «Нивасынан» тапаншасын алып келеді, «атамын!» деп қорқытады. Оларды ұялы телефонына бірлік салуға кездейсоқ келіп қалған С.Жүнісбеков, Е.Оразбеков, және З.Ибрагимова мен оның қызы Г.Ибрагимова ажыратады. Ж.Мендібаев, сосын С.Жүнісбеков кетеді. Жарты сағаттай өткенде бұлар да кетейік деп Е.Оразбеков қолын жуып жатқанда Ж.Мендібаев қайта келіп, Ш.Құдасты басып кете жаздап тоқтап, көлігіне мінгізіп әкетіп қалады. Е.Оразбеков күңгірт терезеден машинада кімдер барын көріп үлгермейді. Бұл – сағат 15-тің шамасы. Бір сағаттай өткен соң, сол маңайда тұратын, Шоқанның анасының інісі Қалдыбек өтіп бара жатқанда Г.Ибрагимова оны тоқтатып: «Жука (М.Мендібаевтың лақап аты) мен Шоқан төбелесті, Жуканың қолында пистолет бар, екеуі Жуканың машинасына отырып кетіп қалды, соны іздеп тап» дейді. Қалдыбектің әйелі Дина келіп, анығын сұрастырғанда осы сөзді З.Ибрагимова да айтады. Шоқанға қанша қоңырау соққанымен, ол тұтқаны көтермейді. Содан кешкі сағат 19-дарда Ш.Құдастың басынан оқ тиіп, ауыр халде Түркістан-Қызылорда трассасының бойында жатқанын көрген Шоқақов деген азамат полицияға хабарлайды. Ауруханаға жеткізілген жігіт түнде білікті оташылар шақырылғанына қарамастан, ауыр жара мен қаны көп кетуі салдарынан есін жимаған күйі операция үстінде қаза табады. Оқиғаның бар болғаны – осы. Одан арықарай ол былай өрбіген. Үш күн өткенде баланың әкесі Шаяхмет Жүнісбеков қылмыскер жағының кінәні қаза тапқан адамға аударып, тапанша Шоқандікі етіп шығарып жатқанын естиді. Шәкең Ж.Мендібаевтың аудандық жол полициясы бастығының орынбасары майор Шалбай Мендібаев деген ағасына «сен не істегелі жүрсің?» дейді. Сол екі ортада «аффект» деген тағы бір нәрсенің құлағы қылтияды. (Сөйтсе, «Ниваның» ішінде Шоқан ғайыптан тапанша суырып алып, оны екеуінің арасындағы орындыққа қоя салыпты-мыс, «мен сені де, әйеліңді, қыздарыңды да зорлаймын» депті-мыс (анығында, сөз бұдан да дөрекі түрде жеткізілген. Авт.). Сол кезде ашудан есін жоғалтып алған, яғни «аффектке» ұшырап қалған Жука тапаншамен оны атып салады. Үш күннен кейін полицияға өзі келіп, «мен атқаннан соң тауға кетіп қалып, сонда жүрдім» деген аңыз-ертегісін айтады. Ал, іс жүзінде сол күні-ақ Шымкентке кетіп қалады). Арада біраз күн өткенде Шалбай бір топ ағайынын ертіп, Ш.Жүнісбековтің үйіне келісім-бітім жасасуға келеді. «Жолын жасайық...» дейді. Сол жерде Ш.Жүнісбеков дүйім елдің көзінше: «Сенің інің менің баламды бұрыннан жоспарлап өлтірмеген шығар. Кешірім беремін. Тек ол үшін інің ақиқатты ашып айтып, қолымен істегенін мойнымен көтерсін. Бес-алты жыл жазасын өтесін. Мен сонда қудаламаймын. Маған бермек ақшаңды ініңнің жағдайын жеңілдетемін дейтін сот, прокурор болса, соларға бере бер. Бірақ, анау «аффект» деген бәлеңнен бас тарт! Олай етпеген жағдайда мен де аянбаймын!» дейді. Адамшылық жолға да, заң жолына да тұп-тура келіп тұрған азаматтық сөз! Тек, оған құлақ салған қылмыскер жағынан тірі жан табылмаған. Алтынның үстінде тұрса, күң де патшаға «балама қызыңды бер!» дейді екен ғой, біреуі кәсіпкер болса, біреуі жол полициясын басқарса, ақшаның буы бас айналдырған болар, бәлкім. «Алмайтын қамалы жоқ» (Шыңғыс хан) сол ақшаның арқасы шығар, оқиға болған күні шын жанашырлық танытқан аналы-балалы Ибрагимовалар айтқан сөздерінің бәрінен танып, Ж.Меңдібаевтың қолынан ешқандай да тапанша көрмеген, оның ішкенін де байқамаған болып шыға келеді. «Ж.Меңдібаев ішпеді» деп жүрген Г.Ибрагимова тек бір рет, тергеушіге 2014 ж. 7-маусымында берген жауабында «Шоқан мен Жандарбек екеуі де мас болатын» деп көрсетеді. Шындықты байқамай айтып қалса керек... Ал, тергеуші Е.Алтынбаев бет­тестіру кезінде «Кім кімге қашан қоңырау шалды? Кім-кіммен және қай жерде, қанша ішімдік ішілді? Төбелес неден туды?» деген басты сұрақтарды ашу мақсатындағы нақты жұмыстар жасамайды. Ол ол ма, беттестіру кезінде жәбірленуші тараптың қорғаушысын қатыстырмай, ҚР ҚПК-нің заң талаптарын өрескел бұзып отырған. Ойына келгенін істеп, қолынан келіп тұрғанда етігін қонышынан басқан Е.Алтынбаев жәбірленуші тарапты заң талабына сәйкес кешенді сот медициналық-психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындау туралы қаулысымен таныстырмаған. Жәбірленушінің өкілі Ш.Жүнісбековті кейін сараптама қорытындысымен де, сараптама туралы қаулымен де «таныстым» дегізіп, бір датамен, 2014 жылдың 8-тамызы күнімен қолын қойдырып алған. Соғыста атқыштар батальонының командирі болған, Тәжікстанда аудандық партия комитетінің 1-хатшысына дейін көтеріліп ел басқарған атасы Құдасқа түр-түсі де, ісі де ұқсаған, үміт артып отырған азамат баласы кісі қолынан опат болып, қайғыдан қан жұтып жүрген кездерінде әйелі екеуі бірдей жол апатына ұшырап, ажалдан аман қалған Жүнісбековтің қандай қағаз деп сұрауға да шамасы келмеген. Түркістан тергеушілеріне сенімсіздік білдірген соң, облыстық ішкі істер басқармасының жіберген адамы ондай арсыздыққа барады деп ойламаған. Ал, заңды белден басып үйреніп қалған Алтынбаев болса, хаттамалардың екеуінің қол қойылған күнін 25.08.2014 етіп, өте икемсіз түрде түзеген. Оның солай екеніне көз жеткізу үшін арнайы оқу орнын бітіріп, сарапшы болып істеудің, тәжірибе жинаудың титтей де керегі жоқ. Тек көргісі келетін көзі бар адам керек... Тергеуші ең болмаса қосымша сұрақтар қойып, істің мән-жайын анықтауға мүмкіндік беретіндіктен жәбірленуші тараптың «Қосымша» сот сараптамасын жүргізу» туралы сұранған талап-тілегіне де түкіре қарап, «Қайталама» сараптама тағайындау туралы» қаулы етеді. Апелляциялық сот алқасының тергеуінде судья З.Пірназардың «неге олай еттің?» деген сұрағына «двоечник» оқушы секілді сүмірейіп, басын жерден көтермеген күйі жауап бере алмады. «Сүмірейіп» деген сөзіміз артық болды-ау» дейін десек, Алтынбаев сол тергеу үстінде Ш.Жүнісбековтің «не себепті дүкенші А.Тағаевтың зайыбын куә ретінде шақырмадыңыз» деген сұрағына «қажет деп таппадым» деп, нагло жауап берді (тағы да орысша сөз қосқанымызға кешірім өтінеміз). Тергеу материалдарынан Аманкелдінің дүкеніне Шоқандармен бірге барғанын үзілді-кесілді жоққа шығарып отырған Ж.Мендібаевты «барды» деп көрсеткен екі куәнің бірі Шоқанның бөлесі (туған бөлесі болмаса да), екіншісі немере туысқаны (бұл да туған бауыры емес) екенін біліп отыр, қылмыскердің қорғаушысы осы дерекке салмақ салатынын да біледі. Дәл солай болып шықты да, қорғаушы М.Қалымбетов те, сарапшылар да осы деректі апелляциялық сот тергеуінде алға тартты. Ш.Жүнісбеков барып, тергеуге келуін өтінгенде: «Ж.Мендібаевты көргенімді айтамын» деген А.Тағаевтың әйелі екі күннен кейін Ш.Жүнісбеков Шымкентке ала кетейін десе «мен ешкімді көргенім жоқ» деп айнып қалады. «Шырағым-ау, уәде беріп едің ғой, не болып қалды?» десе, «жо-жоқ, ешнәрсе білмеймін» деп бет бақтырмайды. Әрине, неге және қалай айнып қалғанын елдің бәрінің іші сезіп отыр... Преферанс ойынынды «мизердің тесігі» деген ұғым бар. Ол жерде мизер айтқан адам бір-екі тесікпен, қарсыластары қателессе, құтылып кетуі мүмкін. Одан көп болса құтыла алмайды. Ал, тергеуші Е.Алтынбаев «бір тесік» емес, «қырық тесігі» бар істі қалай сотқа тапсырғанына таңқалмасқа шара жоқ! Ең ақыры заттай айғақтарды – марқұмның киімін, «Нива» автокөлігінің орындық жапқыштарын сот үкімінің заңды күшіне енгенін күтпей жойып жіберген, апелляция тергеуінде бір сұраққа емес, ондаған сұраққа аузын аша алмаған «...тергеуші Е.Алтынбаевты ҚР ҚК 369-бабының 2-бөлігіне сәйкес, 416-бабының 3-ші, 4-ші, 5-ші бөлігіне сәйкес, 432-бабына сәйкес,ҚР ҚПК-нің 405-бабы бойынша оның атына жекеше қаулы қабылдауын» сұраған Ш.Жүнісбековтің өтініші апелляциялық сотқа төрағалық етуші тарапынан қолдау таппағаны өкінішті-ақ. Әйтсе де, Алтынбаевтың шындап жауап беретін кезі әлі алда, амандық болса ол уақыт та келеді, оның істегені 6-7 жылға ойнап жетеді...

Кімнің кім екенін көрсетіп берген іс

Бірақ, тергеу ісін бекітіп, сотқа жіберген қаулыға қол қойған облыс прокурорының орынбасары Ә.Қожахметов қайда қараған деген сұрақ өзінен-өзі туындайды. Рас, сотта сөйлеген прокурор Ш.Аршабаев Ж.Меңдібаевтың «жазасын ауырлататын мән-жай деп қылмысты мас халде жасауын тануды» сұрады, «...іс бойынша жинақталған дәлелдемелер сотталушының қасақана кісі өлтіруге бағытталған іс-әрекетін айқындап отыр» деді. Бірақ, ол осылай дей тұра, қылмыс ҚР ҚК-нің 99-бабының 2-бөлімінің 9-тармағына емес, 1-бөліміне сәйкес келеді деп, 12 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Судья Ә.Шахидинов болса ... 1 жыл бас бостандығынан айырды. Бұл үкім заңның рухына емес, заңның әрпіне сүйеніп шығарылған әділетсіз үкім болды. Ол үшін жауап беретін болар... Ал, қорғаушы А.Райымбековтің апелляциялық сот барысында өзі қорғап отырған Ш.Жүнісбековтің айтқан талап-тілегін емес, прокурордың сөзін қолдағанына бірнеше рет ел куә болды. Тіпті, төрағалық етушінің өзі де «сіз неге маған «құзырыңыз білсін» дей бересіз, өзіңіз қорғап отырған адамыңызбен бірдей көзқарасты білдірмейсіз?» деп таңқалды. Сіздер мұндай қорғаушы көріп пе едіңіздер? Елдің адвокатты «соттың қалтасы ғой» дейтіні осындай нанын адал жемейтін жандардың кесірінен болса керек. Сірә, ол да көп ұзамай лицензиясынан айырылып қалар... Тек, бұл іспен «Жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» республикалық қорының ОҚО өкілі Жаңабек Әбішевтей білгір заңгердің танысып, сол кеңесшілік етіп, бір жарым ай ішінде сотқа 14 өтініш («Ходатайство дегеннің болатынын осы сот барысында ғана білдік қой» дейді Ш.Жүнісбеков...), судьяға 2, прокурорға 1 қарсылық білдіріп, алдыңғы сот тергеуінде шақырылмаған, апелляциялық сот та шақырғысы келмеген куәлерді, сарапшыларды, тергеушіні шақыртып, табандылық танытуының арқасында ғана істің шынайы мән-жайы ашылғандай болды. Апелляциялық алқа 20-наурызда «Ж.Мендібаевтың қылмысы ҚР ҚК-нің 98-бабының 1-бөлігінен ҚК-нің 96-бабының 1-бөлгіне қайта дәрежеленіп, осы баппен 12 жылға бас бостандығынан» айыруға қаулы шығарды. Бірақ, «Ж.Мендібаевтың қылмыстық іс-әрекетінен оның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлатар мән-жайлар таппайды» деп көрсеткен. Сонда қаулыда жазылған төбелес, «...Меңдібаев автомашинасынан тапанша әкеліп, онымен Құдасты атып тастаймын деп қорқытқаны қуатталады» деген тұжырым, оның ішімдік ішкені қайда? Бұлар ауырлатар мән-жай емес пе?.. Дегенмен, қандай себеппен болса да, судья З.Пірназардың сотқа төрағалық еткен кезінде (кейбір сәттерді есептемегенде) - істі туындаған сұрақтар бойынша барынша білікті әрі әділ жүргізуге тырысқанын атап өту парызымыз. Мүмкін, біз ол азаматтан артық дүниені талап етіп отырған шығармыз, «политика – искусство возможного» дегендей, бүгінгі сот жүйесінде де судья толық әділдік етуге қанша тырысса да, бұл оның қолынан келе бермейтін өнер шығар. Сондықтан, әзір қолдағы барына алғыс айтқан абзал. Тек, жаңадан ашылған аса маңыз­ды мән-жайды – қылмыс­кер Ж.Мендібаевты майор ағасы 12.05.2014 жылы түстен кейін Түркістаннан қашы­рып жібергенде, оны ағасының қолынан алып, Шымкент қаласына жеткізген куә Ғ.Әлсейіттің өтірік куәлік беріп тұрғанын сотқа төрағалық етушінің өзі байқаса да, оның бейнетаспаға түсірілген сөзін сот залында көріп болғаннан кейін «сенің мына бейнетаспада біреудің диктовать етуімен сөйлеп тұрғаның, тіпті, байқалмайды және сен қорқып қалған адамға мүлде ұқсамайсың ғой, әзілдеп, күліп отырсың, арасында «шешеңді...» деп боқтап та қоясың» десе де, полиграф («Детектор лжи») аппаратында тергеу туралы өтінішті қанағаттандырмағаны өкінішті-ақ. «Полиграф біздің облыста жоқ екен» деген де сылтау бола ма? Телеарналар саясатшыларды студиясына шақырып, «тергеуге» салып жатқанда, соттың солар құрлы құзыры мен қуаты жоқ дегенге кім сенеді? Бұл жайт істің бағытын мүлдем басқа арнаға, әділет арнасына күрт бұруға мүмкіндік беретін жайт болғаннан кейін алдағы күндері міндетті түрде шешімін табуы тиіс. Ш.Жүнісбеков «менің баламның денесінің сау жері жоқ, ал оның Жукадан таяқ жемейтіні аян. Жұрттың айтуынша Жука бекер қайтып келмеген, сыбайластарын ертіп келген, бәрі жабылып Шоқанды сабаған, ол бой бермеген, тепкіге түсіп жатып қалмаған, аналарды ұрып қашып құтылған, тек жолдың шағыл қиясына шыға алмай жатқанында оны артынан жетіп атып өлтірген» дейді. Кеше сот та өз қаулысында «Құдас оң жақ беті, оң иығы, сол жақ мықыны, іші, оң білегі, сол білегі, оң балтырына жарақатты тірі кезінде алған, және оның тасты жерге автомашинадан құлау салдарынан болуы мүмкін емес, себебі денесінің әртүрлі мүшелерінде» атап өтті. Бұл да болашақта тергелуі тиіс нәрсе. Ендеше, әділдік толық үстемдік құрды деуге әлі ерте. Елбасымыз Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының 16-съезінде сөйлеген сөзінде сот жүйесін қатты сынға алған болатын. Және оны сайлаудан кейін реформалауға да уәде берді. Сол күнге ертерек жетсек екен. Жетер ме екенбіз?...

Өмірзақ АҚЖІГІТ

"Қазақ үні" газеті