2015 жылдан бастап Қазақстанда қылмыстық істерді тергеу, сот шешімін шығару және кінәлі азаматтарды қамауға қатысты мәселелер біраз өзгеріспен атқарылады. Мәселен, ауыр қылмыстық істерден бөлек, барлық құқық бұзушылықтар үшін айыппұлдың қомақты сомасын төлеуге тура келеді. Сосын шетелдегі секілді кепілзатты төлеген қылмыскерлер тергеу изоляторынан бірден босатылатын болады. Ал сан алуан қылмыстардан зардап шеккендер үшін арнайы көмек беру қоры құрылуы әбден мүмкін. Осы іспетті өзгерістердің бәрі Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің жаңа нұсқасында көрініс тапқан. Кеше Орталық коммуникациялыр қызметінде жаңа өзгерістер жайы баяндалған еді.
Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельдің сөзіне қарағанда, арнайы мекемеаралық жұмыс тобы жаңа қылмыстық құқықтық алаң бағытында үш жыл бойы жұмыс істеген. Нәтижесінде Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің жаңа нұсқасы даяр болып, бүгінде парламентшілердің қызу талқысы үшін ортаға тасталған. Құжат жаңа қылмыстық аяны аңсайтын болғандықтан, новелладан кенде емес. Айталық, Қылмыстық кодекстің жаңа үлгісінде медициналық қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілген. Сондай-ақ киберқылмыстарға қатысты қатаң жаза қолдану қарастырылған. «Бүгінде дамыған мемлекеттерде киберқылмыстарға қатысты арнайы баптар бар. Ал біз болсақ, хакерлердің істерін әлі күнге дейін дұрыс тергей алмай жатырмыз», – деп мойындайды қазіргі олқылыққа келгенде Иоган Давидович. Бұл ғана емес, сәулет-құрылыс саласындағы қауіпсіздік үшін де жауапкершілік күшейтіледі. Соның арқасында Қарағандының «Бесоба» тұрғын-үй кешеніндегі секілді оқиғалар қайталанбайды деген сенім бар. «Жол апатында адам өліміне себепкер болған мас жүргізушіге жаза қатаң болады. Мекемеаралық жұмыс тобы мұны «ауыр қылмыс саналады» деп шешті. Ол үшін біз жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасын белгіледік. Осы орайда атап өтерлік жайт, ауыр қылмыстар бойынша тараптардың ымыраға келуі мүмкін емес», – дейді Бас прокурордың бірінші орынбасары. Ал басқа қылмыстар бойынша бас бостандығынан айырудың орнын айыппұл төлеу жазасы басады. Меркель мырзаның айтуынша, тағайындалатын осындай шараның үлесі 50 пайызға дейін артады.
«Тергеу судьясы» деген шығады
Бұдан бөлек, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жаңа нұсқасына сәйкес, сотқа дейінгі іс жүргізу тәртібін бақылау мақсатында «тергеу судьясы» лауазымын енгізу көзделіп отыр. Ол прокурорлармен бірге Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғауды қадағалайды. Осыған орай, тергеу судьясы үй қамаққа отырғызу, медициналық мекемеге күшпен қамау және тағы басқа шаралардың қаншалықты заңды екендігін әлгі тергеу судьясы тексеретін тәрізді. Сондай-ақ тергеу судьясы ауыр және аса ауыр қылмыстардан бөлек істер бойынша кепілзаттың көлемін анықтай алады. Ал кепілзат жасалған бойда тергеу изоляторының басшысы күдікті азаматты босатуы шарт. Ол үшін соттың қосымша шешімі керек емес. «Алайда адам өлімі, ұйымдасқан қылмыс және лаңкестікке қатысы бар азаматтардың кепілзаты еш қабылданбайды», – деп нық айтты Меркель мырза.
Бұдан бөлек, бас прокуратура өкілі Қылмыстық кодекстің қазіргі нұсқасынан істі қосымша тергеуге жіберуді алып тастау қажеттігін алға тартады. «Біз осы саладағы жағдайды зерделеп шықтық. Соңғы бес жылдың ішінде 4,5 рет істі қосымша тергеуге жіберу жөнінде шешім шығарылды. Ондайда тергеу амалдары қайта басталып, куәгерлер екінші рет сотқа шақырылады. Оған көп адамдардың көңілі толмайды. Біздіңше, қосымша тергеуді алып тастаудың арқасында сот қамау немесе ақтау бойынша нақты екі шешімнің біреуін қабылдайды. Әрине, тергеу кезінде қандай да бір олқылықтар орын алуы мүмкін. Мұндай жағдайда соттың кінәлі азаматты ақтап шығуы да ықтимал. Алайда бұл жолмен барлық дамыған мемлекеттер жүріп келеді. Сол арқылы тергеудің сапасы көтеріледі», – дейді И.Меркель. Айтпақшы, қылмыстық кодекстің кеңістігі ақпараттық технологиядан да кенде қалмайды. Мәселен, бейнебайланыс құралдарын қолдану арқылы қашықтан жауап алу жүйесі де енгізілуі әбден мүмкін. Бұл біздің еліміз үшін әбден лайықты дүние секілді. Өйткені Қазақстанның территориясын ескерсек, бейнебайланыс арқылы жауап алу жүйесінің тиімділігі зор. Оған қоса, бюджеттің біраз қаражатын үнемдеуге болады. Сонымен қатар бас прокуратура сан алуан қылмыстар кезінде зардап шеккен азаматтарға көмек берудің арнайы қорын құруды жоспарлап отыр. Аталған қор кінәлі азаматтардан өндірілген ақшамен толықтыралады. Бәлкім, оған жекеменшікті тәркілеу шаралары да бағытталып қалар. «Әрине, дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, осы іспетті қорлардың ақшасы зардап шеккен барлық азаматтарға жетпей жатады. Сондықтан біз қазақстандық қорды құруға қатысты заң жобасында, алдымен, асыраушысынан айырылған және жыныстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтарға көмек беруді көздейміз. Заң жобасын талқылау барысында оның барлығы қайта қаралып, тиісті өзгерістер енгізілуі әбден мүмкін», – дейді Меркель мырза.
Айта кеткен жөн, Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің жаңа нұсқасын 2015 жылы қолданысқа енгізу көзделген.
Арман АСҚАР
"Алаш айнасы"