Алматының тағы 30 базарын өртемейді, қиратады

post-207187-1257757000Талапқа сай келмей, сүріліп тынған Барахолка базарларының кебін енді Алматыдағы 74 бірдей сауда орны кигелі тұр.

Сауда орындарының 30-ы мүлдем қиратылмақ. Қалғандарын шаһар басшылығы алдағы 5 жылда қайта жаңартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды КТК арнасы. Ал алдағы қаңтардан бастап атқамінерлер Барахолканың орнында көптен айтылып жүрген жолайрық құрылысын бастамақшы екен. Бұл - Алматының құрылысына жауапты тұлғалардың тағы бір мәрте бас қосқан жиыны. Әдеттегідей, әңгіме сол баяғы шулы базар – Барахолка жайында. Бірақ жауаптылар жай емес, жаңалықпен келіпті. Қаңтардан бастап сүрілген базарлардың орнында жолайрық құрылысын бастамақ. "Біздің ойымыз сол. 2-3 жылдың ішінде құрылысты толық салып бітуіміз керек", - дейді құрылыс және сәулет басқармасының бастығы Ғабит Садырбаев. Сөйтіп, ақырында эскиздегідей жайлы кешеннің құрылысы бой көтеруі тиіс. Әзірге "жобаның іске асуына" деп бюджеттен 14 миллион теңге де бөлінген. Десе де, жабайы базардан қаланы жаппай тазартуға білек сыбана кіріскен шенділер Барахолкамен ғана тоқталмақ емес. Талапқа сай келмейтін қала ішілік 34 сауда орнының көзі жойылмақ. "Қала бойынша 74 сауда орны бар. Оның ішінде Әуезов ауданында 4, Алмалы ауданында 6, Алатау ауданында 10, Бостандық ауданында 4, Жетісуда 7, Медеуде 1, Түрксібте 2 сауда орнының тұрған жері біздің бас жобаға сәйкес келмейді", - деп жалғастырды басқарма бастығы. Басшы "жарамсыз" деп тізбекке ілген бұл сауда орындары келер жылдың басында қайта өңделу жобасын ұсынып үлгеруі тиіс. Соның бірі кісі аяғы Барахолкадан кем түпсейтін - Тастақ базары. Бірақ екінші болып, ілмекке ілінерін білсе керек, сауда орны құрылысқа әзірлігін бастап кетіпті. "Базарды жаңарту жобасын негізі біз 2004 жылы-ақ бастап едік. Бірақ дағдарыс кезінде тоқтап қалды. Енді жаңа жылдан кейін қайта қолға аламыз. Заманауи 6 ғимарат салынады", - дейді "Тастақ" базарының қызметкері Бектас Қасабеков. Осы тұста кәсіпкерлер палатасы да қарап отырмай, базарларды жаппай акционерлік қоғамға айналдыру керек деген ұсыныс ортаға тастап отыр.

"КТК"