Кеше Мәжіліс марқұм Орал Мұхамеджановтың депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен «нұротандық» тізім бойынша Әсима Бимендина депутаттар қатарына қосылды. Айта кетерлігі, бүгіннен бастап мәжілісмендер аймаққа аттанып, сайлаушылармен жақынырақ жүздесуге сапар шегеді. Маңызды аттаныс алдындағы жалпы отырыста қалаулылар бірқатар құжатты мақұлдаған болатын. Соның ішінде мемлекеттік сатып алуларға қатысты заң жобасы тартысқа толы болды.
Президент Үкіметті оңдырмай сынайтын қазан айындағы отырыста дәл осы мемлекеттік сатып алу мәселелері, яғни жалпақ тілмен айтқанда «тендер» төңірегіндегі түйткілдер қатты айтылып еді. Атқарушы билікке қадау-қадау тапсырмалар жүктеліп, тендерге қатысты былықтарды түзеу шегелеп тапсырылған болатын. Сөйтіп, Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алулар мәселелеріне арналған заң жобасына қызу кірісіп, кейіннен Мәжілісте оның тұсауын да кескен-ді. Осы аралықта бас қаржыгер «рөлінде» жүрген Болат Жәмішев портфель ауыстырып, Өңірлік даму министрлігінің басшылығына кетті. Орнына Президент Әкімшілігінен Бақыт Сұлтанов министр болып отырған еді. Сөйтіп, Мәжіліске маңызды заң жобасын мақұлдату үшін вице-премьер лауазымын қоса атқаратын Бақыт Тұрлыханұлы келген екен. Ендеше, заң жобасының жаңалықтарына да құлақ түрсек.
Ұлттық режим ендіргеннен отандық өндірушілер опық жемей ме?
Тендердегі теріс құбылысты ауыздықтайды дейтін заң жобасының мақсаты мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғалардан тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде олардың жасырын монополиясын болғызбау, тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге бағалардың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру болып табылады. Бұдан бөлек, «бармақ басты, көз қысты» құбылысын азайту, өтінім берушіні біліктілік тұрғыдан іріктеуге бақылауды күшейту шаралары қамтылады. Бұл ретте бюджеттік бағдарламалар және тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу үшін бірыңғай ұйымдастырушыны құру ұсынылады. Яғни заң қабылданса Үкіметте, облыс, республикалық маңызы бар қала мен Астана әкімдіктерінің жанынан мемлекеттік сатып алу мәселесімен айналысатын бірыңғай ұйымдастырушы орган жұмыс жасайтын болады.
Заң жобасындағы жаңалықтың және бір парасы Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасындағы Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құқықтық базасын қалыптастыру шеңберінде жасалған Мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу туралы келісімге байланысты болмақ. Осыған орай, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимді енгізу көзделеді. «Ұлттық режим 2014 жылдың 1 қаңтарынан енгізіледі. Ұлттық режимде мемлекеттік сатып алуларға отандық өндірушілермен қатар шетелдік өндірушілердің қатысуы қарастырылады. Алайда ұлттық режимді енгізу аясында Үкіметтің құзыреті айқындалады. Мәселен, Үкімет мемлекеттік сатып алу үдерісіне тыйым салуды белгілей алады. Яғни екі жылдан аспайтын мезгілде елімізде шығарылатын белгілі бір тауар мен оның жеткізушісі айқындалады. Екіншіден, Үкімет мемлекеттік сатып алу үдерісіндегі шектеулерді белгілей алады. Мұндай сатып алуларға, Үкімет бекіткен тізбеге сәйкес, Кеден одағы елдерінің өнім берушілері ғана қатыса алады. Сосын Үкімет мемлекеттік сатып алуларға шарттарды да белгілейді, мұнда да жеңілдіктер Кеден одағының өнім берушілеріне ғана ұсынылады», – дейді вице-премьер – қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алулар барысында бағамен айқындаудан сапасына қарауға қарай көшу көзделеді. Яғни ендігәрі тендерлерде бағаға емес, сапаға басымдық беріледі. Бұл ретте техникалық ерекшелікті бағалау кезінде өнім өндірушілердің ең жақсы ұсыныстарын іріктеу ұсынылады. Сарапшылар осы норма арқылы сапасыз тауарларды және қызметтерді сатып алудың жолын кесеміз деп отыр.
Айтқандай, Елбасы тендердегі бюрократтық кедергілерді, ресми тосқауылдарды сылып тастау мәселесін де көтерген болатын. Қаржы министрі осыны да оңтайлы ойластыруға бек сенімді. «Ендігәрі конкурстық құжаттамаларды түзетуге немесе оған жетіспейтін құжаттарды қосымша әкелуге құқық беретін боламыз. Соның арқасында бізде көп орын алатын «конкурстар өтпеді» деген сылтаулар азаятын болады. Сосын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің бағалары, анықтамалығы, түсініктері енгізіледі. Сол бағалар бюджеттен сатып алуларға бағдар ретінде қолданылады», – дейді Бақыт Тұрлыханұлы. Тағы бір жаңалық: еліміздегі мүгедектер қоғамдық бірлестіктерін ұйымдарға, түзеу мекемелерінің мемлекеттік кәсіпорындарына, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік сатып алуларда жеңілдік жасалып, артықшылықтар беріледі. Жалпы, заң жобасы бәсекелестікті қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлықты төмендетуге, сатып алулардың тиімділігін арттыруға бағытталады.
Сапасы бағасына сай болса игі
Сөйтіп, бұған дейін бағаға бағдарланған тендер ендігіде сапаға бет бұрады. Сөйтіп, тиынды төмен қойып тендерге қатысатын тәжірибесі жоқ кәсіпорындардың жолын кесу үшін Бақыт Сұлтанов командасы осы тәсілді қолдануды оңтайлы деп санаған. Алайда сапаға сүйеніп тендер өткізудің де екі жағы бар екені белгілі болды. «Біздің бұған дейінгі заңдарымыздың бәрінде де сапаға назар аударылған болатын. Алайда оны айналып өтудің жолдары шапшаң табылып тұрды. Бірақ біз дәл мына заң жобасында нақты жазбасақ, онда баға мәселесі қайтадан алға шығып кете береді. Қалай болғанда да, біз «баға да дұрыс болуы керек, сапа да жоғары болуы шарт» деп жазғанымыз абзал. Өйткені сапалы зат арзан болмайды», – дейді депутат Зағипа Балиева. Бір сөзбен айтқанда, мұны қазақ «арзанның суы татымайды» дейді емес пе? Әйтпесе өстіп арзан бағаны бетке ұстаған бюджеттік бағдарламалар түпкі нәтижеден жұрдай болып жатқан жоқ па?
Депутаттар балалар тағамына, мектеп оқушыларының тағамына қатысты бағаға басымдық беруді мүлдем доғару қажеттігін көтереді. Айталық, қазіргі жағдай бойынша мектеп тағамына қатысты тендерге бірдей қатысқандар арасында тіпті ақылға қонымсыз төмен баға қойып, сонымен ұтушылар қаптап кеткен. Нәтижесінде оқушы тағамының сапасы, оның құрамы мен құнары мүлдем құлдырады. Сөйтіп, мектеп жасындағы оқушылардың тағамын, оның құнарын әлем елдері бірінші орынға қойып отырғанда, қазақстандық баға саясаты сапа туралы ауыз аштырмай тастаған. Бұл да – заңның солқылдақтығы. Дегенмен депутаттар мемлекеттік сатып алулардағы осындай нәзік мәселені атүсті қарамаймыз деп отыр. Құжат бірінші оқылымда мақұлданғанымен, алдағы екінші оқылымға дейін білек сыбанатындар да бар болып шықты. Ең бастысы, палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Үкіметке «тәк-тәк» айтты. «Үкімет бізді асықтырамын деп дәметпей-ақ қойсын. Сапалы жұмыс істейміз. Әйтпесе бұл заң жобасын тек Үкімет қана тосып отырған жоқ, тауар өндірушілер де, қызмет көрсететін компаниялар да осы құжатты күтіп отыр. Ендеше, біз де солқылдай бермейтін, сапалы құжат ұсынайық», – деп түйіндеді жиынды спикер Нұрлан Зайроллаұлы.
Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері:
– Министр мырза «біз міндетті түрде қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алу туралы норманы енгіземіз» дейді. Өте жақсы норма, бірнеше рет осыған бардық та. Үкімет қазақстандық тауар өндірушілерге басымдық беретін бағдарламаны да жасады. Алайда бүгінгі нәтиже нешік? Бір ғана мысал айтайын: барлық мемлекеттік органдар, соның ішінде Парламенттің шаруашылық басқармасы Қазақстанда шығарылған автокөліктерді сатып ала бастады. Алайда солай бола бастап еді, Өскеменнен шығатын осы автокөліктің бағасы өзінен-өзі күрт 4 млн теңгеге өсіп кетті. Сөйтіп, біздің отандық көлік аяқастынан баға жағынан бірден бәсекеге қабілетсіз болып шыға келді. Өйткені дәл осы кластағы Ресейде шығатын көлік бағасы 20 мың долларға төмен. Енді не істейміз? Осы жағын ойланайық! Бұл – бір ғана мәселе.
Нұртай САБИЛЬЯНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Тендерді ұйымдастыратын басшының жауапкершілігін біз ең алдымен қарастыруға тиіспіз. Сосын сол жұмысты орындаған мердігерлердің жұмысын қабылдайтын тұлғалар да жауапкершіліктің нысанында ұсталуы шарт. Өйткені сыбайлас жемқорлықтың көпшілігі орындалмаған жұмыстарға қатысты акт жасаумен байланысты екені де жасырын емес. Сондықтан да тендерді өткізуші де, қабылдаушысы да жауапкершілікте болғаны дұрыс.
Қанат ҚАЗЫ
"Алаш айнасы"