
Әлемдік сауданың сорпасын сапырған ДСҰ-ға қосылу туралы әңгіменің тықыры былтырдан бері таяған секілді еді. Кедендік одақтағы әріптесіміз Ресей өткен жылы алпауыт ұйымның табалдырығын аттағанда, ендігі кезек Қазақстанда дегенбіз. Меже биылғы жылдың соңына дейін деп белгіленген тәрізді еді. Алайда экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова ауыл шаруашылығы саласындағы келіссөздер көңілден шықпаса, өту кезеңінің созыла беретінін алға тартады. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық интеграция істері министрі Қазақстанның ДСҰ-ға өту мерзімі емес, ондағы мемлекеттік мүдденің қорғалуы маңызды болғанын аңғартады. Кеше ДСҰ-ға кіру үдерісінің мән-жайы туралы «портфельсіз министр» ханым Мәжілісте есеп берген болатын.
1996 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына бақылаушы ел мәртебесін алған Қазақстан 2003 жылы ұйымға қосылудың ақпараттық кезеңін тауысты. Содан бергі уақыт аралығында 11,5 мыңнан астам келіссөз жүріпті. «Осы біздің Үкімет те, ондағы жігіттер де қызық: анадай алпауыт ДСҰ секілді дүние нарығының акуласына қарсы біздің бес қызымызды жіберіпті. Жанар Сейдахметқызы басшылық ететін осы команданың құрамындағы бесеуі де «болашақтықтар». Маған белгілісі – осы уақытқа дейін ДСҰ шеңберінде 11,5 мыңнан астам келіссөз жүргізілді, хаттамаларға қол қойылды, кездесулер болды. Қазіргі таңда бұл үдеріс те аяғына тақап қалған секілді. Дегенмен шетелдерге шығып жүрген кездері осы командаға қатысты барлық қолдауларды жасап жүрсеңіздер», – деп кеше Мәжілістегі Үкімет сағатына жетекшілік еткен вице-спикер Қабиболла Жақыпов ескертті шен-шекпенділерге қарата. Шындығында, министрліксіз министрлікке басшылық жасап жүрген Жанар Айтжанова ханымның ДСҰ келіссөздері тізгінін әу бастан-ақ берік ұстап келеді. Қыруар шаруа тынды, енді «қырық біріншісі» ғана қалды. «ДСҰ-ға мүше болып кіру Қазақстанның әлемдік қауымдастықтан қолайлы инвестициялық және бизнес климаты бар сенімді сауда әріптесі ретінде танылуына ықпал етеді. Дүниежүзілік сауда ұйымы, ең алдымен, дүниежүзілік тауарлар мен қызметтер саудасын реттейтін қағидалардың жиынтығы. Аталған қағидаларды бүгінгі таңда ДСҰ-ға мүше болып отырған 159 мемлекет, оның ішінде әлемнің ең ірі дамыған және дамушы экономикалары өздерінің күнделікті экономикалық һәм сауда саясатын жүргізу барысында қолданып отыр. Осыған байланысты Қазақстанның заңдарын ДСҰ келісімдер ережелерінің қағидаларына келтіру үшін Үкімет бірқатар шараларды атқарып келеді», – дейді Жанар Айтжанова.
Мәжілісмендер алдында атқарылған істердің мән-жайына кеңінен тоқталған экономикалық интеграция істері министрі Қазақстанның ДСҰ-дан кейінгі кезеңіне де арагідік көз жүгіртіп отырған болатын. Мәселен, министр Жанар Айтжанованың айтуынша, Қазақстан ДСҰ-ға енгеннен кейін елдегі байланыс саласы күрт арзандап, шетелдік банктер ішкі нарыққа ентелей енетін болады.
Жанар АЙТЖАНОВА, экономикалық интеграция істері министрі:
– Қазақстан ДСҰ-ға өткеннен кейін 2,5 жылдан соң қалааралық және халықаралық қызмет көрсететін компаниялардағы шетел капиталының үлесі 49 пайыз мөлшерінде белгіленген шектеу жойылады. Сөйтіп, осы салаларда шетелдік телекоммуникациялық компаниялар тарапынан жасалынатын инвестицияларға жол ашылады. Айта кетерлігі, біз «Қазақтелеком» компаниясындағы шетел капиталының көлемі 49 пайыз мөлшерінен аспайтын шектеуді сақтап қалуға тырыстық, бұл ДСҰ-ға кіргеннен кейін өз күшінде болады. Сосын ДСҰ-ға өткен күннен бастап 5 жылдан соң шетел банктері мен сақтандыру ұйымдары Қазақстанда тікелей филиалдарын ашуға мүмкіндік алады. Өз кезегінде Қазақстан қаржы нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында шетел қаржы компанияларына арнайы міндетті талаптарды қолдана алады.
ДСҰ-ға өту мерзімі екі бағыттағы келіссөздің қалай өрбитініне тәуелді
Сөйтіп, экономикалық интеграция істері министрі Жанар Сейдахметқызының сөзіне қарағанда, ДСҰ келіссөздері түгесілген десе де болады. Дегенмен Қазақстан үшін барынша маңызды болып табылатын екі мәселе бойынша әлі ортақ ұстаным айқындалмаған секілді. Оның бірі – ауыл шаруашылығындағы субсидиялауларға қатысты. Министр тіпті бұны өте күрделі келісссөздер деп атап өтіп, оның әлі күнге жүргізіліп жатқанын ерекше атап өтті. Бақсақ, дәл осы ауыл шаруашылығындағы субсидиялау мәселесі ДСҰ аясындағы келіссөздердің былтырдан бергі күрмеуінен ажырамай тұрған бағыты болып отыр. Ендеше, дәл осы келіссөздер қалай түгесілсе, сол күннен бастап ДСҰ-ға өту туралы әңгіме шындыққа айналатын тәрізді. Мұны Ж.Айтжанова ханым да білдірді. «Қазіргі таңда Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды мақсат ретінде келіссөздер шеңберінде болашақта ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мүмкіндік беретін мемлекеттік субсидияларды жеткілікті деңгейде сақтап қалу болып отыр. ДСҰ ережелері бойынша саланың институционалдық дамуына және ауылдағы инфрақұрылымды ұйымдастыруға бағытталған мемлекеттің көмек шаралары шектеусіз жүзеге асырыла алатынын атап айту қажет. Келіссөздер барысында түпкілікті тауардың бағасы мен өзіндік құнына әсер ететін субсидиялардың көлемі талқыланады. Біз агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламасымен белгіленген деңгейде аталған субсидиялардың көлемдерін бекітуді ұсынып отырмыз», – дейді Жанар Сейдахметқызы.
Қазақстан тарапы келіссөздер барысында келісімге келе алмай жатқан екінші бағыт жер қойнауын пайдаланушылар үшін қазақстандық қамтуды қолданудың өтпелі кезеңіне қатысты болып отыр. «Ауыл шаруашылығын субсидиялау бойынша келіссөздер өте күрделі. Дегенмен келесі жылы уағдаласатын шығармыз. Ал осы аяқталса, бірден ДСҰ-ға кіруге қатысты техникалық құжаттарды рәсімдеуге кірісеміз. Ал ДСҰ-ға кіру елімізге ауыр болмайды деп санаймын. Өйткені аса күрделі деңгейде өткен келіссөздер соңғы 10 жылдан бері жалғасып келеді. Сондықтан Қазақстанның ДСҰ-ға кіруінде «қамыт» сияқты шарттар болмайды деп ойлаймын», – дейді Жанар Айтжанова.
Автокөлік нарығы: Ресей алымнан бас тартпаса, Қазақстан да қатаң шараға барады
Былтыр Ресей ДСҰ-ға өткеннен соң Кеден одағы аясында күрт өзгерістерді күткендер де, соған орай Қазақстан да әлемдік ұйымға апаратын қадамын шапшаңдататынын айтқандар да болып еді. Ондай болжам далаға кетті десе де болады. Өйткені Қазақстан ауыл шаруашылығы саласындағы позициясын әлі берік ұстанып тұр. Айтжанова ханым бұның солай болуы тиістігінен еш танбайды. Ендеше, бізге асығыстық жоқ. Ең бастысы, еліміздің жанды жері – ауылшаруашылық саласындағы мемлекеттік мүддеге берік болғанымыз ләзім. Қош делік. Ал ДСҰ аясындағы Ресейдің халі нешік? Әлбетте, онда да еш өзгеріс жоқ. Дегенмен «орыс автопромы» осы алпауыт ұйым аясында өзінің абыройынан айырылып қала жаздады десе де болады. Мәселен, автокөліктер импортына Ресей утилизациялық (қалдық алымы) алым қабылдап, кейін бұған ДСҰ-ға мүше бірнеше мемлекет өре түрегелген. Қазір дәл осы әңгіме түгесілген жоқ. Тіпті біздің мүддемізге кері әсерін тигізетін болғандықтан Қазақстан да Ресейдің жетегінде кетпеуге тырысады. «Ресей қабылдаған утилизациялық (қалдық алымы) алым – бұл импорттық автокөліктерге импорттық кедендік бажды төмендету мақсатында РФ Үкіметімен қолданылып отырған шарғы. Әлбетте, Ресей өзінің автокөліктерінің өндірісіне басымдық беруді қалайды. Осы бағытта ресейлік автоөнеркәсіпті дамытуға арналған шетелдік және отандық инвесторлармен жасалған 2020 жылға дейінгі меморандумдары бар. Ал мұндай меморандумның міндеттемелерін орындау аясында Ресей импортталатын автокөліктер үшін утилизациялық алым енгізген болатын. Бұл үдеріс ДСҰ нормаларына да қайшы. Менің білуімше, Кеден одағының аясында көлік нарығына енуге ниетті Еуропалық одақ пен Жапонияның бастамасымен ДСҰ шеңберінде осы ресейлік алымға қатысты пікірталас қатты өршіп тұр. Ал бұған жауап ретінде Ресей қалдық алымды тек импорттаушыларға ғана емес, сонымен бірге шығарушыларға да енгізіп отыр, бұдан бөлек олар көлік құралдарын шығарумен айналысып жатқан кәсіпорындарға субсидия мәселесін де қарастырып жатыр», – дейді Ж.Айтжанова. Министрдің сөзіне қарағанда, Кедендік одақ қалыптасқалы бері Қазақстанда да автокөлік құралдарын шығару өндірісі алға жылжып келеді. Қазір қазақстандық көліктің жылдық өндірісі 19 мың данаға жеткен. Дегенмен Ресейдің енгізіп отырған алымы қазақстандық автоөнеркәсіп дамуына да тұсау болуы ықтимал. «Біздің жаңа жеті кәсіпорын Ресей мен Беларусь нарығына бағдарланып еді. Сол үшін біз қазір Ресеймен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Олар біздің алдағы экспортымызға қатысты қалдық алымды қолданбауы керек немесе Қазақстан да ресейлік автокөліктердің біздің елімізге импортына қатысты шаралар қолдануға мәжбүр болады», – деді министр. Ал Ресейдің ығына жығылып, кедендік әріптес секілді «утилизациялық алым» енгізу біз үшін ешқандай опа бермейді. «Керісінше біз бұндайды енгізсек, ДСҰ шеңберіндегі келіссөз сол күні-ақ тоқтап қалады», – дейді экономикалық интеграция істері министрі.