Билік шиеттей бала-шағаның көз жасына да қарамады...
2013 ж. 15 қараша
1776
0
Астанадағы Назарбаев университетi мен Назарбаев интеллектуалдық мектебiнiң арасындағы құрылыс алаңындағы үйдiң тұрғындары Сандуғаш Серiкбаева мен Ұйым Жолдасбаеваның кран басына шығып, наразылық танытып отырғандарына 3 күн толды.
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекшi, бұл жолғы наразылық шарасы да жер дауынан шықты. Екi отбасының жалғыз баспанасы болып отырған үйдiң жер телiмi “мемлекеттiң қажетiне керек” деп танылып, сот шешiмi шыққан. Мемлекет жер телiмiн бар-жоғы 32 мың долларға бағалапты.
Ал құрылыс алаңында тұрған жалғыз үйде екi бiрдей көпбалалы отбасы өмiр сүредi. 13 жанның жалғыз панасы болып тұрған бұл баспананың қабырғасына “Назарбаевтың атын жамылып, халықты тонап жатырсыңдар” деген сөздiң де жазылғанына, екi келiншектiң шамамен 30 метрлiк биiк кранға шығып мемлекеттiң көк туын iлгенiне және шиеттей қара домалақтардың күннiң суығына қарамай президенттiң суретiн ұстап, аналарын жерде күтiп шырылдағанына 3 тәулiк болды. Бiрақ құзырлы орындардан татымды жауап әлi жоқ.
Үлкенi мектеп жасында, кiшiсi ендi ғана үшке толған балалар қалпақты ағаларына жалынып, жалбарынып тұр. Олар “Үйiмiздi бұзбасыншы, апам төменге түссiншi” деп егiледi. Бiрақ тастай суық, қабағын түйiп алған қалпақтылардың көңiлiн бесiктен белi шықпай, тiршiлiктiң қиыншылығын көрген балалардың көз жасы жiбiте алмады.
Кеше түс ауа кранның басында 3 күннен берi дәм татпай отырған қос келiншекке хабарластық. Алайда тiлдесудiң ретi келмедi, телефондары сөндiрулi тұрды. Туыстарының айтуынша, телефон қуаты таусылып қалған. Ал басқа телефонды берейiн десе, кранды қарауылдап тұрған құқық қорғаушылар рұқсат етпеген.
Сандуғаш Серiкбаеваның бұл үйдi паналағанына 11 жылдың жүзi толған. Қыстың көзi қырауда, 11 қараша күнi сот орындаушылары бұл отбасынан үйдi босатуды талап еткен. Онсыз да отағасының 50 мың теңгелiк айлық жалақысына күнi қарап, әупiрiмдеп күнелтiп жүрген отбасының барар жерi, басар тауы жоқ. Пәтер жалдауға қауқарлары жетпейдi. Жығылғанға жұдырық, көпбалалы отбасына пәтер иелерi үйiн жалға беруi де неғайбыл. Ендi не iстемек керек? Шарасыздық, әдiлетсiздiк екi келiншектi кранның басына шығып, наразылық танытуға мәжбүр еттi.
Дилара ИСА
"Жас Алаш"