Алматы Астанамен бірге көркейіп жатыр, оңтүстік астанада даму жағынан ешқандай кемшілік жоқ. Кеше Алматыдағы бірнеше нысанды аралап көрген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарын осындай тұжырыммен қорытындылады.
ҚР Президенті Әл-Фараби даңғылы мен Розыбакиев көшесінің қиылысындағы жаңа жолайрықты барып көрді. «Қаланың басты мәселесі – экология, көшеде көлік кептелісі бар, сол себепті жолайрықтардың салынуы өте дұрыс. Өткен бір жылдың ішінде ғана 13 жолайрық салынған. Енді олардың саны 20-ға жетеді. Көлік кептелісі азайып, қала ауасы аз ластанатын болады», – деді Елбасы. Бұдан соң Мемлекет басшысы MEGA-2 жаңа сауда – ойын-сауық орталығында болды. Бұл – MEGA орталығының жанынан бой көтерген қосалқы кешен. Үш деңгейлі орталықтың аумағы – 78 850 шаршы метр. Сөйтіп, бұрынғы сауда-ойын-сауық орталығы екі есе аумаққа ұлғайып отыр. Жаңа ғимараттың жобасын ағылшынның Chapman Taylor сәулет компаниясы жасаған. Қазіргі заманғы орталық 1400-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді, сонымен бірге, ол мемлекет қазынасына аударылатын салықтың көлемін арттырды. Биыл MEGA Alma-Ata-ның алғашқы орталығы қазынаны 400 млн теңгемен байытса, енді келер жылдан бастап, кеңейтілген кешен бюджетке 1 млрд теңгеден астам қаржы түсіретін болады. Сауда-ойын-сауық орталығында әйгілі брендтерді айтпағанда, 1000 орындық амфитеатр, түрлі арт-инсталляциялар, 9 мейрамханадан тұратын кластер, ойын-сауық парктері, алып аквариум және тұрғындардың тынығуы мен көңіл көтеруіне арналған басқа да орындар бар. «Аймақтарды, соның ішінде, Алматыны аралай отырып, мен жаңадан салынған, адамдардың жайлы өмірі мен қаланың тиімді дамуы үшін қажетті көлік инфрақұрылымы және әлеуметтік сала нысандарын қарап шығамын. Алматы мейлінше әдемі әрі өмір сүруге қолайлы болып келеді. Мына сауда орталығы қазіргі заманғы нысан ретінде қалаға сән береді. Жастар ешқайда бармай-ақ осы жерден киінетін болады. Алматыда қонақүйлер де пайдалануға беріліп жатыр. Тұтастай алғанда, Алматының жағдайы өркендеп келеді, жергілікті әкімдік бұл бағытта көп жұмыс істеп жатыр. Жолайрықтар мен метроның енгізілуі, көшедегі жолдардың көгертілуі, жөнделуі, барлығы халыққа жақсы. Үйлер де салынып жатыр. Инвестициялық ахуал жөнделіп келеді, соның бәрі Алматының Астанамен бірге көркейіп жатқанын, бұл жерде ештеңенің тоқтап қалмағанын көрсетеді деген тұжырымға келуімізге болады. Алматылықтарға жақсылық, тыныштық, бақ-береке тілеймін!» – деді Президент. Оңтүстік астанаға бокстан Қазақстанда өткен тұңғыш әлем чемпионатын тамашалау үшін келгенін айтқан ол бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен біріншілікке қатысқан спортшыларға құттықтау сәлемін жолдады. «Мен біздің тамаша боксерлерімізді құттықтағым келеді. Бокста Қазақстан дәл мұндай жеңіске бұрын-соңды жеткен емес. Әлем чемпионаттары тарихында бокстан алты медаліміз болса, енді бір чемпионаттың өзінен төрт алтын, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алдық. Мен чемпиондарды шын жүректен құттықтаймын, олардың табысына қуаныштымын. Бұл да Қазақстанның гүлденуін насихаттаудың бір жолы деп есептеймін», – деді Н.Назарбаев.
Болатбек Мұхтаров, "Алаш айнасы"