ЕЛІМІЗДЕГІ СУИЦИД ОҚИҒАЛАРЫ ТЕК БІР ОҚУ ОРНЫНДА ҒАНА БОЛЫП ЖАТЫР МА?!.
2026 ж. 23 қараша
59
2
Өкінішке қарай, соңғы төрт жылда жоғары оқу орындарында 34 дерек тіркеліпті...
Жұрттың бір жаман әдеті бар. Әлдебір мекемеде ешкім ойламаған, жантүршігерлік оқиға бола қалса, ештеңенің байыбына бармай, бірден сол жердің басшылығын кінәлауға жаппай кірісіп, жарысқа түсіп кетеміз. Бұл жолы да солай болып жатыр. Әңгіме әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетіндегі 1-курс студентінің өз-өзіне қол салуына байланысты басталды. Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады дегендей, 16 қарашада әл Фараби университетінде тағы да 1-курстағы шәкірт қазасы болды. Марқұм география және табиғатты пайдалану факультетінің студенті екен. «Баламыз Алматыда университетте оқып жүр» деп, болашағынан үміт күтіп келген әке-шешелері мен туған-туыстарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Полиция бұл жағдай бойынша күдіктіні ұстаған. Қайғылы оқиғаның факультет жатақханасында түн жарымдағы төбелес кезінде болғаны айтылуда. Соған байланысты универсиеттің тұрақты даму жөніндегі проректоры мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметтерінен босатылды. Тағы бірнеше қызметкер жұмысынан шеттетілген.
Сонымен, университет қызметкерлері жазаланды, дұрыс. Былайғы жұрт та оларды оңдырмай табалап жатыр. Ал оқиғаның ел ұйқыда жатар түн жарымда болғанымен ешкімнің де шаруасы жоқ. Оқытушылар студенттермен бірге қонбайтын шығар?.. Сондай-ақ, бұл жерде ең алдымен ата-ананың бала тәрбиесі мен студенттердің жауапкершілігі басты мәселе болып тұр емес пе? Сондықтан олардың да мәселесі қатаң қаралуы керек деп ойлаймыз. Яғни бұзақы ұлдың қалай өскенін назардан тыс қалдырмаған жөн. Тәрбие мен тәртіпті де ұмытпайық. Барлық ЖОО-лар жатақханаларында полицияның қатаң бақылау қызметі жолға қойылуға тиіс. Былайғы жұрт бұл жайтты да ойласын. Жалпы, қит етсе, тек ұстазды бас салып төпелей бермей, мәселені жан-жақты қарастыру керек-ау деген ой ғой біздікі.
Болған жағдайларға қайғырып көңіл айтамыз. Бұндайды ешкімнің басына бермей-ақ қойсын. Перзентінен айырылып, көз жасын төгуге жеткізбесін Құдай. Сөз жоқ, бұған кінәлілер жазасыз қалмауы керек. Бірақ алдымен оны тергеп-тексеріп, мәселенің мәнін анықтап алған жөн.
Ал бізде қалай? Бізде бәрі құзырлы органдардың ресми мәлімдемесін күтпей, бірден ҚазҰУ басшылығын кінәлай бастады. Көбісі жапатармағай адам өлімінен өз есебін түгендеп, тіпті рейтингін көтеріп алуға қос қолын ысқылап кірісіп кетті. Бұл жерде біреу адамның басына түскен қайғыны ойлап отырған жоқ, өзінің ғана жайын ойлап отыр. Біреуге «жығылғанға жұдырық» қағидасын қолданғысы келетіндей. «Біреудің үйі өртеніп жатса, біреу келіп қойының басын үйітіп алыпты» деген дәл осылай шығар...
Әлбетте, бұл жағдайға шын ашынатындар да көп. Алайда олардың да кейбірінің ашу үстіндегі ойы осы жаққа қарай ойысып кетіп жатыр. «Бәріне басшылық кінәлі» дегенді айтады. Өз оқу орнында болып жатқан жағдайға басшылар жауап беруі керектігі рас. Бірақ осы жайтты алдымен кеңінен зерделеп көрейікші. Өйткені жастар, жалпы тұрғындар арасындағы суицид бір университетті ғана ойландыруға тиіс мәселе емес. Бәріміз ойлануымыз керек.
Елімізде аты өшкір суицид тек бір университетте, ҚазҰУ-да ғана болып жатыр ма? Басқа оқу орындарында бәрі тамаша ма?!.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы төрт жылда (2023-2026) еліміздің жоғары оқу орындарында осындай 34 дерек тіркеліпті. Әр жылғы сан әртүрлі. 2023 жылы – үшеу, 2024 жылы – жетеу, 2025 жылы – 18, 2026 жылы – алтау. Бұл сандарды көп немесе аз деп салыстыру үшін келтіріп отырған жоқпыз. Әр баланың өлімі – үлкен қайғы. Әрқайсысының артында ата-анасы, бауырлары, туысқандары қалды қан жылап. Сондықтан бұған жәй статистика ретінде қарауға болмайды.
Дей тұрғанмен, мына бір статистикаға да тоқтала кетуді жөн көрдік. 2025 жылы Астанадағы Назарбаев университеті мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің әрқайсысында 2 оқиға болған. Тараздағы М.Х.Дулати атындағы университетте бір жылда 4 суицид оқиғасы болған. Бұл университетте тіпті, төрт жылда жалпы 6 суицид оқиғасы тіркеліпті. Енді қараңызшы: Назарбаевта студент саны 6000-7000, Сейфуллинде – 12000-13000, Дулатиде – 10000, ал Фарабиде – 33000-34000 мың төңірегінде (ашық дереккөздерден алынды). Осы сандарды өзіңіз оқиға сандарымен салыстырып көрсеңіз, басқаша ойлай бастайсыз...
Бұл мәліметтерді келтіргенде, біз әркімде болатын жағдай ғой деп жылы жаба салуға да тырысып отырған жоқпыз. Қайталап айтайық, бұл жерде мәселенің мәнін терең ұғынып, соған сай қарекет етуіміз керек.
Алдымыздағы мәліметтен ЖОО-лардың осы жайтқа қол қусырып қарап отырмағанын да байқаймыз. Бүгінде жоғары оқу орындарында студенттердің күйзеліс жағдайын ерте анықтап, оларға психологиялық қолдау көрсетуге қатысты түрлі шаралар жүзеге асырылып жатыр. Әрине, ҚазҰУ-да осы мақсатта атқарылған қыруар шаруаны да айтуға болады.
Жалпы, ЖОО-лар мен одан кейінгі білім беру ұйымдарының бәрінде психологиялық қызмет бар. Бұл бағыта 227 психолог жұмыс істейді екен. Осы психологиялық қызмет мамандары мен әлеуметтік даму және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректорларға арнап өз еліміздегі және халықаралық сарапшыларды тарту арқылы семинарлар мен курстар өткізіліп тұрады. Сондықтан бұл бағытта жұмыс жүргізілмей жатыр деп ауызды қу шөппен сүрте алмаймыз. Әрі осы тұрғыдағы күллі мәселені бір ғана оқу орны мен оның басшылығына таңып қоюға болмайды.
ҚазҰУ – өте ірі университет. Ресми дерек бойынша, қазір онда 34,5 мың студент пен 3300-дей оқытушы бар. Ал біз оқуға түскен 1991 жылы бұл унверситетте 8 мың студент бар деп айтылатын. Яғни 35 жылда шәкірт саны төрт еседен артық өскен. Бүгінде әл Фараби университеті соншама жасқа білім беріп отыр.
Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-ға ректор болып 2021 жылдың ақпан айында келген. Содан бері оқу орнын жандандыруға қатысты түрлі игі жұмыстар атқарылды. Жаңа зертханалар мен филиалдар ашылған. 2024 жылы университет аумағында Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер орнатылды. Қазір Фараби суперкомпьютер орталығы (Farabi Supercomputer Center) стратегиялық маңызға ие ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Сол 2024 жылы ашылған Farabi Hub арқылы ғылымға инвестиция тартылып жатыр. Бұларға жақында III Стратегиялық серіктестер форумында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ректор Түймебаевты ерекше атап өткенін қосыңыз.
«Елімізде 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашты. Осы білім ордаларында 12 мыңнан астам студент оқиды, сондай-ақ 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында шетелден келген 600-ден астам профессор бар. Қазақстан осы аймақта алғашқы болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына қосылды. Бұл – қазіргі әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, елші Жансейіт Түймебаевтың арқасы», – деді Президент.
Әрине, осының бәрін игеріп отыру Түймебаев басқаратын ұжымға оңайға соқпасы анық. Сөйте тұра, бұның жастардың әлеуметтік, психологиялық мәселесіне қатысты жұмыстарды ысырып қоюға да себеп болмайтыны белгілі...
Жалпы, педагогтар қазіргі балалардың психологиясы әлсіз екенін алға тартады. Әрі олардың өміріндегі соңғы қадамға баруына әртүрлі жағдай әсер етеді. Студент болған жастың мүлде жаңа ортаға тап келетіні мәлім. Сол жерде ол өз бетінше ақша тауып, жағдайын жасағысы келеді. Қатарластарымен, ұстаздарымен арада түрлі түйткіл туындайды. Осының бәрі оны күйзелтпей қоймайды ғой. Ал соны еңсеру кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Сондықтан бұны бір ғана себепке тіреп қойып, бар жауапкершілікті ұстаздар қауымына арта салу әсте де дұрыс емес. Бірақ бұл сөзімізді біреулерді ақтап алу үшін айтты ғой деп ойласаңыз, қателесесіз.
Адам өмірі — бәріміз үшін қайталанбас, әрі орны толмас ең қымбат қазына. Қазақстан Республикасының Конституциясында да ең қымбат қазына ретінде адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары бекітілген.
Ең бастысы, ешкім айдың-күннің аманында баласынан, бауырынан, ең жақынынан айырылып, жыламасын деп тілейік.
Ол үшін бәріміз де жауапты екенімізді ұмытпайық!
Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Оразәлі БАЙМҰРАТ,
Қазақ үні