ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ДОСТЫҒЫНЫҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ – ЖҮСІП ӘБДІРАХМАНОВ
2026 ж. 20 қараша
30
0
2026 жылдың 17 қарашасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультеті мен журналистика факультетінің ұйымдастыруымен және ҚР Көркемсурет академиясының қолдауымен «ЖҮСІП АБДРАХМАНОВ: МЕМЛЕКЕТТІК ҚАЙРАТКЕР және ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ ТҰЛҒА. ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ ХАЛЫҚТАРЫ: ОРТАҚ ӨТКЕН ЖОЛ» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Қырғыз мемлекеттілігінің негізін қалаушылардың бірі Жүсіп Әбдірахманов 1927–1933 жылдары Қырғыз АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болды. 1932–1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық кезінде Қырғызстанға босып келген мыңдаған қазақ отбасыларына пана болып, қамқорлық көрсетті. 1938 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болып атылды. Сүйегі «Ата-Бейит» мемориалдық кешенінде жерленген.
Конференцияны ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. ҚР Парламенті Мәжілісінің VII, VIII шақырылым депутаты Қазыбек ИСА модераторлық етіп, жүргізіп отырды.
Құттықтау сөздерді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультетінің деканы Досбол Байғұнақ, Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдықтың вице-консулы Мирлан Сыдығалиев және Жүсіп Абдрахмановтың немересі Канат Тілеулиев Абдыманапұлы айтты.

Алғашқы баяндаманы қазақтың көрнекті ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Мәмбет Қойгелді жасады. «Тұрар Рысқұлов пен Жүсіп Абдрахмановтың саяси ұстанымдарының ұқсастығы» атты баяндамада бауырлас қос халықтың дос болған тұлғалары туралы нақты мәліметтер келтірілді. Әйгілі Манас жырының өзінде қазақ-қырғыз достығы жырланатынын тілге тиек етті. Кезінде Алматы қаласында еңбек жолын бастаған, қазақ қызына үйленген Жүсіп Әбдірахмановтың кейін қазақ халқына көрсеткен қамқорлығы мен сол бір Кеңес империясының қылышынан қан тамған қиын заманында жасаған ерлігін қастергеуге лайық екенін дәлелдеп, Алматы қаласынан ескерткіш тұрғызу туралы ҚР Көркемсурет академиясының ұсынысын қолдады.
Қырғыз Республикасынан келген тарих ғылымдарының докторы, «Ата-Бейит» ұлттық-тарихи кешенінің директоры, отставкадағы полковник Болотбек Абдрахманов «Қырғыз АССР Үкіметі басшысы Жүсіп Әбдірахмановтың өмірі мен қайраткерлігі» атты баяндамасында «Ата-Бейит» мемориалдық кешені орнынан 1938 жылы репрессияда атылған 138 адамның сүйегі табылғанын, ол жерде 1927–1933 жылдары Қырғыз АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болған Жүсіп Әбдірахмановпен бірге әлемге әйгілі даңқты жазушы Шыңғыс Айтматовтың әкесі Төреқұл Айтматовтың да сүйегі табылғанын баяндады. Жүсіп Әбдірахмановты құрметтеп отырған Қазақ халқына рахмет айтты. Сонымен қатар Қырғыз елінде репрессияға ұшыраған 540 адамның өмірбаяны жазылған кітапты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасына табыс етті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, отставкадағы полковник Талдыбек Нұрпейіс «Ашаршылыққа араша түскен Жүсіп Әбдрахманов» атты маңызды баяндама жасады. Тартымды баяндаманың қорытындысы «Өткен ғасырдың 38 жылдары Жүсіп Әбдірахманов бастаған мемлекет қайраткерлерін сол кездегі полковниктер соттаса, енді қазіргі полковниктер ақтап отырмыз» деген табылған сөз болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің ассистент-профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аманқос Мектеп
«Ашаршылық – орны толмас ұлттық апат (ХХ ғасырдың 20–30 жылдары)» атты баяндамасында сол бір заманның апатын нақты дәлелдермен баяндады.
Қырғыз Республикасынан келген тарих ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Айтматов академиясының академигі, архивтанушы Жумагул Байдилдеев – «Жусуп Абдрахмановдун 1932-жылдагы улуу жуттагы келгин казактарга боордоштук камкордугу» атты күшті баяндамасынан көп нақты мәліметтер алдық.
Қырғыз ағайындардан Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің отставкадағы полковнигі Бақтыбек Алиев те өзінің Жүсіп Әбдірахмановқа деген зор ықыласы мен оған көрсетіп жатқан құрметі үшін қазақ халқына деген алғысын әдемі жеткізді.
Қырғыздың белгілі киноактері, қазақтың көрнекті режиссер-драматургы Сатыбалды Нарымбет түсірген тарихи-биографиялық драмада ұлт көсемі Мұстафа Шоқайдың рөлін сәтті орындаған Әзиз Бейшеналиев те өзінің осы конференциядан алған әсерін жеткізді. Жүсіп Әбдірахманов тұлғасына тоқталып, қазақ халқына рахмет айтты.
ҚР Көркемсурет академиясының вице-президенті Асхат Қаратабанов конференцияға қатысушы бірнеше ғалымды бастааған академия медалымен марапаттады.
Тарихымызға тереңдеген тағылымы зор халықаралық конференцияны жүргізуші Қазыбек Иса қорытты.
ҚАЗАҚТАРДЫ ҚОРҒАҒАН ЖҮСІПТЕЙ ЕРДІ ҰМЫТПАЙМЫЗ, ҰЛЫҚТАЙМЫЗ!
-«Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының басынан өткен қиын замандар аз болмаған. Сондай кезде қол ұшын созған туыс халықтардың нартұлғаларын біз ұмытпай, қадірлей беруіміз керек. Солардың бірі кешегі 1928-1933 жылдардағы Кеңес империясы мен Голощекин қолдан жасаған зұлмат ашаршылықтан аман қалу үшін босқан ел көрші Қырғыз, Өзбек, Қытай елдеріне ауып кетті! Іргелес жатқан қырғыз еліне босып барған мыңдаған қазақты бауырына басып, мемлекеттік деңгейде қорғап, қолдау жасаған, жер беріп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп, жұмыс берген сол кезеңдегі Қырғыз Республикасы Үкіметінің басшысы Жүсіп Әбдірахманов.
Жүсіп Әбдірахмановтың ерлігі Қазақстандағы қолдан жасалған алапат ашаршылықтың Голощекиннің ісі екенін сол кезде күнделігінде ашық жазып, айыптайды.
1932 жылы Алматыда миллиондаған қазақ сүйегінің үстінде тұрып өткізген жиында қанішер Голощекин “Қазақстан қандай бақытты ел”-деп оттап тұрғанда, көшеде қырылып жатқан мәйіттердің иісі ашық терезелерден залға сезіліп тұрған...
Ал 50-ші жылдары Қытайдағы қиын-қыстауда Шығыс Түркістаннан Гималай асып, Пәкістанға ауып барған қазақтарды Түркия үкіметінің басшысы Аднан Мендерес шақырып, жер берді, жұмыс берді, қорған болды?!.

2021 жылы 12 қарашада Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің VIII саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, өткен ғасырдың ортасында қиын-қыстауда Шығыс Түркістаннан Тибет пен Гималай асып, ауа көшкен қазақтар Үндістан мен Пәкстанға барғанда шақырып алып, бауырына басқан бауыр ел Түркияның көрнекті мемлекет қайраткері, сол кездегі премьер-министрі Аднан Мендерестің рухына қазақ халқы атынан тағзым етті.
Енді міне, қиын-қыстауда қазақтарға кең құшағын ашқан Жүсіп Әбірахмановтың да бауырмалдығы мен ерлігін ешқашан ұмытпаймыз! Әрқашан ұлықтаймыз!
Қазақ Елі мен Қырғыз Елінің бұрыннан жалғасып келе жатқан туыстығының жарқын үлгісі - Жүсіп Әбдірахманов.
Қазір Алматыда Мендереске ескерткіш қойылған. Бүгінгі конференцияда сөйлеген академик Мәмбет Қойкелді ағамыз бастаған ғалымдардың барлығы да қазақ халқына қиын кезде көрсеткен қамқорлыңы үшін Жүсіп Әбдірахмановқа Алматыдан ескерткіш қою ұсынысын қолдауда.
Жүсіп Әбдірахманов ашқан 1500 қазақ балалар үйінде дәл сол ашаршылықтың қиын кезінде көрші елді паналап барған біздің мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі, қазақтың көрнекті жазушысы Кемел Тоқаев пен ағасы Қасым да болғаны белгілі.
Қазақтың үштен бірін опат етіп, осылай жан-жақтағы елдерге бостырып жіберген 1928-1933 жылдардағы зұлмат ашаршылықтың қасіретін Қазақстан Парламентінде 2020 жылы «Ақ жол» партиясы көтерді. Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов депутаттық сауалында ашаршылық кезінде шығын болған миллиондаған бейкүнә жандардың, әсіресе сәбилердің қасіретін жеткізу үшін менің «Зұлмат» толғауымнанан үзінді келтірген еді.
«Қолын жайып нан сұраған сәбилер,
О дүниеде дұға сұрап жүр әлі…»
Ол бұл шумақты келтіре отырып, "күнәсіз кеткен бейкүнә жандар алдында біздің борышымыз әлі өтелген жоқ" деп қазақ халқының басынан өткен трагедияға саяси-құқықтық баға беруді талап еткен болатын.
Ал менің «Зұлмат» атты 4 миллион қазақтың азасына арналған толғауым БАҚ беттерінде («Қазақ үні», «Абай.кз» т.б. ақпараттық порталдарда) кеңінен талқыланды. Кейін Парламенттің келесі шақырылымында (2021 жылы) Мәжіліс депутаты болып сайланған біз де Парламент қабырғасында Ашаршылық тақырыбын одан ары жалғастырдық.
Біз Ұлттық апат болған қасіретті жылдарымызды ұмытпаймыз!
Тұтас халыққа қарсы жасалған әлемдегі ең ауыр қылмысты айыптаймыз!
ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2023 жылғы 31 мамырда: “Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа жеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе» деп атап айтты.
Қазақ пен қырғыз халқы о бастан төскейде малы, төсекте басы қосылған ағайын ел. Қазақ-қырғыздың достығы әйгілі Манас жырынан бері жырланып келе жатқанын жақсы білеміз.

Бүкіл түрік әлемінің қазынасы осы Манас батыр жырын қазақтың ұлылары Шоқан Уәлиханов зерттеп, әлемге танытып, елуінші жылдары кеңес империясының идеологиялық қылышынан қорғап қалған қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов екені екі елге де белгілі. Ал қазақтар Адамзаттың Айтматовы атаған заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс ағамыз өзіне көп қамқорлық жасаған қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовті өмір бойы өзінің рухани ұстазы, пірі тұтып өткен. Әуезов Айтматовтың алғашқы қадамдарына ақ батасын беріп, оның «Жәмила» повесін жоғары бағалап, әлемдік деңгейге шығуына үлкен қолдау көрсеткен. Әйгілі Ленидік сыйлықты алуына ықпал еткен. Айтматов қазақтың мұзбалақ ақыны Мұхтар Шахановты іні санап, дос ағасы болып өтті, бірге кітап жазды.Сонымен бірге қазақтың көрнекті қаламгерлері Қалтай Мұхамеджанов, Шерхан Мұртаза, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнола Қабдоловтармен де жақсы байланыста болды.
Жалпы ақбас Алатаудың екі етегін ен жайлаған қазақ-қырғыз елдерінің ақиық ақындар Жамбыл мен Тоқтағұлдың айнымас достығынан басталған руханияты мен өнері де араласып жатыр.
Екі елге бірдей танымал қырғыздың әйгілі кино тарландары Сүйменқұл Шоқморов, Болат Шамшиевтерді, қазақ киносының атасы Шәкен Айманов пен қырғыздың атақты кинорежиссері Төлемүш Өкеевтердің достығын жақсы білеміз. Қазақтың көрнекті ақындары Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушандардың бір кезде Қырғыз елінің Қазақстандағы елшісі болған айтулы ақын Акбар Рысқұлов ағамызбен достығын, нағыз найзагер шайырымыз ШаҺизада Әбдікәрімнің Қырғыздың тарлан ақыны Қарбалас Бакировпен бауырластығынан хабардармыз.
Біз бала кезден экраннан көріп өскен әйгілі актер Болат Бейшеналиевтың ұлы біздің қазақтың көсемі Мұстафа Шоқайдың рөлін ойнаған Әзиз Бейшеналиев бауырымыз да міне, ешқандай арнайы шақыртусыз-ақ, конференция хабарын естіп келіп, ортамызда отырғанына, ақ тілегін ақтарғанына көп рахмет. Міне, тарихи тұлғаларын құрметтеудің жақсы өнегесі.
Қазір осы қазақ-қырғыз достық байланысын Қырғыз елінің мемлекет қайраткері, дарынды жазушы, Халықаралық Түрік мемлекеттерінің мәдени ұйымы ТүркСОЙ бас хатшысы Сұлтан Раев жақсы жалғастырып, көрнекті композитор Төлеген Мұхамеджан бастаған қазақ зиялыларымен тығыз байланыста жұмыс істеп, ортақ мәдени жобаларды жүзеге асырып келеді.
Бұл тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы — қазақ пен қырғыздың тек географиялық қана емес, рухани тұрғыдан да айырылмас егіз халық екенінің басты дәлелі.
Жаңа Мәмбет ағамыз тарихтағы екі елге қатысты қайғылы оқиғаларды әдейі алға тартып, екі елдің ортасына от тастайтындарды орынды сынап өтті. Иә, сондай келеңсіз оқиға кезінде мен де 2017 жылы «Қазақ үні» газеті мен ұлттық порталында «Атама тиіспе Атамбаев, атаусыз қаласың» деген қарсы мақала жазғанмын. Көбіңіз оқыған боларсыздар, бұл жерде тоқталмай-ақ қояйын. Оның орнына осындай екі елдің ынтымағын артыратын рухани игі шаралардың көбейіп, бауырластығымызды күшейтетін тәлімді әңгімелер айтылғаны дұрыс. Ел басқарса да, сақалы ғана ағарған саясаткерлердің кесірінен екі елдің арасында сондай сөз қақтысы болып қалған кезде, Қырғыздың Ел ақыны, біздің екі елге де белгілі жазушымыз Сәбит Досановтың інісі Марқабай Ааматов ағамыз жақсы өлең жазып, жарастырып жіберген еді.
Енді сөзімнің қорытындысында осы тәлімді жиынның түйіні ретінде 2019 жылы Бішгекте өткен Марқабай ағамның алпыс жасындағы тойында қазақ-қырғыз достығына арналған жырыма бүгін жаңа шумақ қосып, толықтырып оқығым келеді.
Осы халықаралық конференциядағы маңызды баяндамалар республикалық “Қазақ үні” газеті мен сайтында жарияланатынын хабарлаймын.
ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ - БАУЫР ЕЛ
Қазақ-қырғыз бір атаның баласы,
Тауы бірге, ұқсас байтақ даласы.
Алғаш Шоқан зерттеп ұлы Манасты,
Қорғап қалған Мұқтардай - ел данасы.
Бірлік болса, бұза алады кім бізді,
Тұранға алда туады күн жұлдызды.
Қиын кезде қазақтарды қорғаған,
Қадірлейміз Жүсіптей ер қырғызды…
Желтоқсанда – Қазақтың бұл жарасы,
Қолдап шықты бүкіл қырғыз баласы.
Қазақ-қырғыз бауыр болып келеді,
Айтматов пен Шахановтың арасы.
Екі елдің де етене ғой арманы,
Ортақ талай оғланы мен тарланы.
Кеше екі елге шоқ тастаса кещелер,
Ақын ағам жырмен қайта жалғады…
Марқабайдың маржандай ғой жыры шын,
Еркін сезер екі елдің де тынысын.
Ағасы бар – додабұзар Досанов,
Айтпағанда, Қазыбектей інісін…
Таланты асып тұрса-дағы тасынбай,
Жарқырайды жарқын жандар жасындай!
Алатаудай асқарға біз биіктеп,
Тек қана Елге шуағымыз шашылғай!
Қазыбек ИСА, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. ҚР Парламенті Мәжілісінің екі шақырылымы депутаты. Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық - “Алтын Күз” орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері.