ҚАЗІРГІ ЖАСТАР ҚАЛАЙ ТАМАҚТАНАДЫ?
2026 ж. 17 қараша
115
0
студенттің дастарханына үңіліп көрсек
Таңғы сағат сегіз. Жатақхана дәлізінде сабаққа асыққан студенттер. Бірінің қолында – кофе, енді бірі дүкеннен алған бәлішін жол-жөнекей жеп келеді. Кейбірі таңғы ас ішуге де үлгермеген. «Түсте бірдеңе жеп алармын» деп аудиторияға асығады. Күнделікті өмірде үйреншікті көрінетін осы бір көріністің өзі қазіргі студенттердің тамақтану дағдысы туралы біраз жайтты аңғартады.
Жатақханада тұратын студент үшін «Бүгін не жеймін?» деген сұрақ күн сайын қайталанатын тұрмыстық мәселеге айналған. Сабақ, тапсырма, жұмыс, жол және жеке шаруалар арасында уақыт тауып, дұрыс тамақтану әрдайым оңай емес. Сондықтан дайын тағам, асхана немесе тез әзірленетін ас студент үшін қолайлы таңдау болуы мүмкін. Алайда тағам таңдау тек уақыт тапшылығына байланысты емес. Оның дәмі, бағасы, қолжетімділігі, тіпті студенттің өмір сүретін ортасы да бұл шешімге әсер етеді.
Дәм бе, баға ма?
2022 жылы жарияланған жүйелі ғылыми шолуда университет студенттерінің тамақтану тәртібіне ықпал ететін факторлар жан-жақты қарастырылған. Зерттеушілер бірнеше ғылыми дерекқордағы еңбектерді саралап, олардың ішінен 11 зерттеуді жүйелі шолуға енгізген. Нәтижесінде студенттердің тағам таңдауына ең алдымен оның дәмі, одан кейін қолжетімділігі мен бағасы әсер ететіні анықталған. Сонымен қатар тамақтану сапасына студенттің тұрғылықты ортасы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайы да ықпал ететіні көрсетілген.
Демек, дүкен сөресінің алдында жасалған таңдау жай ғана «мынаны ұнатамын» деген талғамнан тұрмайды. Оның астарында бірнеше себеп бар. Бір студент үшін тағамның дәмі маңызды болса, екіншісі алдымен бағасына қарайды. Үшіншісі университетке жақын маңнан қандай ас табуға болатынын ойлайды. Сондықтан бір аудиторияда қатар отырған жастардың өзінде тамақтану әдеттері әртүрлі болуы заңды.
Бір күнде қанша тағам?
Адамның тамаққа қатысты шешімдері кейде өзі ойлағаннан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Бұл тұрғыда америкалық зерттеушілер Брайан Вансинк пен Джеффри Собалдың 2006 жылғы еңбегі қызықты мысал бола алады.
Зерттеуге университеттің 139 қызметкері мен студенті қатысқан. Қатысушылардан бір күнде тамақ пен сусынға байланысты қанша шешім қабылдайтыны сұралғанда, олар орта есеппен 15 шешім деп жауап берген. Ал зерттеушілер тамақтану барысындағы нақты таңдауларды егжей-тегжейлі сұрағанда, орташа көрсеткіш 221 шешімге жеткен.
Бұл зерттеудің негізгі идеясы – адамның тамаққа қатысты шешімдерінің көпшілігі күнделікті өмірде байқала бермейтіні. Мәселен, таңғы асқа не жеу, қанша мөлшерде тұтыну, қандай сусын таңдау, сабақ арасында бірдеңе сатып алу немесе кешкі асқа тапсырыс беру – мұның бәрі күн бойы қайталанатын шағын таңдаулар.
Дегенмен бұл зерттеуге қатысты маңызды бір жайтты ескерген жөн. Кейін Cornell University Брайан Вансинктің бірқатар ғылыми жұмыстарын тексеріп, оның зерттеулерінде деректерді қате көрсету, проблемалық статистикалық әдістерді пайдалану және нәтижелерді тиісті деңгейде құжаттамау сияқты академиялық бұзушылықтар болғанын хабарлаған. Сондықтан 221 деген көрсеткішті қазіргі ғылым мойындаған абсолютті дәлел ретінде қабылдауға болмайды. Оны тамақтану мінез-құлқын зерттеу тарихындағы мысал ретінде ғана қарастырған дұрыс.
Студент қалтасы нені көтереді?
Студенттердің тамақтану мәселесіне келгенде назар аударатын негізгі факторлардың бірі – баға. Жүйелі шолу нәтижелері тағамның құны, дәмі мен қолжетімділігі жастардың күнделікті таңдауында маңызды орын алатынын көрсетеді.
Мұны жатақхана өмірінен де аңғаруға болады. Ай сайынғы шығындарын есептеп, қаражатын үнемдеуге тырысатын студент үшін тағамның бағасы шешуші мәнге ие болуы мүмкін. Макарон, жұмыртқа, нан секілді қарапайым өнімдердің студент ас мәзірінде жиі кездесуі де түсінікті. Өйткені оларды дайындау аса күрделі емес, бағасы да салыстырмалы түрде қолжетімді.
Ал уақыт тығыз болғанда тағамның ыңғайлылығы мен қолжетімділігі алдыңғы орынға шығады. Колледж студенттерінің фастфуд тұтынуына арналған жүйелі шолуда тағамның дәмі, бағасы, қолжетімділігі, орналасқан жері және ыңғайлылығы сияқты факторлардың дайын тағам таңдауға ықпал ететіні анықталған.
Сондықтан студенттің донер, бургер немесе басқа да дайын тағамды таңдауы оның пайдалы тамақтануға қызықпайтынын білдірмейді. Кейде бұл – уақыт пен мүмкіндіктің талабынан туған шешім. Сабақтан сабаққа асығып жүрген жас үшін университетке жақын жердегі дайын тағам ең ыңғайлы нұсқа болуы мүмкін.
Дегенмен жастардың барлығы фастфудпен қоректенеді деу де жаңсақ пікір. Бірі жатақханада өзі тамақ дайындаса, енді бірі асханаға барады. Кейбірі спортпен шұғылданып, ас мәзіріне ерекше мән береді. Демек, «қазіргі жастар дұрыс тамақтанбайды» деген жалпылама тұжырым олардың өмір салты мен тағам таңдауындағы алуан түрлілікті толық ашып бере алмайды.
Жатақхана мен үй дастарқаны бірдей ме?
Студенттің тамақтану дағдысына оның тұратын ортасы да әсер етеді. Жүйелі шолу нәтижелерінде университет студенттерінің тамақтану сапасы тұрғылықты жағдайы мен әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктеріне байланысты өзгеретіні көрсетілген.
Шынында да, жатақханада тұратын студент пен ата-анасының үйінде тұратын жастың күнделікті тамақтану мүмкіндігі бірдей емес. Бірінің ас әзірлейтін орны мен уақыты шектеулі болса, екіншісінің үйінде дайын тамақ болуы мүмкін. Бірі азық-түлікті өзі сатып алып, күнделікті мәзірін жоспарлауға мәжбүр болса, енді бірі бұл мәселеге алаңдамайды.
Осы тұрғыдан алғанда, студенттердің тамақтану мәдениетін сөз еткенде олардың әлеуметтік және тұрмыстық жағдайын назардан тыс қалдыруға болмайды. Өйткені дұрыс тамақтану тек адамның қалауына емес, оған жасалған жағдайға да байланысты.
Әлеуметтік желі не ұсынады?
Қазіргі жастардың тағам таңдауына әлеуметтік желілердің ықпалы да назар аударуға тұрарлық. Бүгінде Instagram мен TikTok-тағы тағам дайындау видеолары, фастфуд жарнамалары, түрлі челлендждер мен танымал блогерлердің ұсыныстары күнделікті ақпараттық кеңістіктің бір бөлігіне айналды.
2022 жылы жарияланған жүйелі шолуға әлеуметтік желілер мен жастардың тамақтану әдеттеріне қатысты 35 ғылыми мақала енгізілген. Олардың көпшілігінде әлеуметтік желілерді пайдалану таңғы асты өткізіп жіберу, зиянды тіскебасарлар мен қант қосылған сусындарды көбірек тұтыну, ал жеміс-жидек пен көкөністі аз тұтыну сияқты әдеттермен байланыстырылған.
2021 жылғы тағы бір жүйелі әдеби шолуда әлеуметтік желілердегі тағам жарнамаларына арналған 234 ғылыми материалдың ішінен талаптарға сай алты зерттеу іріктелген. Нәтижелер жасөспірімдердің әлеуметтік желілерде кездесетін зиянды тағам жарнамаларын жиі есте сақтайтынын, ал мұндай жарнамаларда танымал тұлғалар мен инфлюенсерлердің бейнесі кеңінен қолданылатынын көрсеткен.
Әрине, TikTok немесе Instagram-нан көрген кез келген тағам видеосы адамды міндетті түрде сол тағамды тұтынуға итермелейді деуге болмайды. Дегенмен әлеуметтік желідегі тағам контентінің адамның тағамға деген көзқарасы мен таңдауына ықпалы ғылыми тұрғыда зерттеліп келе жатқаны анық.
2024 жылы жарияланған тағы бір жүйелі шолуда әлеуметтік желідегі тағам контенті мен адамның тамақтану мінез-құлқы арасындағы байланыс қарастырылған. Зерттеушілер 38 ғылыми жұмысты талдап, кейбір фастфуд жарнамаларының, тағам әзірлеу және оны тұтыну туралы видеолардың адамдардың белгілі бір тағамды жеуге деген ықыласымен байланысты болуы мүмкін екенін анықтаған. Сонымен бірге авторлар бұл бағытта қосымша эксперименттік зерттеулер жүргізу қажеттігін атап көрсеткен.
Олай болса, бүгінгі студенттің тағам таңдауы тек қарынның ашуына байланысты емес. Оның телефонынан көргені, университет маңындағы асханалардың ұсынысы, тағамның бағасы мен дәмі, тіпті достарымен бірге өткізетін уақыты да белгілі бір рөл атқаруы мүмкін.
Бір күндік студент мәзірі
Бір студенттің күнделікті тіршілігін көз алдымызға елестетіп көрейік. Таңертең сабаққа асығып, толыққанды таңғы ас ішуге уақыты жетпейді. Жолай кофе немесе жеңіл тағам алады. Түскі уақытта қысқа үзіліске байланысты тез дайындалатын асты таңдайды. Кешке жатақханаға оралғанда уақыты мен тұрмыстық жағдайына қарай өзі тамақ әзірлейді немесе дайын тағамға тапсырыс береді.
Бұл – нақты бір студентке жүргізілген статистикалық зерттеудің нәтижесі емес, жастардың тамақтану таңдауына әсер ететін факторларды түсіндіретін өмірлік мысал. Ғылыми зерттеулер де студенттердің тағам таңдауында дәм, баға мен қолжетімділіктің маңызды екенін көрсетеді.
Бір қызығы, тамақтану мәдениеті – өзгермелі құбылыс. Жастар жаңа тағамдарды байқап көреді, әлеуметтік желіден түрлі өнімдер туралы ақпарат алады, бағасына қарай таңдау жасайды және өз өмір салтына сәйкес әдет қалыптастырады. Сондықтан бүгінгі студенттің дастарқаны бұрынғы буынның дастарқанынан өзгеше болуы заңды.
Дастарқан – күнделікті өмір айнасы
Жалпы, қазіргі жастардың дастарқанында түрлі тағам бар: жатақханада дайындалған қарапайым ас та, донер мен бургер де, кофе мен тәтті сусындар да кездеседі. Бірақ мұның бәрін «жастар дұрыс тамақтанбайды» деген біржақты пікірмен бағалау шынайы жағдайды толық сипаттай алмайды.
Мәселенің қызығы жастардың не жейтінінде ғана емес, неліктен дәл сол тағамды таңдайтынында. Ғылыми зерттеулер тағамның дәмі, бағасы, қолжетімділігі және адамның өмір сүретін ортасы маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Ал әлеуметтік желілер тағам туралы ақпарат пен жарнаманың жаңа кеңістігіне айналып отыр.
Сондықтан «Қазір жастар не жейді?» деген сұраққа бір ғана тағамның атауымен жауап беру мүмкін емес. Оның жауабы – студенттің күнделікті тіршілігінде: таңғы асқа үлгермей шыққан сәтінде, сабақ арасындағы кофесінде, қалтасына қарай жасаған таңдауында, достарымен бірге барған асханасында және әлеуметтік желіден көрген жаңа тағамында.
Бір қарағанда қарапайым көрінетін бір табақ астың артында уақыт, қаржы, қолжетімділік, талғам мен өмір салты сияқты көптеген фактор тұр. Осы тұрғыдан алғанда, студенттің дастарқаны – оның күнделікті өмірінің шағын көрінісі.
Бүгінгі студент үшін «Не жеймін?» деген сұрақ кейде «Не ұнайды?» дегеннен бұрын «Не қолжетімді?», «Қанша тұрады?» және «Қанша уақытым бар?» деген сауалдарға жауап іздеуден басталады. Ал қазіргі жастардың тамақтану мәдениетін түсінудің кілті де осында.
Бекарыс РАЙХАН, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік унверситетінің 2-курс студенті