ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ КЕПІЛІ НЕДЕ?

ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ КЕПІЛІ НЕДЕ?

Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы кездерде еліміздің экономика мәселелері өте қиыншылық жағдайларда шешіліп, көптеген ауыр белестерді өткергені мәлім. Макроэкономикалық мәселелер біраз сауатты шешіліп, соның нәтижесінде еліміздің экономикасында жетістіктердің болғанына ешкім шүбә келтіре алмайды. Осы экономикалық даму кездерінде ел басқару жүйесінде қателіктердің жіберілгені де шындық. Және де осы қателіктердің орын алуына объективті де, субъективті де себептердің болғаны даусыз.

Біздің ел үшін ең маңызды мәселе – әлемдік жаһандану үдерісіне байланысты ұлтымыздың Тәуелсіздігін формалды түрде емес, нақты сақтап қалудың жолын табу болып отыр. 

Ұлттық идея – қандай да бір халықтың өзіне тән ерекше құндылықтарын сақтай отыра, барша адамзаттың қол жеткізген, даму прогресін әкелетін ғылыми жетістіктерді пайдаланып, ұлттық мемлекет құруына жол ашатын ұстанымды бекітетін ұғым. Қазақ елі үшін ұлттық саясат ұстанымы – мемлекет құрушы қазақ халқының нақты Тәуелсіздігі мен құндылықтарын ұлттық идея негізінде сақтау.

Қазақ елінің экономикалық, саяси, рухани тәуелсіздігі, ел қауіпсіздігі мен жер біртұтастығының мәңгі (ұрандап емес) сақталғаны керек. Жер мен жер қойнауындағы байлығымыз (Ұлттық байлық) тек өз халқының кедейлік көрмейтін игілігіне жұмсалып, адамдардың әлеуметтік жағдайының үнемі жақсарып отыруы мен өз ұлтына тән рухани дамуына арналған бағыттың тұрақты түрде жүзеге асырылғаны абзал.

Экономикалық даму бағытындағы үлкен қателіктің бірі бар көңілді тек макроэкономика дамуына бөліп, ішкі экономиканың дамуына келгенде кібіртіктеп, жүйелі істің орнына бөлшек-бөлшек шаралар болмаса (оның өзі жемқорлар мен шонжарлардың есебін шешіп жатады), ұлттық деңгейдегі қалың бұқараның мәселесін шешетін бағдарламаның болмауы деп санаймыз.

Соның салдарынан халықтың әлеуметтік жағдайы әлі де нашар, ауыл мен қалалардағы жұмыссыз, үйсіз-күйсіз отырғандардың барлығы қазақ десек қателеспеспіз. 

Ал ауыл мен қаладағы пәтер жалдап жұмыс таппай жүрген қарапайым көпшіліктің мәселесін кім шешеді, оларға кім барып халін сұрайды, жай-күйін кім ойлайды? Билік пе?.. Оппозиция ма?... Жоқ, әлде ұлтшылдар ма?.. 

Бәріміз әлі де ұран, саяси шоу, айтыс-тартыс, құр сөзден аса алмай жүргендейміз. 

Өкінішке қарай, ел сенімін артар серкелер мадақ пен атақ қуып жүр.

Қазақ ұлтының жаңғыруы, құндылықтарының сақталуы – бәріміздің борышымыз. Бәріміздің ортақ мақсатымыз біреу екенін ұғуымыз қажет. Мемлекеттің экономикасын тек ұлттық идея негізінде халқымыздың мүддесін қызғыштай қорғай алатын, әр заматтың дәулетті, ауқатты болуын шешетін саяси ұстаным бағытында дамытпаса, ел болуымызға еш кепілдік жоқ.

Сондықтан біз бұдан былай ұлттың мүддесін іспен қорғайтын жұмыстарды басқа, тиімді деңгейде жүргізудің сатысына көтерілуіміз қажет. Ол үшін білім, жігер, ынтымақ, бірлік, төзімділік және басқалардың қателескен қадамдарына кешірімділікпен қарап, менменшілдік пен бақталастықтан арылуымыз керек болар. Егер ұлтым деп жүрген азаматтар біздің алға қоятын талабымыз қазақтың келешегі десе, онда ең басты мәселе – ұлттың мүддесін қорғайтын экономиканың бағытын айқындау және сол бағытты мықты ұстау. Сонда ғана тәуелсіз, ұлттық құндылықтарды бағалайтын, халқы ауқатты егемен ел боламыз.

Еліміздің Тәуелсіздігі, ұлтымыздың мәңгі сақталуы тек ғылыми тұрғыдан қарап, тарихи даму жолынан сабақ алып, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан менталитетіне сай жол таба алғанда ғана мәңгі болатынын ұмытпауымыз қажет. Осы өзіндік жолды таңдауда көз жұмып батысқа ғана еліктемей, әлемдік өркениеттің тек тиімді жақтарын орынды пайдалануды үйренуіміз керек. Сонда ғана билік мемлекеттің ішкі таусылмас қуаты халықтың сеніміне ие бола алады. Бүкіл әлемдік қоғамдық даму үдерісінің заңдылығын ескере отырып, отарлық жүйе күйреуінің салдарынан пайда болып, өркениетті, экономикасы дамыған мемлекет құра білген елдердің тәжірибесінің елімізге тиімді жағын әкелу өте қажет. Бұл жерде Түркия, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур және Скандинавия елдерінің тәжірибесіне көңіл бөлу қажеттігі айтылып отыр.

Батыс елдері тәжірибесінің бізге келмейтінінің басты себебі: олардың даму жолының ұзақтығы (жүздеген жыл) және олардың басқа елдердің дәулетін тонау жолымен дамығандығы.

Ел келешегін, ұлт болашағын және әр азаматтың бақуатты болуын ойласақ, онда экономикалық дамудағы бағытымыз шикізат сатуды тежеп, оның орнына шикізаттан қалдықсыз өнім өндіретін өндірістерді дамытуды (қала мен ауылдық жерлерде завод, фабрика, шағын кәсіпорындар ашу) іске асыру қажет. Сонда ғана ешкімге экономикалық тәуелді болмай, саяси тәуелсіздігімізді сақтай аламыз.

Экономикалық даму кезеңінде урбанизация үрдісінің қарқынды жүруі белгілі, және де урбанизация әлемдік қоғамдар дамуының заңдылығына сай ары қарай дами беретіні де шындық. Яғни урбанизация біздің ұлттық мемелекет болуымызға лайықты әсерін тигізетіні аян. Сонымен қатар, бұл үдеріс әр халықты ғасырлар бойы қалыптасқан адами, рухани қасиеттерінен ада етіп, қатыгездік, жемқорлық, дүниеқорлық, өзімшілдік, пайдакүнемдік, нашақорлық және жантүршігерлік қылмыс жасайтындарды да көбейте түсетіні белгілі. Оны ешбір адам жоққа шығара алмайды. Сондықтан халқымыздың келешегі үшін ұрпағымызды азғындықтан сақтау жолы – ұлтымызға тән адами, рухани байлығымызды жоғалтпауды іске асыратын, қоғамды өрге сүйрейтін ұлттық сана қалыптастыру, баршамызға ортақ міндет (ұлт мәселесінде билік, оппозиция, ұлтшылдар деп бөлінбейік). Осы азаматтық борышты орындау үшін әр қазақ бірлікке, білімділікке, білгірлікке, рухани тазалаққа ұмтылып, іскерлігімен, жігерлігімен, парасаттылығымен басқа халықтардың өкілдеріне өзінің мемлекет құрушы ұлт екенін мойындатуы қажет. Қазіргі дүниежүзілік экономикалық үдерістің ерекшелігі жаһандану болғандықтан, біз экономикалық интеграция ықпалынан қашып құтыла алмаймыз. Бірақ бұл заңдылық деп дәрменсіздікпен, не болмаса өзімізді жаңашыл етіп көрсетумен қадам жасамай тұрып, бағытымызды терең ғылыми сараптан өткізбей және халықтың пікірімен санаспай интеграция қолтығына кіру – Тәуелсіздігімізді өз қолымызбен шектеу болады. Интеграциялық одақтарға кіру үшін ең алдымен, біз сол ұйымдағы басқа елдермен тең дәрежеде дамыған деңгейге жетпесек, ұлттық мүддемізді ешқашан қорғай алмаймыз. Саяси, не болмаса басқадай себептермен егемендігімізге зиян келтіретін қадамдарға баруға шектеу қоятын механизмді заңдастыру қажет. Ел байлығына иелік аз ғана топ пен алпауыт елдер кәсіпкерлерінің қолында болуы қазақ жерінде орта және шағын кәсіпті дамытуды тежейді. Орта және шағын кәсіп дамымай жұмыссыздық, кедейшілдік және соның салдарынан болатын көптеген келеңсіз жағдайлардың туындап жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Осы қалыптасқан жағдайдың түпкі себебінен арылмасақ, жамау-жамау шаралар бірде-бір мәселені түбегейлі шешпейді. Орта және шағын кәсіпті дамытудағы ең маңызды мәселе – қаржылай несие және салықтық жеңілдіктермен қатар, мемлекет тарапынан жаңа техника мен технология мәселесін шешуге көмек көрсету. Орта және шағын кәсіптің дамуы экономиканың ұлттық сипаты мен ерекшелігін қалыптастырып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына әкеледі.

Ұлттың дамуы оның экономикасының даму деңгейі – ұлттық ғылымды дамытса ғана дамиды. Біз шын ұлттық мүддені қорғайтын бағыт ұстансақ, ғылымнан қаржы аямағанымыз жөн. Ғалымдарды бағалайтын, асқақтататын орта тудырып, дарынды жастарды ғылымға тартсақ, сонда ғана халқымыздың болашағына сенімді боламыз. Ғылымды дамытпаған елдің келешегі жоқ. Ал ұлт мүддесіне қызмет етпей өз күйін күйттеген ғалымнан не пайда? Ондайлардан тазарған ләзім. Шын ұлтымыздың келешегін ойласақ, алдымен шешілетін мәселе – ауылдың экономикасын, әлеуметтік жағдайы мен мәдениетін қала деңгейіне жеткізуді іске асыру. Кейбіреулер бұл пікірді қиял деуі мүмкін. Жауабы, озық Еуропадағы экономикасы аграрлық сипатта дамыған жер аумағы мен халқының саны аз Дания бүкіл батыс Еуропа елдерінің ауыл шаруашылығы азық-түлігі қажеттілігінің 30 пайызға жуығын береді. Голландия да сондай. Осы елдерде ауыл шаруашылығымен шұғылданатын мекендердің әлеуметтік, тұрмыстық және мәдени деңгейлері қала тұрғындарымен теңдес. Осының өзі еңбек өнімінің өсіп-жетілуіне зор ықпал етеді.

Тәуелсіз, табиғи байлығы мол Қазақ елінің ауылын көтеруге болмайды дегендерге қосылу ұлтымызға қиянат жасаумен тең. Бұндай сылтау айтатындар ел келешегі емес, тек бүгінгі күнгі өз пайдасын ойлағандар ғана. Осы мәселені шешу үшін ынта, жігер, қарапайым халықтың жағдайына жаны ашитын іскерлік қадам керек. Яғни ел билігінде отырған азаматтар сөзден іске көшіп, шын халықтың ұлттық мүддесін қорғайтын құлық көрсетуі қажет.

Біздің еліміздің кең-байтақ аумақтағы жер қойнауы байлығымен қоса даласы мен тауларының да, теңіз, көлдері мен өзендерінің де азық-түлік, тағы басқадай өнімдерді өндірудегі таусылмас қазына көзі екені белгілі.

Сонымен қатар, табиғи байлығы жоқ елдердің тәжірибесін пайдаланып, жол мен инфрақұрылымды дамытып, туризм саласын қолға алу қажет. Осы ерекшелерді пайдалану үшін ұлттық идея негізіне сүйене отырып, ауылды дамыту туралы арнайы бағдарлама жасалуға тиіс. Оған мұнайдан, қазба кендерінен түсетін пайданың 30 пайызын жұмсап отыру қажет деп білеміз. Ұлттық қордың (биліктік кетігі мен кемшіліктерін жамауға жұмсалып жатқан) 50 жылдан кейін ұрпаққа әкелетін «жақсылығын» осы ұлттық бағдарламаға бұру іс жүзінде келешек ұрпаққа жасалатын қамқорлық болмақ.

Экономикалық дамудың қуатты болуы қоғамдағы азаматтардың әлеуметтік теңсіздік алшақтығының деңгейінің өсуіне жол берілмейтін механизмдерді ұтымды пайдалануға да байланысты. Яғни Ұлттық байлықтың қызығын барша халық көруі керек. Байлығы мол қазақ жерінде халықты кедейшілікке душар ету – оған қастандық жасаумен тең.

Әр азамат ауқатты болса – ел бай, мемлекет мықты, қуатты болады деген қағиданы экономикалық дамудың негізгі бағыты еткенде ғана, халықтың болашағы күмәнсіз болады. Сонда ғана ұлттық рухани сана қалыптасып, ынтымағы бекіп, халық ұлттық жаңғыру шыңына жете алады. Ал Батыс елдерінің даму үрдісінің артықшылығын мадақтап, қанша дәріптесе де, еліміз ол жолмен ойдағыдай дамымайды. Капитализмнің негізгі идеологиясы пайда табуды фетишизмге айналдыратынын, әр адамның көкейіне өзімшілдік, пайдакүнемдік, дүниеқорлық уын шашып, адамзатты адами құндылықтардан айыратынын естен шығармайық. Сондықтан да экономикалық дамуда өте сақ болған жөн.

Қазақ құлдық мінезден арылып, келешекте алып қуат-күшке иелік ететін жігері мықты (пассионарлы) халық болуға ұмтылуы керек. Қазіргі әлемде интелектуалды күрес жүріп жатыр, жеңіс тек ғылыми, технологиялық озық идеяларды ұлттық ерекшеліктермен ұштастырып, рухани азғындыққа ұшырамай, ұлттық мүддесін қорғай білетін халық қана өзін сақтап қалатыны белгілі. Сол себепті, біздің мақсатымыз еліміздің келешегі бұлтсыз аспанымен, бұдырсыз соқпағымен мәңгі жасай берсін десек, онда оны іске асыратын ұлттық сана негізінде ұрпақ тәрбиелеу ләзім.

Кейбір ағайын мен түрлі топтар: ұлттық мемлекет, ұлттық экономика дегенді – қазақтар «ұлтшыл мемлекет құрып, бәріміздің құқығымызды шектегелі жатыр» деген қауесет таратуы ғажап емес. Ұлттық мемлекет – әлемдегі демократиялық елдердің тәжірибесіне сәйкес, мемлекет құрушы қазақ халқының құндылықтары негізіндегі құрылатын мемлекет. Онда бірде-бір халықтың құқығы, болашағы шектелмейді. Қайта ол әр азаматтың бақытты, дәулетті, тең құқылы өмір сүруіне мүмкіндік жасап, үлкен жауапкершілікті мойнына алады. 

Көрші Ресейді мысалға алсақ, ондағы ақпарат құралдарында сағат сайын мынау орыс жері, орыс табиғаты, орыс радиосы, орыс даласы, орыс сырасы, орыс қысы деген сияқтыларды айтып жатады. Бірақ оны сол жақта тұрып жатқан орыс емес халықтар біздің құқымызды шектеді деп айғайламайтыны белгілі. Біз осындай қадамдар арқылы тәрбие жүргізуді ойластырып, оның мәнін дер кезінде дәйекті, сауатты, салиқалы түрде жауабын беріп, ұғындыруымыз қажет.

Болат ДҮЙСЕМБІ, саясаткер-экономист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі