ҚАЙЫҢ ҚАБЫҒЫНДАҒЫ ҚОЛТАҢБА

ҚАЙЫҢ ҚАБЫҒЫНДАҒЫ ҚОЛТАҢБА

Біздің бала кезіміздегі мұғалімдердің дені соғыс жылдарының ауыртпалығын бастан өткерген, майданнан оралған немесе балалық шағын сұрапыл соғыс ұрлаған жандар еді. Олардың өмірге деген көзқарасы да, бала тәрбиесіне қоятын талабы да өзгеше болатын. Олар үшін мұғалімдік тек сабақ түсіндіру, баға қою емес, ең алдымен, адам қалыптастыру, ұрпақ тәрбиелеу міндеті еді.

     Осындай өмір мектебінен өткен, тағдырдың талай сынағына мойымай, ұстаздық жолды өмірлік мұратына айналдырған азаматтың бірі Тілеуғалы Әміртайұлы болатын. 1948 жылы мектеп табалдырығын аттады. Ол кездегі ауыл баласының білімге деген талпынысын бүгінгі ұрпаққа түсіндірудің өзі оңай емес. Қыстақтан мектепке дейінгі аралық – тоғыз шақырым. Қыстың қақаған аязында, боранды күндерде жеті бала өгізшанамен мектепке қатынайтын. Қазіргі балалар үшін тоғыз шақырым жерге бару үлкен қиындық болып көрінбеуі мүмкін. Ал ол кезеңде бұл білім жолындағы нағыз ерлікпен пара-пар еңбек еді.

    Оқу құралдары да тапшы болды. Қағаз қат кезде балалар кейде қайыңның қабығына жазатын. Қолда барды қанағат тұтып, бар мүмкіндікті пайдалануға тура келді. Қазір бір дәптерін жоғалтса, алаңдайтын бала үшін қайың қабығына жазып білім алған сол буынның өмірі үлкен тағылым. Міне, осындай қиындықтарды бастан өткерген Тілеуғалы Әміртайұлы мектеп қабырғасында білім алып, онжылдықты аяқтады. Алайда мектепті тәмамдаған соң жоғары оқу орнына түсуге қаражат мүмкіндік бермеді. Арманы асқақ, талабы биік жас жігіттің алдында өмірдің тағы бір сынағы тұрды. Оқуға баруға жағдай болмағандықтан, колхоз жұмысына араласып, еңбекке кірісті. Бұл сол кезеңдегі ауыл жастарының көпшілігіне ортақ тағдыр еді. Бірі оқуға түсе алмай, еңбекке араласса, енді бірі отбасының жағдайын ойлап, өз арманын кейінге ысыратын. Бірақ білімге деген құштарлық жүректің түкпірінде сақталып қалатын. Тілеуғалының да өмір жолындағы осы кезең оның мінезін шыңдап, еңбекке төзімділігін қалыптастырғаны анық.

     Бүгінгі жұрт Тілеуғалы Әміртайұлын ұстаздық жолын білім мен ғылымға арнаған, қазақ мектебінің өркендеуіне, ұлттық құндылықтардың ұлықталуына өлшеусіз үлес қосқан ұлағатты ұстаз ретінде таниды. Оның саналы ғұмыры білім беру саласындағы ізденіспен, жаңашылдықпен және ұлт болашағына деген жанашырлықпен өрілді, ұстаздық жолы Алматы мұғалімдер институтының «Физика және жалпы техникалық» факультетіне оқуға түсуінен бастау алады. Жоғары білім алып жүрген кезеңінен-ақ болашақ мамандығына деген қызығушылығы мен ізденімпаздығы қалыптасты.

      Оқуын аяқтап, Қиыр Шығыста әскери міндетін өтеп, елге оралған соң Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Калинин бөлімшесінде мұғалімдік қызметін бастады. Өзінің негізгі мамандығы физика пәні болғанымен, оған қоса сызу және орыс тілі пәндерінен де сабақ берді. Жас маман алғашқы еңбек жолында-ақ әріптестері арасында алғырлығымен, білімдарлығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленді. Оның бойындағы жаңалыққа құштарлық, ұстаздыққа деген жауапкершілік пен білім саласына жаңаша көзқарас сол жылдардан-ақ байқала бастаған еді.

     1967 жылы Қарағанды қаласында жаңадан ашылған №3 спорттық мектеп-интернатқа жұмысқа орналасты. Бұл кезең оның педагогикалық қызметіндегі жаңа бағыттың басталуымен ерекшеленді. Ол қазақ балаларының ана тілінде білім алуына ерекше мән беріп, мектепте қазақ тілінде оқытатын сыныптар ашу жөнінде бастама көтерді. Бұл бастама сол кезеңнің жағдайында оңай шаруа емес еді. Дегенмен, Тілеуғалы Әміртайұлының табандылығы мен нақты іс-әрекетінің арқасында бұл ұсыныс жүзеге аса бастады. Оның түсінігінде мектеп тек білім беретін орын ғана емес, ұлттық тәрбие мен ана тілінің қадір-қасиетін қалыптастыратын қасиетті мекен болатын.

     Кейін ол мұғалімдер білімін жетілдіру институтының математика кабинетіне әдіскер болып қабылданды. Одан соң №76 мектепке ауысып, педагогикалық тәжірибесін одан әрі жетілдірді. 1972–1985 жылдары облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының математика кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарды. Осы жылдары ол облыс мұғалімдері арасында танымал маманға айналды. Тәжірибелі ұстаз, әдіскер, жаңашыл педагог ретінде еңбегі бағаланып, оған «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағы берілді.

     Тілеуғалы Әміртайұлының бастамасымен облыстық математиктер кеңесі құрылып, жүйелі жұмыс жүргізілді. Кеңес аясында математика пәні мұғалімдерінің тәжірибе алмасуына, оқытудың жаңа әдістерін меңгеруіне, кәсіби шеберлігін шыңдауына мүмкіндік туды. Ол тек облыс көлемінде ғана шектелмей, одақтас республикалардағы әріптестерімен байланыс орнатып, тәжірибе алмасу мақсатында барыс-келіс жұмыстарын жолға қойды.

     Тілеуғалы Әміртайұлының педагогикалық қызметіндегі ерекше бір белес жаңашыл ұстаз В.Ф.Шаталовтың оқыту әдістемесін зерттеп, оны білім беру тәжірибесіне енгізуге ұмтылуы болды. Виктор Шаталов оқушылардың білімді терең меңгеруіне, өздігінен ізденуіне және оқу материалын жүйелі қабылдауына негізделген жаңашыл педагогикалық әдістеменің авторы еді.

Ол жаңашыл ұстаздың осы бағыттағы ізденістеріне ерекше ден қойып, жаңашыл педагогпен тікелей байланыс орнатты. Оның тәжірибесін зерттеп, әріптестері арасында насихаттады. Осы еңбегінің нәтижесінде ол ел арасында «Қазақстанның Шаталовшысы» деген атқа ие болды. Бұл атақ оның жай ғана белгілі бір әдістемені қолданушы емес, жаңашыл педагогиканы насихаттаушы, тәжірибені таратушы және мұғалімдердің кәсіби өсуіне ықпал етуші тұлға болғанын аңғартады.

  Кейін Қарағанды қалалық оқу бөлімінде инспектор қызметін атқарды. Бұл қызметте де білім беру мекемелерінің жұмысын ұйымдастыруға, оқу-тәрбие үдерісінің сапасын арттыруға атсалысты.

     1992 жылы Тілеуғалы Әміртайұлы №76 мектепке директор болып тағайындалды. Бұл қызметті 2005 жылға дейін атқарды. Оның директорлық кезеңі еліміз үшін де, білім саласы үшін де күрделі тарихи уақытпен тұспа-тұс келді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлттық тарихымызды қайта зерделеу, ұлт қайраткерлерінің есімдерін жаңғырту, олардың еңбегін жас ұрпаққа таныту мәселелері күн тәртібіне шыққан болатын. Осы тұста Тілеуғалы Әміртайұлының азаматтық болмысы мен ұлттық ұстанымы айқын көрінді. Ол №76 мектепке Алаш қозғалысының көрнекті көсемі, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның есімін беру жөнінде бастама көтерді. Алайда бұл ұсыныс бірден қолдау тапқан жоқ. Қарсылық білдірушілер де аз болмады. Ұлттық тарихты ұлықтауға, Алаш арыстарының есімін жас ұрпақ санасына сіңіруге қарсы көзқарастармен бетпе-бет келуге тура келді. Сол кездегі қоғамдық-саяси ахуалды ескерсек, мұндай бастаманы жүзеге асыру үшін үлкен батылдық, табандылық және азаматтық жауапкершілік қажет еді. Ол қиындықтарға мойымады. Өз ұстанымынан қайтпай, мектепке Әлихан Бөкейхан есімінің берілуіне қол жеткізді.

      Ол бұл жолда кездескен қиындықтарға төзіп, түрлі кедергілерді еңсере білді. 2005 жылы өз өтінішімен директорлық қызметтен босады.

    Директорлық қызметтен кеткеннен кейін де Тілеуғалы Әміртайұлы білім саласынан қол үзген жоқ. Ол институтта әдіскер болып еңбек етті. Кейін облыстық білім басқармасы жанындағы «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығына әдіскер болып ауысты. Бұл қызметте де оның ұйымдастырушылық қабілеті, ұлттық құндылықтарға деген жанашырлығы айқын көрінді. Сол ізгілікті істерінің бірі – облыстық «Ұлағат» мұражайын ашуға мұрындық болуы. Мұражай ашу бастамасының өзі оның білім мен тәрбиеге деген көзқарасының кеңдігін көрсетеді. Өйткені ұлттың рухани байлығы, ұстаздар мен ағартушылардың өнегелі өмірі, тарихи жәдігерлер мен тағылымды деректер келер ұрпаққа жеткізілуі керек. «Ұлағат» мұражайының ашылуына атсалысуы – оның педагогикалық қызметтен бөлек, мәдени-ағартушылық бағыттағы еңбегінің де маңызды бір көрінісі.

    Тілеуғалы Әміртайұлының өмір жолына зер салсақ, оның қызметтік сатылардан өтуін ғана емес, әр кезеңде қоғамға қажет істі атқаруға ұмтылғанын көреміз. Бірақ оның басты жетістігі қызмет атауларында емес, атқарған нақты істерінде жатыр. 

• Қазақ тілінде білім беретін сыныптар ашуға бастамашы болды.

• Математиканы оқытудың жаңашыл әдістерін насихаттады.

• Облыстық математиктер кеңесін ұйымдастырып, мұғалімдердің кәсіби дамуына үлес қосты.

• В.Ф. Шаталовтың педагогикалық тәжірибесін таратуға атсалысты.

• Әлихан Бөкейхан есімін мектепке беру жолында табандылық танытты.

• «Ұлағат» мұражайын ашуға мұрындық болып, рухани мұраны сақтауға үлес қосты. Осының бәрі оның білім саласының қызметкері ғана емес, ұлттық мүддені өз ісімен қорғаған азамат болғанын дәлелдейді.

   Адамның өмірдегі шынайы бағасы оның атқарған қызметімен ғана емес, артында қалдырған өнегесімен, ел игілігіне жасаған жақсылығымен өлшенеді. Тілеуғалы Әміртайұлының ғұмыр жолы – осының айқын дәлелі. Ол қай қызметте жүрсе де, білім сапасын арттыруды, ұстаздардың кәсіби деңгейін көтеруді, қазақ тілінің мәртебесін нығайтуды және ұлттық тарихты ұлықтауды басты мұраттарының бірі санады. Оның Әлихан Бөкейхан есімін мектепке беру жолындағы табандылығы мен «Ұлағат» мұражайын ашуға қосқан үлесі – уақыт өткен сайын маңызы арта түсетін игілікті істер. Ұстаздың еңбегі шәкіртінің жетістігімен өлшенсе, азаматтың еңбегі ел жадында қалған ізгі істерімен бағаланады. Тілеуғалы Әміртайұлының өмір жолы кейінгі буын педагогтерге де, елдік мүддені жоғары қоятын азаматтарға да өнеге.

     Еңбегімен еленген 45 жылдан астам педагогикалық өтілі бар ұлағатты ұстаз бүгінгі күні «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағының иегері, ақын, 20-дан астам кітаптың авторы, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, журналист, әлихантанушы. 

Аңғар СМАҒҰЛ, ҚР Журналистер одағының мүшесі