Үйлесімін тапқан ұлтаралық келісім
2026 ж. 11 қараша
64
0
Біздің елде ұлтаралық келісім мәселесі үйлесімді түрде шешімін тапқан деп мақтанышпен айта аламыз. Оған дау жоқ. Бұрыннан-ақ айтылып келе жатқан әңгіме ғой. Билік те бұл тұрғыда әлдеқандай араздық болмауын қатаң бақылайды. Ара-тұра тентектер шығып жатса, оларды тыйып тастауға болатын қатал заңдарымыз бар.
Қазақстан тарихи жайттардың ықпалы және тағдырдың жазуымен жүздеген ұлт пен ұлыстардың жайлы мекеніне айналды. Бұның бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың адам баласына деген адал ниетінен болғаны әмбеге аян. Олар сырттан келген діні мен тілі басқа этностарды еш жатсынған жоқ. Қайта бауырына басып, бір үзім нанын бөліп берді.
Өйткені өзге ұлттар бізге жетіскеннен я болмаса өз қалауымен келген жоқ еді. Олардың сталиндік қуғын-сүргін және сұм соғыс салдарынан қазақ жеріне күштеп жер аударылғаны баршаға мәлім. Сол кезеңдегі қазақтар өздері де жетіспей отырса да, өзге жұртқа пана бола білді, ас-суын бөліп беріп, олардан жан жылуын аямады.
Тарихтан сыр тартар болсақ, жоғарыда айтқан сөздерімізге мысал молынан табылады. Солардың арасында бір жайтқа ғана тоқталайықшы.
2019 жылдың жазында Польшаның сол кездегі Президенті Анджей Дуда 81 жастағы мақтааралдық (Түркістан облысы) Тасыбай Әбдікәрімовті Virtus et Fraternitas (Ізгілік және бауырластық) медалімен марапаттап, оны қарияның кеудесіне өз қолымен тақты. «Сіздер бізге бауырсыздар» деген еді сол күні Дуда.
Ал Тасыбай ақсақалға бұл медаль не үшін берілді? Ол өз ауылы – «Пахтаарал» кеңшарына жер ауып келгендерге қол ұшын созуға атсалысқан. Кеңес өкіметі 1952 жылы Беларусьтің Гродно қаласының маңындағы 5000-нан астам полякты Қазақстанның оңтүстігіндегі мақталы аймаққа күштеп көшіріпті. Солардың ішінде Яблонскийлер отбасы аталған кеңшарға орналастырылған. Ол кезде Тасыбай 16 жастағы бозбала екен.
Яблонскийлердің Валентин деген 20 жастағы ұлы болыпты. Сол жігіт бір күні қатты ауырып, шошқа қора жақта жатып қалады. Оны Тасыбай сол жерден тауып алған. Сосын Валентинге күн сайын айран, қымыз, нан, тағы басқаларды әкеп беріп тұрады. Осыдан кейін поляк жігіт жәйлап жазылып кетеді. Яғни қазақ баласы оны ажалдан аман алып қалды. Бұл жағдайдан соң екеуі достасып та алған. Жалпы, жер аударылғандарға ауылдағылардың бәрі жабылып көмектескен.
Яблонскийлер төрт жылдан соң, яғни 1956 жылы Польшаға қайтадан көшіп кетеді. Бірақ Тасыбайдың Валентинмен байланысы одан кейін де үзілмеген. Ол тіпті поляк досының әкесі мен басқа да туыстарының ауылда қалған зираттарына күтім жасап отырған.
Тасыбай Әбдікәрімов Польшада марапатталған соң бір жылдан кейін, 2020 жылдың 17 желтоқсанында, 82 жасында қайтыс болды...
Жоғарыда айтқанымыздай, біз бір ғана оқиғаға тоқталдық. Ал осыған ұқсас жайттар қазақ жерінде өте көп болды. Қызыл империяның тепкінімен келген талай ұлттың өкілін ата-әжелеріміз кеудесінен қаққан жоқ. Келімсек деп кемсітпеді. Қайта қолынан келгенше көмегін аямады.
Олардың жомарттығы сонша, жат жұрттың мекеніне жетіп, бірақ ол ортаға үйренісе алмай қиналып отырған адамдардан аз ғана малын да аямаған. 1937 жылы Қазақстанға қоныс аударған, 17 жаннан тұратын күрд отбасына өздері сүтін ішіп жан бағып отырған қолдағы екі сиырының бірін бере салған қазақ отбасы туралы олардың ұрпақтары әлі күнге дейін жыр қылып айтып, сол үшін алғысын жаудырып отырады.
Алғыс демекші, Қазақстанда осы жағдайға арналған Алғыс айту күні бар ғой. Ол 2016 жылдан бері 1 наурызда аталып өтіп келеді. Бұл – біздегі ұлтаралық татулықты, өзара сенім мен құрметті нығайтуды мақсат еткен, сонымен қатар сонау алмағайып замандарда жерімізге қоныс аударып, сосын бауыр басып кеткен әртүрлі ұлт өкілдері қазақ халқына алғыс айтатын және барлық азамат бір-біріне ризашылығын білдіретін күн. Бұл күннің халықтар достығын арттыра түскеніне бүгінде еш күмән жоқ.
Неге бұл күн белгіленді дегенге келсек, еліміздегі түрлі ұлттардың басын біріктіретін, солардың татулығын сақтайтын Қазақстан Халқы ассамблеясы 1995 жылдың 1 наурызында құрылған. Ол мемлекеттің ұлттық саясатын жүргізді. Біздің биліктің бұл мәселеге айрықша мән беретінін осындай ерекше құрылымның жұмыс істегенінен-ақ анық аңғаруға болады.
Әрине, мұндай ұйым басқа елдерде де бар. Біздікін ерекше деп отырған себебіміз – оның жоғары конституциялық-саяси мәртебесі болды. Ал өзге елдерде мұндай ұйымдар тек қоғамдық немесе кеңесші орган ретінде жұмыс істейді.
Аталған ассамблея биыл жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі саяси реформалар аясында миссиясын аяқтап, оның орнына еліміздің барлық аймақтарының өкілдерінен құралған Қазақстан Халық Кеңесі құрылды. Қыркүйекте болған алғашқы сессияда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның міндеттерін айқындап берді.
Мемлекет басшысының ойынша, Халық Кеңесі Халық ассамблеясында қалыптасқан институционалдық тәжірибе мен қоғамдық байланысты жоғалтып алмай, жаңа үлгіде жалғастыруы керек. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің өкілдері сол үшін де енгізілген. Олар осы бағытта білек түре жұмыс істеуге мол мүмкіндік алды. Мұндай бірлестіктердің жұмысы тек мәдени іс-шара өткізумен шектеліп қалған емес. Бұл ұйымдар этносаралық келісімді сақтауға үлкен үлес қосып келеді, алда да үлес қоса беруге тиіс.
Ораз ТҰРСЫН