ҒЫЛЫМҒА ҒҰМЫРЫН АРНАҒАН
2026 ж. 11 қараша
65
0
педагогика ғылымдарының докторы Анар Бекетбайқызы Мұқашева 60 жаста
Адам өміріндегі алпыс жылдық белес – өткен жолға есеп беріп, рухани толысып, кемелденетін кемел шақ. Осындай ғибратты ғұмыр белесіне ғылым мен ұстаздықты тең ұстаған белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ассистент-профессоры Анар Бекетбайқызы Мұқашева да абыроймен жетіп отыр.
Өнермен өрілген өмір жолы
Анар Бекетбайқызы 1966 жылы 12 қарашада Алматы облысы, Жамбыл ауданының Қарақастек ауылында дүниеге келген. Бойындағы ізгілік пен нәзік болмыстың қалыптасуына бала кезден алған музыкалық тәрбиесі зор ықпал етті. К. Байсейітова атындағы арнайы музыкалық мектепті, кейін Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны «Хор дирижерлығы» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын өнер әлемінен бастайды.
Өнерден басталған күре жол біртіндеп педагогика ғылымының кең арнасына алып келді. 1994 жылдан бергі ғұмыры еліміздің бас қарашаңырағы – ҚазҰУ-мен тығыз байланысты өрбіді. Осы киелі білім ордасында аспирантура бітіріп, 2002 жылы кандидаттық, ал 2010 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, педагогика ғылымдарының докторы атанды. Талантты ғалым осынау саналы ғұмырында үнемі ізденіп, үздіксіз білімін жетілдіре жүріп, жаңа бастамаларға жол ашудың шынайы үлгісін көрсетті.
Инклюзивті білім беру – ізгілік миссиясы
Анар Мұқашева – тек дәріс оқып қана қоймай, жоғары мектеп педагогикасын жаңа сатыға көтерген жаңашыл маман. Оның қаламынан 80-нен астам ғылыми еңбек, 6 монография мен оқу құралдары жарық көрді. Ғалымның кәсіби қызметіндегі ең шоқтығы биік бағыт – инклюзивті білім беру саласы. Ол көп жылдар бойы ҚазҰУ-дың мүмкіндігі шектеулі студенттерді қолдау орталығын басқарып, ерекше жастардың қоғамға бейімделуіне, тең құқылы білім алуына жағдай жасады. Сондай-ақ, елімізде алғаш рет медициналық-педагогикалық сүйемелдеуге бағытталған бірегей магистратура бағдарламаларының үйлестірушісі болды. Оның инклюзивті білім беру саласындағы еңбегі, жас ғалымдарға көрсетіп жүрген ғылыми қолдауы, студенттердің жан-жақты дамуына бағытталған қызметі оның педагогикалық ұстанымының адамгершілік негізін айқындайды.
Анар Бекетбайқызының есімі халықаралық деңгейде де танымал. Германия, Чехия, Сингапур елдерінде тәжірибе шыңдап, Erasmus+ халықаралық жобаларында еліміздің атынан сөз сөйледі. Бүгінде ол көптеген жас ғылымдарға үлгі-өнеге көрсетіп, жетекшілік етіп, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырып келе жатқан айтулы ғалым, ұлағатты ұстаз, қажырлы қайраткер.
Еңбекке құрмет – абыройға бастар жол
Ұлағатты ұстаздың, ғалым-ананың өлшеусіз еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің Алғыс хатымен және ҚазҰУ ректорының Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Ұстаздық – тек білім беру емес, ол – адамның жүрегіне жол табу, болашаққа бағыт көрсету, әрбір шәкірттің бойындағы қабілетті танып, оны дамытуға ықпал ету. Осы тұрғыдан алғанда, Анар Бекетбайқызының саналы ғұмыры мен кәсіби қызметі – жас ұрпақ тәрбиесі мен ғылымға адал қызмет етудің жарқын үлгісі.
Мерейлі мерейтой – өткенге тағзым, бүгінге құрмет, болашаққа сенім. Осы айтулы күнде Анар Бекетбайқызына зор денсаулық, отбасына амандық, шығармашылық шабыт, ғылыми ізденістеріне табыс тілейміз!
Мерейлі 60 жасыңыз құтты болсын, Анар Бекетбайқызы! Ғылым мен білім жолындағы еңбегіңіз жемісті, абыройыңыз асқақ, мәртебеңіз жоғары, ғұмырыңыз мәнді де сәнді болсын!
С.А. Рамазанова,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті, Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы