ҚАЗІР ӘР РУДЫҢ ӨЗ ҚАЙРАТКЕРІ БАР

ҚАЗІР ӘР РУДЫҢ ӨЗ ҚАЙРАТКЕРІ БАР

Ішінен өз мүддесін ойлап тұрып, «халқым, халқым» дегендерден қорқу керек қой. Сірә, қазіргі кесір қоғамның кері кеткен адымын алға бастырмай жатқандар да солар болса керек. Бізге осындай адамдардың, әсіресе, шенеуніктердің психологиясын зерттейтін бір ізгілік (мораль) институты қажет-ақ.

***

Кейбір жігіттер «жазғыш-ақ». Бірақ жылтыр, жылуы жоқ. Жазу мәдениеті кемшін. Жағдайға бейімделгіш, түзу қаламын қисайта салады. Әрі сұлу, әрі сұңғыла жазғанға не жетсін.

З.Қабдоловтың Қадырға айтқанындай, «сыры терең, сыңғыры бөлек» жатса ғой дейсің.

***

Қазақта ғажап күйлер мен әндер көп-ақ. Ал «Қоңырдың» жөні бөлек. Ұлт мінезі мен парасатына, өмір пәлсапасына, бұл тірліктің баянды, баянсыздығына, қысқасы, осы бір күйден адам жан дүниесінің бар сауалына жауап аласың. Соны шығарған адамға ескерткіш қою керек қой.

***

Астанада бір айтыс өтті, елеусіздеу өтті. Бір кеш бойына шындық шіркін шырылдады. Жалпы, айтыста ақиқат көп айтылады ғой.

Жиналысқұмарлар, мәжілісқорлар, шенеуніктер бір ауық айтысқа барса көзі ашылар еді. Болмаса кейбір шенеуніктер көзінен көкірегі асып кетіп, әз боп жүр ғой. Айтыста айтылғанның бәріне құлақ ассақ, қажеттісін алып, қажетсізін алып тастасақ, біз ендігі әлдеқайда алысқа кеткен болар едік.

Айтыстар көкірегі бітеліп қалғандарға керек-ақ.

***

Қазір Шәмші туралы аз жазылып жатқан жоқ, оны жоққа шығаруға болмайды. Десек те, кейбір естеліктерде (мейлі ол мақала, суреттеме, т.б. болсын, бәріне талап біреу) ол ішкіш, боқауызшыл, елкезбе, әр жерде түнегіш, тоналғыш. 

Энгельстің Гете туралы «Колоссально велик, в жизни мелок» деген сөзі бар. Мәселенің екінші жағы еске түседі. Мұндай ірі, кесек тұлғалардың өмірі ешқашан жаймашуақ болмаған. Шәкеңнің сүйікті досы Төлеген ақын «Тұрысым осы менің, ал мендегі сезімді көрсең шошыр едің» демей ме? Демек, ол даңқы қанша жер жарғанымен, іші толы жалын, күйік болған. Оны кезеңмен, әлде басқамен байланыстыра ма, бұл енді жазушының шеберлігіне, талантына байланысты шаруа ғой.

Талантты дәуір туғызады. Заман қандай еді, Шәмші қандай еді? Сол уақытты жүрек сүзгісінен өткізе отырып, кезеңге сипаттама берілуі керек қой. Шәкең әрі-беріден соң сол кезеңнің құрбаны ғой (Распад личности). Ол кезеңнің әкімдері, атқамінерлері қандай еді, таланттары қандай еді. Әңгіме биіктік, бекзаттық туралы болуы керек шығар. Шәмші қаншалықты биік болса, ол туралы туындының да аласа болуға қақысы жоқ. 

Ендігі жерде Шәмші – екінші Естай кім дегенде XXI ғасырдың ұрпағы не оқуы, не білуі керек?..

Таяуда атақты америкалық биші Айседора Дунканның «Мой исповедь» атты естелігін оқып шықтым. Шіркін, Шәмші туралы осындай бір кітап жазылса деп ойлап қойдым.

***

– Театрды сағынып жүрмін, тіпті, түсіме кіреді, – деді бір әнші, актер дос. Өнерді ессіз сүйетін жігіттің бірі. Амал жоқ, бала-шаға қамы үшін алып-сатумен айналысып жүр...

***

Адам театрға не үшін барады? Сірә, адам бола түсу үшін баратын шығар.

Оның ары 86-жылы өліп қалған...

...Ай, Жәнібек, ойласаң, қилы заман болмай ма, суда жүзген ақ шортан қарағай басын шалмай ма?..

(Асанқайғы)

Қайран, біздің бабалар, баһадүрлер, айтуындай-ақ айтқан ғой. Бүгінгі күн көріп отырған жоқпыз ба соны. Көшеге, кеңсеге, үйге, түзге қараңызшы, көрмейсіз бе, көресіз. Шыққыр көзіңіз бәрін көреді.

Таңғы тыныштық, ымырт. Таудың салқын ауасы. Бір көрініс ұдайы қайталанады. Ұзындығы есік пен төрдей, қара сүліктей «Мерседес-Бенц» таудан түсіп келеді. Талмаусыраған, үздігіп шыққан музыка. Шофер байғұс жанын шүберекке түйіп баяу жылжытады. Алдыңғы орындықта жирен шашты, көгілдір көзді қалақтай сары бала отыр. Қолындағы шынжырын есіктен төмен жіберген. Ит қыдыртып жүр. Тайқардай төбет, балпаң-балпаң басады.

Малынып киінген, шекесі шылқыған, түгі жылтыраған, езуінде ең қымбат темекі, әбден тойынған, бетінде иман жоқ біреу итін жетектеген күйі қарсы беттегі қазақтар тұратын үйдің балконының түбіне әкеліп бар шаруасын тындырып жүре берді. Қасақана істеді. Мұндай көрініске қазақтың еті өліп кеткен. Балкондағы қазақ бірдеңе десейші. Осылай қасақана істеу қазір саясатта да, экономикада да, өмірдің басқа саласында да бел алып барады.

***

Саудагер қатын аяғының астында жатқан нанға сүрініп құлады. Үстін қақты, долданды, нанды көтермеді.

Бір бойжеткен пісте сатып тұр. Пістені «Абай жолына» орап береді. Бұл көрініске қазақтар селт етпейді.

Бір атақты адамның бизнесмен баласымен қабір басында қадірлі кісінің жерлеуінде бірге болдық. 

Жер лайсаң еді. Қасында тағы бір атақты адамның мүрдесі. Сол мүрденің темір шарбағына әлгі лай аяғын ұзақ сүрткіштеді. Әруақ ауырсынады демейді. Сол күні жер сілкінді. Мен әлгі надан қазақты ойладым.

Коммерсант қазақ жер түбі Түркияға ай сайын барады. Ал бірнеше жылдан бері бақилық болған шешесінің басына баруға уақыт таппайды.

Таяуда дастарқан басында белгілі бір адаммен дәмдес болдық. Кешегі Желтоқсанда мәскеушіл болған әлгі:

– Желтоқсан бәрімізге сабақ болды, – деді шімірікпей.

Ғабең: «...Оның ары 1937 жылы өліп қалған...» дейді. Ал қазіргі ақыл айтқыш кейбір «қайраткер» қазақтар ар-ұятының 1986 жылы өліп қалғанын әлі де сезер емес.

Қайран, біздің бабалар мен баһадүрлер! Айтуындай-ақ айтқан ғой. Қарағай басын шортан шалған емей не бұл? Асқандық, тасқандық емей не бұл?!

***

Мақтау, мадақтау жағынан қазақ әлі қамшы салдырмайды. Біреудің мақтауы «халықтық» мақтанға ұласып, содан белгісіз біреу қайраткер болып шыға келеді. Біреу малын сатып («бар малымды шығындап, болыс болдым, мінекей», Абай), біреу барын сатып қайраткер болу қазір қазақ ішінде бар. 

Олар әзірге етекте, ертең төбеге шығады. Мақтауын келістірсе, насихатын күшейтсе, тоқпағы мықты болса, жетіп жатыр. Оның ұлт алдындағы сіңірген еңбегі, танымалдығы тілге тиек болмайды. Кешегі партияның тұсында жаңа адам тәрбиелеу деген болған. Бізде қазір сол ауру ушығып тұр. Қазақтың емес, әр рудың өз қайраткері бар. Бір өкініштісі, сол мадақтаудың бел ортасында журналистер жүреді. Қысқасы, қолдан қайраткер жасау басталды. Мақтау таудан құлаған тасқын секілді. Түптің түбінде сол тасқынның астында қалатындар кімдер?.. Әрине, қара халық.

Қайран, Ғабең не деп еді. «Ай мен Күн айқайламай-ақ шығады ғой».

Қарғасы көп елдің бұлбұлына күн жоқ

Сізді көптен бері көрген жоқ едім. Содан да көңілім алаң-тын. Өткен жолы үлкен бір сарай толы салтанатта көрдім. Арпа ішінде бір бидай болып тұрдыңыз-ау. Анау-мынау емес, сахнада көрдім. Жүрегім қатты соқты. Қуаныштан болуы керек. Қырғиы да, қарғасы да сөйлеп жатыр. Сіз күлімсіреп тұрдыңыз. Әрине, сырт көз үшін. Өйткені жан жарасын сездіргіңіз келмейді. Тектісіз ғой. Сол салтанатта налитын көрініс аз болмады. Даналық пен дүмшелік итжығыс түсіп жатты. Сіз ешқашан сұлулықты сатпағансыз. Таза өнер төккенсіз. Сондағы «еңбегі сіңген» бір әртістің әуейі сөйлегені-ай?! Байқаймын, жүзіңіздегі әлгі бір болмашы сәуле сөніп барады. «Қарғасы көп елдің бұлбұлына күн жоқ» деген ғой, тағдыр Сізді аз күнде аз азапқа салмады. Соның бәрін Сіздің рухыңыз жеңетініне кәміл сенуші едім. Солай болды да. Көзіңізде әлі от бар екен – өнер оты, намыс оты.

Ғабең айтады: «Қазаққа он талант аздық етпейді, жүз талант көптік етпейді». Сіз сол он жүйріктің де, жүз жүйріктің де бірісіз. Оған екі дүниеде де күмән жоқ. Әттең, орта жолда сәл аялдап қалғаныңыз жанға батады. Аман болыңыз! Кейде осындай бір көңілсіздік билегенде орыс тіліне «жүгінгің» келеді. «И на вашей улице будет праздник»...

***

Біреулер жүрегім ауырды дейді. Жүрек ауырмайды ғой, жүрек жарылады, жүрек тоқтайды. Басқа дене мүшелерінің жұмыс ырғағы бұзылған жағдайда салмақ жүрекке түседі ғой. Бұл өз-өзінен түсінікті қарапайым қисын.

Қазіргі қоғам картинасы осыған ұқсас. Иесіздік, алып-сатарлық, жемқорлық, көз қысты, бармақ басты асқынып барады. Бақылау жоқ. Содан соң да ел жүрегі жаралы. Осының бәрін көретін де, сезетін де жүрек байғұс қайдан шыдасын. Жарылады, тоқтайды ғой.

Қазір өнерде, әдебиетте үлкен жүректер тоқтап жатыр. Неге тоқтайды? Себебін көп сөзбен де, бір сөзбен де айтуға болады.

***

Жол шетінде белі бүгілген кейуана пісте сатып отыр. Бір милиция әлгіні айналып шықпайды. Нағашысының дүниесіндей әрі өтіп бара жатып бір уыс, бері өтіп бара жатып бір уыс алып кетеді. Қызмет күнін сол кейуананы тонаумен, артынан есептесумен өткізеді. Бала кезімізде милиция деген ерлік жасап жататын қайсар, ержүрек мамандық секілді еді. Бір көкеміз: адамнан милиция жасау оңай, ал милициядан адам жасау қиын деуші еді. Қазір солай болып тұр. Бәріне топырақ шашпайсың, әрине, адал адамдар бар. Бірақ ат төбеліндей. Заңсыздыққа, қып-қызыл қиянатқа заң адамдары жол ашса, не шара?!

Есіңнен әлгі кейуана кетпейді. Заман-ай, десейші, бетінің нұры тамып, немерелеріне әдемі ертегісін айтып, бала-шағаның алдында айбын болып, мейманасы тасып, бір үйдің киесі болып отырмай ма? Тал көлеңкелеп пісте сатып несі бар?

Немере деген тәтті болады, сонсоң қиын болады. Сол күні алдынан немересі жүгіріп шықты. «Алақай, алақай, апам шемішкені сатыпты. Белесебет алатын болдық». Ет жүрегі елжіреген кейуана не десін. «Айналайын, белесебетті келесі жолы аламыз, бұл жолғысын милиция бала алды» дей ме? Оны түсінетін немере неме ме?

Өткен күндер еске түседі. Студентпіз. Апамды сағынам. Қайран апам, бар тәттісін, бар жылы-жұмсағын маған сақтайтын. Оның сыртында «аналар біліп қоймасын» деп еш шашау шығармай пенсиясын қоса беретін. Бүгінде немере алдында үнсіз, дәрменсіз қалған қарттарды ойлағанда, сол сурет еріксіз көз алдыма келе береді...

Қали СӘРСЕНБАЙ, 

жазушы