ҰЛТТЫҚ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ ҮЛЕС ҚОСҚАН ТҰЛҒА
2026 ж. 08 қараша
195
0
Тарихқа үңілген сайын жаңа есімдер мен тың деректерге тап болып, өткеннің ақтаңдақ беттері біртіндеп ашыла түседі. Солардың бірі – қоғам қайраткері, журналист Зарап Темірбековтің өмірі мен қызметіне қатысты деректер. Биыл 6 қарашада Зарап Темірбековтің туғанына 120 жыл толады. Осы айтулы күнге орай Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Ғылым ордасы» РМК ұйымдастыруымен «Зарап Темірбеков: дәуір шындығы және тұлға тағдыры» атты дөңгелек үстел өткелі отыр.
Көкшетау өңірінде дүниеге келген Зарап Мұсаұлы жастайынан білімге ұмтылып, Петропавл педагогикалық техникумында, кейін Мәскеудегі журналистика институтында оқыды. Қоғамдық қызметке ерте араласып, еліміздің бірқатар өңірінде жауапты міндеттер атқарды.
Зарап Темірбековтің қоғамдық қызметі ел өміріндегі аса күрделі тарихи кезеңмен тұспа-тұс келді. Ол еңбек жолын жастар қозғалысынан бастап, Петропавл, Ақтөбе және Жетісу өңірлеріндегі комсомол комитеттерінде жауапты қызметтер атқарды. Кейін Атбасар мен Ақмола өңірлеріндегі партия органдарында, Қарағанды облыстық комсомол комитетінде еңбек етіп, жастарды білімге, еңбекке және қоғамдық белсенділікке жұмылдыру ісіне атсалысты. Қайраткер қоғамдық жұмысты журналистік қызметпен ұштастыра білді. Ол баспасөз арқылы елдің әлеуметтік-саяси мәселелерін көтеріп, халықтың мұң-мұқтажын жеткізуге және жаңа буынның көзқарасын қалыптастыруға күш салды. Зарап Темірбеков үшін баспасөз тек ақпарат тарату құралы емес, қоғамды ағартудың, елдік мүддені қорғаудың және жұртты ортақ мақсатқа жұмылдырудың пәрменді мінбері болды.
Қазақ баспасөзінің ғасырдан асқан шежіресіне көз жүгіртсек, оның айтулы белестерінен Зарап Темірбековтің есімі мен қолтаңбасын көреміз. Ол қазіргі «Жас Алаш» газетінің бұрынғы атауы – «Лениншіл жасқа» басшылық етіп, «Егемен Қазақстанның» негізі болған «Еңбекші қазақта» әдеби қызметкер, ал қазіргі «Ақиқат» журналының бұрынғы атауы – «Қазақстан большевигінде» редактордың орынбасары қызметін атқарды. Осы басылымдардағы қажырлы еңбегі арқылы Зарап Темірбеков ұлттық журналистиканың өркендеуіне үлес қосып, қазақ баспасөзінің тарихында өшпес із қалдырды.
Зарап Мұсаұлы «Жаңа өмір», «Жанталас» шығармаларын жазып, көркем аударма саласында да өнімді еңбек етті. Алайда елге қызмет етуді мұрат тұтқан қайраткердің ғұмыры саяси қуғын-сүргіннің қасіретті жылдарында мезгілсіз үзілді. Ол 1937 жылы жазықсыз жаланың құрбаны болып, қудалауға ұшырап, 1938 жылы ату жазасына кесілді. Ақиқаттың ақ таңы араға жиырма жыл салып қана атып, 1958 жылы оның есімі толық ақталды.
Іс-шара қарсаңында қатысушылармен тілдесіп, Зарап Темірбековтің өмірі мен мұрасына қатысты жиында көтерілетін өзекті мәселелер жөніндегі пікірлерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Нұрлан Сейдин, ҚР ҒЖБМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК бас директоры, тарих ғылымдарының кандидаты:
– Іс-шараның мақсаты – қоғам қайраткері, журналист Зарап Мұсаұлы Темірбековтің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін тарихи тұрғыдан зерделеу, оның тағдырын саяси қуғын-сүргін кезеңіндегі оқиғалармен сабақтастыра қарастыру, тарихи деректер негізінде қазақ зиялыларының қоғамдық қызметі мен рухани мұрасын таныту, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін жаңғыртуға қатысты мәселелерді талқылау. Зарап Темірбековтің өмір жолы арқылы біз бір азаматтың тағдырын ғана емес, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ қоғамы бастан өткерген күрделі кезеңдерді де танимыз. Бұл жиынның мәні өткенге құрмет білдірумен ғана шектелмейді. Қайраткердің баспасөз беттерінде жарияланған еңбектерін жинақтау, әдеби туындыларын зерделеу, шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа таныстыру – алдағы ізденістерге арқау болатын маңызды міндеттер. Осы бағыттағы зерттеулерге серпін беру, оның есімін ұлықтауға қатысты келелі мәселелердің шешім табуына ықпал ету, қайраткердің көшеге есімін беру мәселесін қайта қарастыру, Зарап Темірбеков атындағы жас тілшілер байқауын ұйымдастыру және оның мұрасын жүйелі түрде насихаттау – алдағы уақытта атқарылуға тиіс маңызды жұмыстар.
Еркін Стамшалов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы:
– Қазақстанның кеңестік кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси тарихына қатысты зерттеулердің ауқымды бір бөлігін ХХ ғасырдың бірінші жартысында шаруашылықты кеңестік үлгіде қайта құрумен сабақтаса жүрген әлеуметтік күйзелістер мен жаппай жазалау науқандары құрайды. Соңғы жылдары Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметі аясында құпиясыздандырылып, ғылыми айналымға енгізілген құжаттар бұрын айтылмай келген бірқатар маңызды тақырыпқа сәуле түсірді. Құжаттардың қолжетімсіз болуынан туындаған тарихи мифтердің астарын ашу нәтижесінде қоғамдық-саяси даму тарихында орны бар қайраткерлердің ғана емес, тұтас империяны қамтыған алапат саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған қарапайым адамдардың өмірі мен тағдырына қатысты деректер де толыға түсті. Бұл құжаттар сталиндік жаппай жазалау науқандарының алғышарттарын, жүзеге асырылу тетіктері мен аймақтық ерекшеліктерін саралауға мүмкіндік береді.
Ақлима Омарова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Музыкатану» бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор:
– Бір әулеттің өкілдері – әкесі Зарап Мұсаұлы Темірбеков пен қызы Алма (Қайрат) Зарапқызы Темірбекованың өмірі мен шығармашылық қызметіндегі рухани сабақтастықты зерделеу қай кезеңде де өзекті. Әртүрлі күрделі әрі қайшылықты жағдайда өткен олардың өмір жолдары өзара терең үндестік тапты. Дәуірдің саяси, идеологиялық, көркемдік және мәдени сипаты олардың жеке болмысынан – өмірлік ұстанымынан, кәсіби қызығушылықтарынан, жұмыс қағидаттары мен еңбектерінің нәтижелерінен қайталанбас әрі қоғамдық мәні зор көрініс тапты. Айрықша парыз бен жауапкершілік сезімі, риясыздық пен жанқиярлық, ой-ниет пен мақсаттың тазалығы, ашықтық, ұстанымға беріктік және адалдық – уақыт алшақтығына қарамастан, З.М.Темірбеков пен А.З.Темірбекованың тағдырларындағы мағыналық сабақтастық пен ішкі тұтастықты айқындаған қасиеттер. Дүниетанымнан, өз миссиясын түсінуден және шығармашылық «менінен» көрініс тапқан мұндай рухани туыстық барлық қиындыққа қарамастан көрініс тауып, кейінгі ұрпақ жадында сақталуы тиіс».
Жайдаргүл Қазыбекова, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының доценті, өнертану ғылымдарының кандидаты:
– Қуғын-сүргінге ұшыраған қоғам қайраткері Зарап Темірбековтің қызы, Қазақстан музыкатану мектебінің көрнекті өкілі Алма Зарапқызы Темірбекованың өмірі мен ғылыми мұрасы музыкатану саласы үшін ерекше қызығушылық тудырады. Балалық шағында ата-анасынан ажырап, балалар үйінде тәрбиеленгеніне қарамастан, ол өзін ғалым әрі педагог ретінде таныта білді. Бүкіл кәсіби ғұмырын қазақтың музыкалық мұрасын зерттеу мен сақтауға арнап, аймақтық этномузыкатанудың қалыптасуына елеулі үлес қосты. Өкінішке қарай, оның еңбегі әлі де лайықты бағасын толық алған жоқ. Маңызды дереккөздердің бірі – 2013 жылы жарық көрген «Тағдырлар / Судьбы» тарихи-өмірбаяндық жинағы. Ондағы мұрағат құжаттары, ғылыми еңбектер мен замандастарының естеліктері Алма Темірбекованың кәсіби қызметін ХХ ғасырдағы тарихи сілкіністер аясында ашып көрсетуге мүмкіндік береді.
Ерден Нұрахмет, Талдықорған қаласындағы №29 орта мектеп-лицей мұғалімі, «Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының жеңімпазы:
– Сталиндік саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, журналист, публицист әрі драматург Зарап Темірбеков небары 31 жасында жазықсыз ату жазасына кесілді. Оның қысқа ғұмырында қазақ баспасөзі, әдебиеті мен театр өнерінің дамуына қосқан үлесін деректерді жинақтап, ғылыми айналымға енгізу арқылы қайраткердің ұлт руханиятына сіңірген еңбегі мен тұлғалық болмысы жан-жақты ашыла түспек. Зарап Темірбековтің қуғын-сүргінге ұшырауы, оның отбасын шарпыған қасірет және араға жылдар салып ақталуы – тоталитарлық жүйенің бір адамға ғана емес, тұтас әулетке, ұлттың рухани дамуына салған ауыр жарасының айқын көрінісі».
Гаухар Мұқашева, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің ғылыми қызметкері, өнертану ғылымдарының магистрі:
– «1937 жылы Зарап Темірбеков «халық жауы» деген жалған айыппен тұтқындалып, 1938 жылы ату жазасына кесілгеннен кейін, сол жылдың 10 сәуірінде оның жұбайы Сақыпжамал Назарова да қамауға алынып, Ақмола өңіріндегі «АЛЖИР» лагерінде сегіз жыл жазасын өтеді. Саяси қуғын-сүргін бір азаматтың ғана ғұмырын қиып қойған жоқ, тұтас бір отбасының шаңырағын ортасына түсірді. Ата-анасынан айырылған қызы мен ұлы балалар үйіне жіберіліп, анасы перзенттерінен көз жазып қалды. Лагерьден босап шыққаннан кейін де Сақыпжамал Назарованың Алматыға оралуына шектеу қойылып, ол туған-туыстарынан жырақта өмір сүруге мәжбүр болды. Кейін ақталған соң балаларын іздеуді жалғастырып, алдымен қызы Алманы тапты, ал 1978 жылы ұлы Жаңартпен қауышты. Бүгін, Сақыпжамал Назарованың өмір жолына қатысты деректер ашық ақпарат көздерінде аз ғана кездеседі. Қазіргі цифрландыру дәуірінде Зарап Темірбековтің отбасы мүшелерінің тағдырын зерттеу ісін жандандырып, олардың өміріне қатысты ресми архив құжаттары мен тарихи мәліметтерді ғылыми айналымға енгізу және көпшілікке қолжетімді ету қажет».
Айнұр Қазтуғанова, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, өнертану ғылымдарының кандидаты:
– Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз «халық жауы» атанған тұлғалар туралы деректі арада бір ғасырға жуық уақыт өткенде іздеу алғашында нәтижесіз әрекеттей көрінуі мүмкін. Өйткені олардың есімдері ұзақ жылдар бойы тарихтан өшіріліп, өмірі мен қызметіне қатысты көптеген құжаттар қолжетімсіз күйде қалды. Дегенмен өткеннің көмескі іздерін замандастары мен кейінгі ізбасарлары қалдырған естеліктерден табуға болады. Әрбір сөзге мән беріп, үзік деректерді өзара сабақтастыра қарастырғанда, бір тұлғаның бейнесі біртіндеп тұтасып, тарихтың ақтаңдақ беттері ашыла түседі. Осы тұрғыдан алғанда, А.Темірбеков, Е.Оспанов, Ш.Құсайынов, Б.Хасенова, М.Дінішев, М.Жүнісов, Ш.Өтепов, А.Кияница және А.Жұбанов сынды замандастары мен туыстарының естеліктері айрықша құнды. Мәселен, Ахмет Жұбановтың естелігінен оның Зарап Темірбековпен алғашқы кездесуі мен таныстығы, қызметтік байланысы, қоғамдық істерге араласуы және актерлік шеберлігі секілді көпшілікке беймәлім қырлары ашылады. Осындай әрбір естелік Зарап Темірбековтің тұлғалық болмысын тереңірек танытып қана қоймай, зұлмат жылдары көмескіленген тарихи шындықты қалпына келтіруге жол ашады».
Зарап Темірбековтің ғұмыры қысқа болғанымен, оның қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұрасы ұлт тарихында өшпес із қалдырды. Қайраткердің өмір жолын архивтік деректер мен замандастарының естеліктері негізінде тереңірек зерттеу – бір тұлғаның тағдырын түгендеу ғана емес, саяси қуғын-сүргін жылдарында көмескіленген тарихи шындықты қалпына келтіру. Сонымен қатар оның отбасы мүшелерінің тағдыры мен қызметін зерделеп, әулет тарихындағы ақтаңдақ тұстарды толықтыру – зұлмат жылдардың адам өміріне салған жарасын тереңірек танытатын маңызды міндет. Зарап Темірбековтің есімі мен мұрасын жаңғырту үшін бір ғана іс-шараның өткізілуі жеткіліксіз. Мұндай тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметі мемлекеттік деңгейде жүйелі зерттеліп, мұрасы кеңінен насихатталуға тиіс. Олардың есімдерін бүгінгі және келешек ұрпақтың жадында мәңгі сақтау мақсатында көшелер мен білім беру ұйымдарына беру – тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің маңызды қадамдарының бірі.
Әзірлеген Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ