ӘУЛЕТКЕ ҰЙЫТҚЫ, ЕЛГЕ СҮЙЕНІШ

ӘУЛЕТКЕ ҰЙЫТҚЫ, ЕЛГЕ СҮЙЕНІШ

Өмірде жүрген жеріне жылылық сыйлап, айналасына шапағатын шашып жүретін адамдар болады. Ондай жанның адамгершілігі, қарапайым болмысы, елге қызмет етуге деген ықыласы сарқылмас бұлақтай нәр беріп тұрады. Ол қандай қызмет атқарса да, ең алдымен азаматтық келбетімен құрметке ие болады. 

Мен үшін сондай азаматтың бірі – көптен бері жақын араласып келе жатқан дос-інім, бүгінде құдам атанған Марат Қынабекұлы Үкібаев. 

Мәкең – өмірдің талай белесінен сүрінбей өткен, еңбегімен де, мінезімен де ел ықыласына бөленген азамат. Бойындағы қарапайымдылық, байыптылық, ұйымдастырушылық қабілет пен адамдарға деген шынайы жанашырлық оны өзі қызмет еткен ортаның ғана емес, тұтас қазақ қауымының қадірлі тұлғасына айналдырды. 

Сырдария облысының орталығы Гүлстан қаласында дүниеге келген ол мектепті үздік тәмамдап, Ташкент политехникалық институтын инженер-экономист мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітірді. Кейін Ташкент Жоғары партия мектебін де үздік аяқтап, өндіріс пен басқару саласында жауапты қызметтер атқарды. Әкесі, аты аңызға айналған Қынабек Үкібаев басқарған шаруашылыққа жетекшілік етіп, оның қалыптастырған еңбек мектебі мен ұйымдастырушылық дәстүрін абыроймен жалғастырды. 

2008 жылы Өзбекстан Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы болып сайланған ол 2015 жылға дейін ұлттық мәдениетті өркендетуге өлшеусіз үлес қосты. Оның бастамасымен халықаралық айтыстар өткізілді, ғылыми конференциялар ұйымдастырылды, деректі фильмдер түсірілді, қазақтың тілі мен мәдениетін дәріптейтін көптеген игі бастама жүзеге асты. Ең бастысы – қазақ зиялыларын ортақ мақсатқа жұмылдырып, ұлттық мәдени орталықтың беделін жаңа белеске көтерді. 

Бұл жұмыстың бәрін мен сырттай бақылаушы ретінде емес, бірге жүрген әріптесі ретінде жақсы білемін. Сол жылдары Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық қордың қоғамдық жұмыстарына бірге араласып, талай игі істің куәсі болдым. Сондықтан оның ұйымдастырушылық қарымын да, елге деген жанашырлығын да сеніммен айта аламын. 

Мәкеңнің азаматтық болмысын толықтыратын тағы бір қасиет – оның әулет алдындағы жауапкершілігі. Ол қазақтың қара шаңырағының иесі ретінде ардақты әкесі Қынабек ата мен аяулы анасы алдындағы перзенттік парызын адал атқарды. Ақ адал жары Шарбану құдағи екеуі үлкендердің ақ батасын алып, қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып, ағайын-туыстың ұйытқысына айналды. Бұл – бүгінгі күні сирек кездесетін, бірақ халқымыз ерекше қадірлейтін өнеге. 

Жарты ғасырдан астам уақыт бойы жарасымды ғұмыр кешкен Шәрбану құдағи екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, бүгінде немере сүйіп отырған өнегелі отбасы. Осы шаңырақтан қазақтың дарқан көңілі, кең дастарқаны мен қонақжайлығы ешқашан арылған емес. 

Мен Марат Қынабекұлын ата-баба аманатына адал азамат ретінде де ерекше құрметтеймін. Оның ұсынысымен Қынабек Үкібаев туралы «Қынабекнама» кітабын өзбек тіліне аударып, толықтырып, Қынабек атаның 110 жылдығына орай бірге жарыққа шығардық. Сондай-ақ республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығының негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері Артықбай Қынабекұлына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияны ұйымдастыруға да бірге атсалыстық. Мұның бәрі – тарихи жадыны сақтау мен кейінгі ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісі. 

«Әрбір адам – бір дастан» дейді халқымыз. Меніңше, Марат Қынабекұлының ғұмыры – елге адал қызметтің, ұлттық құндылыққа деген құрметтің, отбасы мен ағайынның бірлігін сақтаған азаматтықтың өнегелі дастаны. 

Қадірлі Мәкең! 

Өзіңіз көтерген қара шаңырақтың түтіні түзу ұшып, үкілі әулеттің құты ортаймасын. Елге сіңірген еңбектің жемісін көріп, абыройыңыз асқақтай түссін. Жан жарыңыз Шарбану құдағи екеуіңізге ұзақ ғұмыр, ұрпақ қызығын көруді тілеймін. Әрдайым ағайынның ұйытқысы, елдің сүйеніші болып жүре беріңіз! 


Абдулла РҮСТЕМОВ, 

Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, 

Өзбекстан Тұран ғылым академиясының академигі, 

құрметті профессор, қоғам қайраткері  



ӘКЕ АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ

Марат Үкібаевтың өмір белестері 

 Марат ағаның өмір жолы – әке аманатына адалдықтың, елге қызмет етудің, ұлт руханияты мен халықтар достығын нығайтудың жарқын үлгісі. Ол саналы ғұмырын халыққа қызмет етуге арнап, жауапты мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарды. Әрі әке жолын жалғастырып, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін сақтауға, қазақ-өзбек халықтарының арасындағы достық байланысты нығайтуға елеулі үлес қосты. Биыл 75 жасқа толып отырған Марат Қынабекұлының өмір белестері – кейінгі ұрпаққа өнеге, ел алдындағы адал қызметтің айқын көрінісі.

Марат Үкібаев 1951 жылы 16 қыркүйекте Өзбекстандағы Мырзашөл қалашығында (қазіргі Гүлстан қаласында) белгілі қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Мырзашөл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Қынабек Үкібаев пен Нәргүл Маулешованың отбасында дүниеге келген. Ол – үйдің тоғызыншы перзенті. Бала кезінен білімге деген құштарлығымен өзгелерден ерекше көрініп, 1968 жылы Ә. Молдағұлова атындағы орта мектепті «Алтын медальмен» бітірді. 1973жылы Ташкент политехника институтын, 1981 жылы Ташкент жоғары партия мектебін қызыл дипломмен тәмамдаған. 

Еңбек жолын 1973 жылы Өзбекстанның Сырдария облысындағы Ақалтын аудандық атқару комитетінде экономист болып бастады. Сол уақытта Қынабек ақсақал зейнеткерлік жасқа келіп қалғандықтан, оған Марат аға қамқорлық жасап, меірімін аямады. 

Марат Үкібаев өз білімі мен еңбекқорлығының арқасында аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы, 1975 жылы Ақалтын аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарды. 1976 жылы Ақалтын аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды. 

Жас басшы бұл қызметте өзінің ұйымдастырушылық қабілетін, іскерлігін және жастармен жұмыс жүргізудегі қарым-қабілетін таныта білді. Оның басшылығындағы аудандық комсомол комитеті республика көлемінде үздіктер қатарынан көрінді. Марат Қынабекұлы соның арқасында ауданды алға жетелеп, жетістіктерге жеткізді. Ол облыстық комсомол комитеті бюросының мүшесі, Өзбек КСР-і комсомолы Орталық комитетінің мүшесі болып сайланды.

Бұл жетістіктер оның болашақтағы басшылық қызметтеріне берік негіз қалады. Жастардың белсенділігін арттыру, оларды еңбекке баулу, қоғамдық жұмыстарға жұмылдыру бағытында жинақтаған тәжірибесі кейінгі қызметтерінде де кәдеге асты.

1979 жылы облыстық партия комитетінің ұсынысымен жас кадрларды тәрбиелеп өсіру мақсатында Республикалық жоғарғы партия мектебіне жолдама алды. 1981 жылы жоғарғы партия мектебін қызыл дипломмен бітіргеннен кейін Ақалтын ауданындағы Усман Юсупов атындағы кеңшар партия комитетінің хатшысы болып сайланды. 

1986 жылы Ақалтын ауданы агро-өндірістік бірлестігі бастығының бірінші орынбасары, 1988 жылы сол бірлестіктің бастығы, Ақалтын аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарды. 1989 жылы Орта Азия ғылыми зерттеу институтының аспирантурасын тәмамдады. 

1990 жылы Ақалтын аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Қайта құру саясаты жүріп жатқан тұста да аудан жауапкершілігін толығымен мойнына алып, оның көрсеткішін республика деңгейінде жоғары дәрежеге жеткізіп көрсете білді. 

1992 жылы билік жүйесіне өзгерістер енгізілген тұста Ақалтын ауданы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. 1994 жылы әкесі Қынабек Үкібаев құрған №17, кейінгі «Сардоба» кеңшарының басшысы болып тағайындалды. Осы шаруашылықты 2004 жылы ел бойынша шаруашылықтар таратылып, фермерлік қожалықтар енгізілгенге дейін басқарды.

Әке жолын жалғастыру – тек бұрынғы істі басқару емес, оның абыройын сақтау, ел алдындағы жауапкершілігін сезіну, басталған істі лайықты деңгейге жеткізу. Марат Үкібаев осы міндетті терең түсінді. Ол шаруашылықтың жұмысын ұйымдастырып, өндірістік көрсеткіштерін жақсартуға, еңбек адамдарының жағдайын көтеруге және әкесі қалыптастырған іскерлік дәстүрді жалғастыруға күш салды.

Әкесі Қ.Үкібаевтың есімі өзі еңбек еткен өңірде ерекше құрметпен аталатын. Ұлы Отан соғысының ардагері, Өзбек КСР-і Жоғарғы Кеңесінің үш мәрте депутаты, Социалистік Еңбек Ері атанған Қынабек Үкібайұлы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтар арасындағы достықты нығайтуға зор үлес қосқан тұлға еді.

Осындай қайраткердің ұлы болу Марат Қынабекұлына үлкен жауапкершілік жүктеді. Ол әке есімін құрметтеуді сөз жүзінде ғана емес, нақты іспен дәлелдеуге ұмтылды. Шаруашылық орталығында Қынабек ақсақалға арнап музей ашып, алдына оның мүсінін орнатуы – соның айқын дәлелі.

Бұл игілікті іс әке еңбегіне тағзым етумен ғана шектелмейді. Ол – туған өлкенің тарихын сақтау, елге еңбегі сіңген тұлғаның өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізу, жас буынның бойына отаншылдық сезімін сіңіру жолындағы маңызды қадам.

М.Үкібаевтың ағасы Артықбай Қынабекұлы да көрші елде үлкен қызметтер атқарған. Ол өзі 1989 жылы құрған Республикалық Қазақ мәдени орталығының басшысы, Өзбекстан президентінің ұлтаралық қатынастар мәселесі бойынша кеңесшісі бола жүріп, өзбек-қазақ достығын нығайтуға, жалпы Орталық Азия мемлекеттерінің бірлігін арттыруға өлшеусіз үлес қосты. Сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыда Өзбекстан Президентімен кездескенде: «Вот, мне бы тоже такого советника, как Артықбай» дегені әлі есте. Артықбай ағамыз осылайша екі бірдей мемлекеттің басшылары алдында үлкен абыройға ие болған. 

Марат Үкібаев сол Артықбай ағаның да еңбек жолын жалғастыру мақсатында 2005 жылы Республикалық Қазақ мәдени орталығының басшысы қызметіне кірісті. 2005-2015 жылдар аралығында қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап қалу, оны әрі қарай дамыту жолында жан аямай еңбек етті. 

Ташкентте орналасқан «Халықтар достығы» сарайына республикаға әйгілі айтыскерлерді шақырып, олардың арасында бес дүркін сайыс ұйымдастырды. Оларға «Алтын домбыраның» 10 иегері қатысқан. Арасында Айнұр Тұрсынбаева, Бекарыс Шойбеков, Жансая Мусина, Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязов, Біржан Байтуов және тағы басқа айтыскерлер бар. 

М.Үкібаев Төле бидің 350 жылдығын, Әйтеке бидің 375 жылдығын ұйымдастыруға, Зауытбек Тұрысбеков, Шахарбек Усманов секілді мемлекет және қоғам қайраткерлерінің және басқа да демеушілердің қолдауымен Өзбекстанның Науайы облысындағы Нұрата қаласында Әйтеке бидің мемориалдық кешенінің ашылуына атсалысты. Қазақ-өзбек достығын нығайту мақсатындағы «Біз – бір халықпыз» атты халықаралық фестиваль ұйымдастырды. Осы фестиваль аясында басқа шаралармен қатар «Қайрат» және «Пахтакор» футбол командалары ардагерлерінің Ташкенттегі кездесуі өткізілді. 

Марат аға 2011 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылтайына Өзбекстан қазақтарының делегациясын басқарып барғанда, Нұрсұлтан Назарбаев амандасып тұрып: «Нұрлы көш» бағдарламасы Өзбекстанда қалай жүзеге асырылып жатыр?» – деп сұраған. Сонда М.Үкібаев: «Нұрсұлтан Әбішұлы, көш басында өзіміз келе жатырмыз ғой» депті. 2008 жылы қабылданған осы бағдарлама арқылы Қазақстанға 1 миллионнан астам қандасымыз келген. 

Марат ағаның өзі де елге қоныс аударған. Ол 2015 жылдан бері Шымкентте тұрады. Қазір зейнеткерлікте болса да, осы қаладағы қоғамдық іс-шаралардан қалып көрген емес. Кеңес Одағының батырлары Сабыр Рахымовтың 120 жылдық, Тоғанбай Қауымбаевтың 100 жылдық тойларын атап өтуге қатысқан. Сол арқылы қос батырдың ерлігін насихаттау, ұлықтау, балаларды отаншылдық рухта тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды абыроймен атқарып келеді.  

М.Үкібаев өмірлік жары Шәрбану Жұмаділлаевамен бірге үш қызы– Сәуле, Айгүл, Гүлнара мен ұлы – Мырзабекті тәрбиелеп өсірді. Қазір екеуі – 11 немере мен 2 шөбере сүйіп отырған абыз ақсақал, ақжаулықты әже. Ұл-қыздарының бәрі жоғары білім алған мықты мамандар. Олар да әулет дәстүрін жалғастырып, ел экономикасына үлесін қосып жүр.

Ораз ТҰРСЫН