ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
2026 ж. 06 қазан
89
0
Осыдан бес жыл бұрын, 2021 жылы “ҰСТАЗДАР КҮНІ НАҚТЫ БЕЛГІЛЕНУІ КЕРЕК! Мұғалімдер мерекесі 5 қазан күні болғаны дұрыс”-деп, осындай ұсынысты парламентте көтеріп, Үкіметке жазған едік.
Содан екі жылдан кейін 2023 жылы ҰСТАЗДАР КҮНІ НАҚТЫ БЕЛГІЛЕНДІ!
Мұғалімдер мерекесі 5 қазан күні болып, ресми шешілді!
Сол күні «ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҰСТАЗДАР КҮНІ Құтты болсын!»-деп, мұғалімдерден сүйінші сұрап жаздық.
Сол Үкіметке жазған ұсынысымызда:
«Осы биыл, 2021 жылы, кеше ғана зу етіп өте шыққан жазда депутаттық сапармен ел аралағанда бірнеше өңірде ұстаздардың айтқан аманаты -Ұстаздар күнін нақты бір күнге белгілеу болды!
Иә, біз ордалы Оңтүстікте, киелі Түркістан өңірі, шағылды да, шағалалы Шардараның Қызыр аралаған Қызылқұмында мұғалім болып жүрген кезімізде мұғалімдер күні белгілі бір күнде - 5 қазанда мереке ретінде аталып өтетін. Қазір кәсіби мерекелердің бәрін айдың басындағы не ортасы, не соңындағы жексенбіге қойып қойған. Ол жексенбіңіз бір күнге байланып тұрмайды, ораза секілді жыл сайын жылжи береді. Журналистер болғасын қайта-қайта жазып жүріп, Журналистер күнін әйтеуір нақты бір күнге - 28 маусымға белгілеп алдық. Ал журналистеріңізді оқытқан Мұғалімдер, Ұстаздар күні тұрақсыз. Сондықтан, 5 қазанды Мұғалімдер мерекесі етіп белгілеу керек!»- деп нақты атап жазған едім.
Иә, 2023 жылы 10 наурызда Үкімет тиісті қаулы қабылдап, Қазақстанда педагогтердің кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні енді 5 қазанда аталып келеді. Бұрын қазан айының алғашқы жексенбісінде тойланатын.
Еліміздің білім беру жүйесінде 600 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Оның ішінде 420 мыңға жуығы — мектеп мұғалімдері.
2019 жылы арнайы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды.
Сол кезде, осыдан бес жыл бұрын Үкіметке ұстаздар күнін нақты 5 қазанға қою туралы ұсыныс жасағанда, өзімнің де мұғалімім еске түсіп, Шардарадағы шабыты шалқыған шайыр, ұлағатты ұстаз Нұрғали Ибрайым ағайыма телефон соғып құттықтаған едім.
Мені де өз шәкірттерімнің үздігі, 1984 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты көркемсурет-графика факультетін бітіріп, Түркістан облысы Шардара ауданындағы Қызылқұм орта мектебіне мұғалім болып барғанда, 5-ші класынан алып, 1990 жылы мектеп бітіртіп жіберген оқушыларымның атынан өзі де қазір университет ұстазы Айман Тлегенова құттықтағанда ерекше қуанғанмын.
Бүгін 5 қазан – Ұстаздар күні!
Қадірлі ұлағатты ұстаздар қауымы!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Алаштың ақиығы Мағжан ақын айтқандай: “Алты Алаштың басы қосылса, ұстаздың орны - төрде” бола бергей!
• Әрбір шәкірттің жүрегіне білім шырағын жағып, өмір жолында бағыт көрсетіп келе жатқан қажырлы еңбектеріңіз үшін алғысымыз шексіз.
• «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп, ұлы Абай жырлағандай, ерен еңбектеріңіз, ыждағатты ықыластарыңыз, салмақты да, сабырлы көркем мінездеріңіз бен мейірімділіктеріңіз әр баланың жандүниесін нұрландыра бергей!
•Шаңырақтарыңызға шапағат пен шаттық, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге толағай табыс тілейміз. Ұсаздарынан озған шәкірттеріңіздің биік белестерден көрініп, сенімдеріңізді ақтаған қуаныштарына бөлене беріңіздер!
Алла жар болып, Жұлдыздарыңыз жарқырай бергей!
Ағартушыларға Ақ жол тілейміз!
Құрметпен, Қазыбек ИСА, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. ҚР Парламенті Мәжілісінің VII, VIII шақырылым депутаты. «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары. 1984-1990 жж. Қызылқұм орта мектебінің мұғалімі.