АЩЫ ДА БОЛСА АҚИҚАТЫ ОСЫ
2026 ж. 01 қазан
62
0
Қазіргі қазақ халқының алдында ұлт болып ұйысып, жаһандану заманында өз Тәуелсіздігін сақтай алатын іргелі мемлекет бола ала ма деген үлкен мәселе тұр. Біздің еліміз мемлекет болып қалыптасып келе жатқан ел, әзірше өзіндік ерекшелігін бекітіп, өз егемендігін толықтай сақтай алатындығы – өте үлкен мәселе. Бұған қарсы дау айтатындар табылар. Бірақ олардың бұл қадамы – адамзаттың дамуы, табиғи заңдылық дамуымен тығыз байланысты екенін ұқпауы. Бұл жалғыз біздің елге тән жағдай емес, ол бодандықтан құтылып, тәуелсіз мемлекет құру жолына түскен барлық елге тән әлемдік қоғамның даму ерекшелігіне байланысты туындайтын заңдылық. Бұл – бұлтартпас ақиқат. Осы заңдылықты меңгермей біз экономикалық дамып, саяси бедел жинап, әлемдік қауымдастықта өз орнымызды бекітіп алдық деп ұрандатып жүрген кейбіреулердің адасып жүргені осы ақиқатты ұқпауынан туындайды. Олардың бұл қылығы еліміздің келешегіне зор зиян әкеледі. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар осыған көңіл аударуы қажет.
Дамудың негізгі заңдылығы – өз тәуелсіздігін сақтау үшін қандайда болсын мемлекет өзінің рухани, экономикалық және саяси тәуелсіздігін сақтауы. Рухани тәуелсіздігін сақтау үшін бодандықтан құтылған ел отарлық идеологиядан (оның ақпараттық ықпалынан) құтылудың басты шарты ақпараттық кеңістікті ұлттық даму жолына қызмет істеуге бұру (рухани тәрбие, мемлекеттік тіл, ғылым мен халқына таза берілген білікті кадрлер мәселесін шешу).
Экономикалық тәуелсіздікті сақтау үшін шикізат сатуды (алғашқы даму кезіндегі капитал жинау мүмкіншілігін пайдаланудан арылу) шектей отырып, өндіріс, орта, шағын кәсіпті дамыту, табиғи байлық пен ұлттық шаруашылық ерекшелігіне байланысты экономиканың негізін қалау.
Саяси тәуелсіздікті сақтау үшін саясат дамуының негізгі шарты – билік халықтың мүддесін қорғап, оның шынайы сенімін ақтау, ел пікірімен санасып, кеңесу. Осы бағыттарды дұрыс саралайтын ұстаным болғанда ғана халық ұйысады, олай болмаған күнде елдің ішкі наразылығы сыртқа ашық көрінбегенімен, уақыт өте келе үлкен келеңсіздікке ұрындыруы ықтимал. Мұндайды әлемдегі авторитарлық, диктаторлық жүйелердің тәжірибесі де көрсетіп отыр.
Кезінде әлемнің бір пұшпағын билеген Баязит «Алақанға әлем сыйғанымен ақиқат сыймайды» деген екен. Осы дана сөзді билікте, саясатта жүрген әр азамат естен шығармауы керек. Барлық саладағы: кәсіпкерлікте, ғылымда, өнерде жүрген адамдардың ойында да бұл даналық болуы қажет. Ал, ұлт мүддесі үшін күресіп жүрміз деген біздер, шын ел келешегін ойлайтын болсақ, ең алдымен осы жоғарыда айтылған даму ақиқатын терең ұғып, өз бойымыздағы кемшілігімізден құтылу жолын ойлау – азаматтық борышымыз.
Егер осыған дарынымыз, ұғымымыз, жігеріміз, батылдығымыз жетсе, елімізге жақсылық әкелетін шаруа қолымыздан келеді деуге болады. Ал олай болмаған күнде (арың мен намысыңның тазалығы үшін) халықты сылдыр сөз, бос айғай, шоу, ұранмен алдап, пысықойлық пен атақ қуып, халықтың ішіндегі жарасының бетін тырнағанды қою – ол да азаматтық іс болады. Шығыстың бір ғұламасы: «Өзін өзі ұғу – даналықтың шыңы» депті. Халықтың алдына шығу үшін әрқайсымыз оңашада арымызбен ақылдасып, ұятымызбен санасып, өзіміздің әлімізді, деңгейімізді анықтап алып, тек қолымыздан келетін іске ұмтылуымыз қажет. Өкінішке қарай, қазір «көсемдікке» ұмтылып жүргендердің бәріне тән «ауру» – атаққұмарлық пен бүркеме тәкаппарлық.
Сөздерін естіп, сұхбаттарын оқыған адамдарға олар сырттай қарапайым көрінгенімен, ешкімді менсінбейтін, өздерін жоғары санайтын, іштарлығы ішінде жатқан, бірақ кемшіліктерін жасыра білетін қылықтары қазақ қоғамына тек зиянын тигізіп отырғаны аян. Қазақтың басы қосылмай, бас-басына данышпан, ақылшы, көсем болуға ұмтылудың салдарынан береке мен бірлік болмай, бөтендерге жем болып отырғанымызды кім жоққа шығара алады?! Қазақ зиялыларының басы қосылмаса, ұлтымыздың намысы жерге тапталуы жалғаса береді.
Зиялы қауымды ұйыстыру үшін екі нәрсе қажет: бірінші – қиын да болса біз парасаттылық көрсетіп, тәкапарлыққа жол бермей, өзімшілдікті жеңіп, халықтың бірлігін сақтау үшін өкпе-наланы қойып, басқаның қадамын шұқылап кемшілік іздеуден, айтыс-тартыс, дау-дамай, өсек жиып соттасудан, екінші – қайда болсаң да, кіммен сұхбаттассаң да өтіп кеткен істеріңе өзің баға беріп, оған ақы тілегендей айта беруден (дәріптеу мақсатында басқа біреулерге айтқызудан да) аулақ болуымыз керек. Әрқашан маңайындағы адамдарды кім болса да деңгейіне қарамай тең санап, сөзге тоқтай біліп, ұлттық мүдде үшін (биліктегі тұлға үшін емес) өзіңнің менмендігіңді жеңіп (пендешіліктен жоғары болып), бір командада жұмыс істей білу. Біздің осы талаптарды орындауға әліміз, деңгейіміз, ақылымыз, төзімділігіміз, біліміміз, біліктілігіміз жетсе, алынбайтын қамал жоқ.
Ұрпақтың санасын не уландырады?
Біз пендешілікпен өмірде болып жатқан көптеген жағдайларды қабылдамай ренжиміз, кейде тіпті сол жағдайларға кінәлілерді іздейміз. Тіпті артық кетіп, негізсіз сын айту да болып жатады. Осы табиғи құбылыс, тіршіліктегі адамдардың бәріне тән өмірді қабылдауда болатын, пендешіліктен туындайтын қадамдардан, қателіктерден пайда болатыны ақиқат. Одан ешкім құтыла алмайды. Өйткені адамдардың бәрі бірдей ойлауы, бір қалыппен жүріп өмір сүруі мүмкін емес. Ол адамның құзырында емес, ол табиғат жаратылысында. Адам тек бір ғана қажетті бағдарламамен жұмыс істейтін қолдан жасаған жасанды робот емес. Сондықтан адамдар бірін бірі түсіну үшін бірін бірі тыңдау, мақсатқа жету бағытында ой-арман және қимыл бірлігі қажет. Бұл – біз ғана емес, ата-бабамыз өткен жол. Біздің қоғамның дамуы бірінің пікірін бірі тыңдап, өз халқымыздың келешегі үшін адал болуға, тек халықтың бірлігі мен даналығына сүйенуге байланысты. Онсыз еліміздің келешегі болмайды. Халықтың пікір алысуын саясаттандырып жікке бөлмейік. Ой мен ақылға сүйенейік.
Кейінгі кездері өздерін зиялы қауымға жатқызатын азаматтардың ақпарат тарату жүйесінде ғаламторда жиі көрініп, пікірлерін айтып, жазуы артып келеді. Осы үрдіс, елдегі азаматтардың өз халқының тағдыры мен келешегіне бейқам қарамай, белсенділік танытып және өздерінің де ақиқаттануы (познания истины) жетіліп, өсуіне ықпал ететін бағыт екені қуантады. Бұл бағыт әр азаматтың өз елінің келешегінің негізі, жаңа қоғамдық сананы қалыптастыратын үдеріске үлесін қосатыны анық. Қоғам келешегі үшін жұрттың санасына өмір даму заңдылығының ерекшелігіне сәйкес үнемі өзгерістерді жеткізетін осы бағытты қолдап, ұрпақтың өз халқының рухани құндылықтарын игеруіне ықпал жасасақ үлкен жетістік болар еді. Яғни жас ұрпақ өз халқының тарихы мен рухани құндылығын қадірлеп, ар-намысы таза, жұртының келешегіне адал қызмет ететін деңгейге көтеріледі. Бұл бағыттағы істі ұрандатып, саясаттандырып науқанға айландырмаған жөн. Өйткені адам санасының табиғаты ерекше жаралған, ешқашан да жасанды ақпаратты қабылдамайды. Жасанды әрекеттер қаншалықты әсерлі болса да, адамның ойын қозғамайды, тез ұмытылады. Жастар ақпаратты қабылдау үшін ары мен пиғалы таза ғалым, ақын, жазушы, қалам ұстағандар мен мәдениет саласының өкілдері атақ үшін емес, өз ұрпағының келешегіне шынайы жүрегі ауыратындар ойлануы қажет.
Өздерінің жеткен бигіне масаттанбай, жастарды да сол деңгейге жеткізу үшін қатардағы белсенді азаматтарға қолдау көрсетіп, пікірлеріне баға беріп ынталандырып және сол ойлардың деңгейін ғылыми негізде жетілдіріп отырған абзал. Сонда ғана халықтың ортақ пікірлері тудырған жаңа сана қалыптасып, қоғамның дамуына ықпал етеді. Бұл үрдіс қазіргі халық пен билік ара-қатынасында орын алған кемшіліктерден арылып, қоғамның дамуына ықпал етер еді. Осы үрдістің дамуында ерекше көңіл бөліп, еске сақтайтын мәселе бар. Ол – азаматтар өз пікірлерін жазғанда ойдан шығарған дәлелсіз, әсіре мадақ пен негізсіз сын араласқан, адамдардың ара-қатынасына көлеңке түсіретін, қазақ халқының бірлігіне зиян әкелетін қателер жіберуден сақтануы қажет. Үнемі ойда сақтап, ескеретін жағдай, қазіргі ақпарат дамуының ғылыми жетістігі өскен заманда, бұрынғыдай адамдардың пікірлері тек аймақтың ғана, не өз елінің аумағында қалмайды. Ол бүкіл әлем елдеріне тарайтынын ескеру керек. Сондықтан біз өз халқымыздың атына кір жолатпауды ойлауымыз керек. Өз халқының намысын қорғау – әр қазақтың қасиеттейтін борышы. Біздің халқымыздың атадан қалған қасиеті – олар әрқашан да өз ішіндегі қателерін шетке шығармай, аяусыз сынап түзетіп отырған. Соны ұмытпауымыз қажет. Ата-бабамыз ұрпағын өзінің ана тілінің даналық сөзімен тәрбиелеген. Ал тектік (генетикалық) жадтың қасиеті, ұрпақ үшін бабалардың даналығын мәңгі сақтап, келесі ұрпақтың дамуына ықпал етіп отырады. Жадтың кілті әр халықтың өз ана тілінде. Ұққан адамға, қазақ тілінің әр сөзінің басқа жұрттың тілінде жоқ ерекше айырмашылығы – оның мағынасы тыңдаушыны даналыққа, терең ойлауға, парасаттылыққа жетелеп, адамның ішкі дүниесінің тебіренуіне қуат әкелетін қасиетінде. Қазір еуроцентризм негізінде тәрбие, білім алғандықтан біздің қазақ тілінің сөз байлығын ескермей, ұқпай қазақша сөйлеуіміз, батыс стилімен баяндаған сияқты келте ой тудырмайтын нұсқау, бұйрық сияқты қабылданады. Яғни көп сөздердің маңызды мағынасы адамды ойландырмайды. Оны өзіміз сезбейміз. Өйткені жетпіс жылғы тіл ассимилияциясы халқымызды осы деңгейге түсірген. Соның салдарынан тілімізде қолдан жасалған мазмұн-мағынасы жоқ сөздер өріп жүр. Оның түбі рухани азуға әкелді деген ауыр шығар, аяғы халқымыз өз рухынан айырары шындық. Бұл бағытта арнайы талдаулар мен терең ғылыми пікірлер қажет деп санаймыз.
Менің осы ойымды көп ағайын ұқпауы да мүмкін. Бірақ өмір талабы қазақ шын тәуелсіз, азат ел болам десе, өз тілінің қасиетін қайта туғызуы қажет. Өз тілін екінші орынға қою – өзіне өзі түкірген, құлмінезге ғана тән кеудесоқырлық. Қазақ ортақ тіл болмаған қоғамда ешқашан бірлік болып ғылыми, экономикалық, әлеуметтік дамып, рухани жетілу болмайды. Өйткені адамды адам етіп, адамзат өркениетіне жетелеген – Тіл. Қазақ халқының өмірінде ежелден сөз қасиетін қадірлеу үлкен орын алған, қандайда болсын дау-тартыс, өкпе-реніш ушықпай билер мен аузы дуалы ақсақалдар алдында сөзге тоқталып, ақылмен шешіліп отырған. Халқымыз үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық жасауды ұстанған. Қазақта сөзге тоқтап, күшпен емес, даналық сөзімен жеңгенді құрметтеген. Қазақта «Аталы сөзге арсыз жауап қайтарар» деген дана сөз бар. Адамдардың ар мен ұятты ұмытпауды ойлау, өмірдің қыр-сырларын ұғу, өзінің табиғи дарынын жетілдіру мен бойындағы кемшіліктерінен тазаруы – оның отбасынан алған тәрбиесі мен өмірдегі қарым-қатынасқан ортасына байланысты қалыптасады. Ондай деңгей жарлықпен, оқытумен қалыптаспайды, тек тәрбиеден туады. Баланы шыр етіп жерге түскеннен бастап ақыл кіретін жасқа (12-13 жас) дейін ана тілмен тәрбиелесе ғана өзінің тектік (генетика) жадының қасиетінен ажырамайды.
Бала өсу кезінде алған тәрбиесі арқылы өз тегінің адами табиғи касиетін сақтап қалыптасып, өз халқының рухы мен рухани құндылығын қадірлеп, меңгереді. Ол өмірінде қанша ұзақ жылдар басқа алуан тіл әлемінде өмір сүрсе де, ана тілін қайта меңгеріп, тегінің жадын пайдалану қасиетін сақтайды. Ал нәресте кезінен бастап таза ана тілінде ойламай тәрбиеленген бала өз тегінің жадын табиғи дарынын толық жетілдіруге пайдалана алмайтыны – табиғи заңдылық. Адамның өмірі ешбір біліммен, жаттығумен және жеткен байлық, дәулет, мәнсап және атақ деңгейімен өлшенбейді. Адамның аты тірі кездегі ісі мен ар тазалығын сақтап, келесі ұрпаққа қалдырған адами қасиетімен өлшеніп, бағаланады. Оның тарихта халық құрметтейтін аты қалып, жылдар, ғасылар өтсе де ұмытылмауы тіршілікте патша, президент, ғалым, ақын, жазушы министр, бай, кедей болып өмір сүргенінде емес. Адамның тарихта атының мәңгі жасауы тек қана ұрпағына, халқының келешегіне қалдырған лайықты ісімен өнеге қалдырған адами қасиетіне тікелей байланысты болуы – өмірдің табиғи даму заңдылығы екені ақиқат. Оны ешбір заң, жарлық, марапат, дәулет, атақ пен күш өзгерте алмайды.
Өмір заңдылығы тірісінде ары таза, жүрегі өз елінің намысы деп соққан, тіршілікте адалдық пен ынсапты бағалап, қанағатпен өмір сүріп, жұртына істеген қызметіне атақ пен мадақ тілемеген, пендешліктен аулақ жүргендер халқының есінде қалады. Сондықтан біз жастардың санасын уландыратын ақпараттардан аулақ болуды үйренейік. Ұрпақтың санасын не уландырады? Міне, осыны ұғу қажет. Өз тілін білмеген халық ешқашан да басы бірігіп, ел болмайды. Халқымыздың бақыты бірлігінде – соны нығайтайық. Ең үлкен қателік – Тәуелсіздік алғаннан кейін халқымыздың бодандық кешкен заманынан арқалап келген құлдық мінез қалыптасқан санасын өзгертуді ойламауы, жаңа қоғамдық сана қалыптастырмауы деп білеміз. Соның салдарынан отыз бес жыл ішінде саналары – арын сатып баюды, жемқорлық, парақорлық, рушылдық, жершілдік пен тамыр-танысты пайдаланып атақ-мадақ, мәнсап жинап, ұлтының мүддесінен гөрі өзінің күйкі тіршілігін ойлағандардың асығы алшы түсіп, адасқандар көбейді.
Ел мен жердің келешегіне зиян әкелетін осы үрдістен құтылу үшін ортақ істі ірітетін осы кемшіліктерден ада болған жөн. Жікшілдікке әкелетін жолды тазалауды ойы терең, ары таза азаматтар қолдап, елдің арасын сына қақтырмайтын деңгейге жетуді ойлайық. Сонда ғана, халықтың үні салмақты болады. Ойы тазаның – ары таза, пиғылы тазаның жаны таза болса, ел бірлігі қоғамды алға сүйрейтін деңгейге көтеріледі. Өзіміз өзгерсек, қоғам өзгереді.
Болат ДҮЙСЕМБІ, экономист-саясаткер, публицист, ҚР Журналистер одағының мүшесі