Кен бізде, қосылған құн неге шетелде? – Олжас Нұралдинов
2026 ж. 29 қыркүйек
3871
2
«Ақ жол» демпартиясы Қазақстан экономикасының шикізаттық бағыттан арылып, жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге және экспорттауға көшуі қажет екенін тағы да көтерді.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.
Осы мәселе бойынша Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демпартиясының өкілі Олжас Нұралдинов ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Н.М. Налибаевқа депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан табиғи ресурстарды өндірумен және бастапқы өңдеумен ғана шектелмеуі тиіс. Негізгі мақсат – ел ішінде барынша жоғары қосылған құн қалыптастырып, технологиялық өндірістерді дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және дайын өнім экспортын ұлғайту.
Экспорттың басым бөлігі әлі де шикізатқа тәуелді
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан экспорты шамамен 51 млрд долларды құраған. Оның 48 пайыздан астамын мұнай мен мұнай өнімдері құрайды.
Сонымен қатар Қазақстан алюминий, темір, болат, мырыш, қорғасын, хром және басқа да металлургиялық өнімдерді едәуір көлемде экспорттап отыр. Алайда олардың басым бөлігі төмен өңдеу деңгейіндегі тауарларға жатады.
«Осыған байланысты заңды сауал туындайды: кен өндіріліп, бастапқы металл алынғаннан кейін ел ішінде оның қандай көлемдегі қосылған құнын қалыптастырамыз?» – деп атап өтті Олжас Нұралдинов.
Депутат мыс өндірісін мысалға келтірді. Оның пікірінше, мыс шикізатын немесе төмен өңдеу деңгейіндегі өнімді экспорттаумен шектелмей, кабель, электротехникалық бұйымдар, машина жасау бөлшектері және одан әрі өңдеу сатыларындағы өнімдерді Қазақстанның өзінде өндіру мүмкіндіктерін кеңейту қажет.
Алюминий саласында да ұқсас жағдай қалыптасқан. Мәселен, 2025 жылы алюминий экспорты 765 млн долларды құраса, оның 70 пайыздан астамы бастапқы алюминийдің үлесіне тиесілі болған.
Бұл жағдай шикізат пен металдың Қазақстанда өндірілгенімен, олардың кейінгі өңдеу кезеңдеріндегі қосылған құнның, технологиялар мен жұмыс орындарының едәуір бөлігінің елден тыс жерде қалыптасатынын көрсетеді.
Президент: «Бұл тәжірибеге нүкте қойылуы керек»
Шикізатты терең өңдеу мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет көтерген.
2026 жылғы 10 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент металлургия экспортының жартысынан астамы төмен өңделген өнімдерге тиесілі екенін атап өтіп, Қазақстанның бастапқы өңдеу өнімдерін экспорттап, жоғары өңдеу деңгейіндегі тауарларды импорттауын парадокс деп бағалаған.
Мемлекет басшысы жоғары өңделген өнім өндіру және оны экспорттау шикізатты сыртқа сатудан коммерциялық тұрғыдан әлдеқайда тиімді болуы тиіс екенін атап көрсетті.
Осыған байланысты Олжас Нұралдинов бұл бағытта жаңа міндеттер қоюдан гөрі, Мемлекет басшысы айқындаған саясатты нақты жобалармен, экономикалық тетіктермен, көрсеткіштермен және мерзімдермен қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.
«Ақ жол» Үкіметке нақты шараларды ұсынды
Депутаттық сауалда Үкіметке экспорт құрылымын өзгертуге бағытталған бірқатар нақты ұсыныс жасалды.
Атап айтқанда, металлургиялық өнімдердің негізгі түрлерінің экспортын шикізат, төмен, орта және жоғары өңдеу деңгейіндегі өнімдер бойынша жіктеп, жан-жақты талдау жүргізу ұсынылды.
Сондай-ақ мыс, алюминий және басқа да стратегиялық металдар бойынша Қазақстанда өндіруді жергіліктендіруге болатын кейінгі өңдеу сатыларындағы өнімдердің нақты тізбесін айқындау қажеттігі көрсетілді.
«Ақ жол» депутаттары мұндай өндірістерді дамытуға кедергі келтіретін факторларды да анықтауды ұсынды. Олардың қатарында электр энергиясы мен инфрақұрылымның құны, қаржыландыруға қолжетімділік, салықтық және кедендік реттеу, сондай-ақ отандық өнімнің мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қолжетімділігі бар.
Бұдан бөлек, экспорттағы орта және жоғары өңдеу деңгейіндегі өнімдердің үлесін арттыру бойынша нақты көрсеткіштер мен оларға қол жеткізу мерзімдерін белгілеу ұсынылды.
Депутаттық сауалда жақында ұлттық инвесторлардың бақылауына өткен мыс, алюминий және басқа да стратегиялық металдарды өндіретін тау-кен металлургия компанияларына ерекше назар аударылды.
«Ақ жол» бұл кәсіпорындарға терең өңдеу өндірістерін құруға, шикізатты сыртқа шығарудан жоғары қосылған құны бар дайын өнім өндіруге көшуге бағытталған кешенді мемлекеттік қолдау қажет деп есептейді.
Олжас Нұралдиновтың айтуынша, Қазақстанның табиғи ресурстарға бай болуы ел экономикасының артықшылығы болып қала беруі тиіс. Бірақ бұл артықшылықтың негізгі нәтижесі шикізат экспортынан түсетін табыспен ғана шектелмей, Қазақстанның өзінде қалыптасатын қосылған құн, жаңа технологиялар, өндіріс орындары және тұрақты жұмыс орындары арқылы көрінуі керек.