ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ ҚОСАНОВ ОРНЫНАН БОСАТЫЛДЫ

ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ ҚОСАНОВ ОРНЫНАН БОСАТЫЛДЫ

Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Жұматайұлы Қосанов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымынан босатылды.

Маңғыстаудағы қайғылы оқиға болған күні “Мұндай 19 сарбаз бейбіт күнде жауапсыздықтан суға кетіп, 14 адам, бір взвод сарбаз қаза тапқан ауыр қайғылы оқиғадан кейін Қорғаныс министрі мен тікелей жауапты Әскери-теңіз күштері қолбасшысы офицерлік һәм азаматтық ар-ұжданы болса, өздері отставкаға кетуі керек!

Әскери тергеу әділ өтіп, кінәлілер қатаң жазалануы тиіс!

Жалпы, Қорғаныс министрлігін түбірімен түгел тексеріп, реформалау қажет!”-деп жазған едік.

Әлеуметтік желіде жаппай “Қорғаныс министрі орнынан кетсін” деген талап қаптап кетті! Сол кезде-ақ Қорғаныс министрі өз еркімен Мемлекет басшысынан отставка сұрап, бейбіт күнде ажалға айдаған бұйрықтың кесірінен қаза тапқан 14 сарбаздың әруағына тағзым етіп, ұлдарын сағынып, құшағына басқалы отырғанда мырыш табытты құшақтап қалған ата-аналарынан кешірім сұрауы тиіс еді ғой?!.

Бізде қашан Президент орнынан алып тастағанша жабысып отырып алады?!

Дамыған елдерді айтпай-ақ қояйық, осыдан оншақты жыл бұрын Латыш елі астанасы Ригада бір құрылыс нысаны құлап, бірнеше құрылысшы қаза тапты. Сол заматта түске дейін Рига қаласының мэрі өз еркімен отставкаға кетті. Ал кешке дейін бүкіл үкімет отставкаға кетті…

Міне, жоғары азаматтық жауапкершілік деген қайда жатыр?!.

Енді Президент жарлығымен құрылған Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру нәтижелі болсын деп тілейік.

Ел аман, жұрт тыныш болсын.

Қазыбек ИСА,

Қазақ үні