Өнеркәсіпті дамыту – нақты істерден басталады
2026 ж. 09 шілде
65
0
Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы үшін шикізат өндірумен ғана шектелмей, оны ел ішінде терең өңдеп, дайын өнім шығаруға басымдық беру қажет. Өнеркәсіпті дамыту – жаңа жұмыс орындарын ашудың, экспортты ұлғайтудың және экономиканы әртараптандырудың басты жолы.
Бұл бағытта бірнеше нақты қадам қажет.
Біріншіден, отандық өндірушілерге ұзақ мерзімді әрі төмен пайызды несие беру керек. Өндіріс ашқысы келетін кәсіпкерлер үшін қаржының қолжетімді болуы – негізгі мәселе.
Екіншіден, өнеркәсіптік кәсіпорындарға қажетті жер, электр энергиясы, газ және инфрақұрылым мәселесін жеңілдету қажет. Кәсіпорын жылдар бойы құжат жинап емес, қысқа мерзімде өндірісін бастауға мүмкіндік алуы тиіс.
Үшіншіден, мемлекеттік сатып алуда қазақстандық тауар өндірушілерге нақты басымдық берілуі керек. Мемлекет миллиардтаған теңгеге тауар сатып алады, сол қаражаттың мүмкіндігінше көп бөлігі отандық кәсіпорындарда қалуы қажет.
Төртіншіден, салық және кеден саясаты дайын өнім шығаратын кәсіпорындарды ынталандыруы тиіс. Шикізатты экспорттаудан гөрі, оны өңдеп, қосылған құны жоғары өнім өндіру тиімді болуы керек.
Бесіншіден, әр өңірдің ерекшелігіне сай өнеркәсіптік кластерлерді дамыту қажет. Бір өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, екінші аймақта машина жасау немесе құрылыс материалдарын өндіру бағыттарын жүйелі қолдау маңызды.
Күшті өнеркәсіп – тек экономикалық көрсеткіш емес. Ол тұрақты жұмыс орны, мықты орта бизнес және Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігі.
Г. Садық,
Қазақ үні